• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:55

«Agrofest» ауылды дамытуға серпін береді

20 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданына қарасты Сұлукөл ауылында республикалық ауқымдағы маңызды оқиға – «Agrofest Batys – 2025» мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі өтті. Биылғы фестивальға 40-тан аса ауыл шаруашылығы ұйымы қатысқан.

Ашық аспан астындағы көрмеде ауыл шаруашылығына қажетті тех­ника, заманауи технология құрал­дары қойылған. Сондай-ақ асыл тұқым­ды мал, өсімдік пен жануарларды қорғау бағытындағы жаңалықтар да келушілердің зор қызығушылы­ғын тудырды.

«Мемлекет қазір ауқымды мәлі­меттер базасын жасақтады, бұл бизнес-шешімдерді дамытып, жаңа сервис пен IT-өнімді дамытудың негізі болмақ. Біз агроөнеркәсіп кешенінде негізгі бағыттардың есебін өз мойнымызға алып отырмыз. Сол арқылы бірыңғай мемлекеттік мәліметтер базасы қалыптасады», дейді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов.

Қазақстан тұқым өндірушілер қауымдастығының төрағасы, майлы дақыл­дар тәжірибелік шаруашы­лығы­ның бас директоры Фарид Абитаев өзі басқаратын ғылыми зерттеу институт­­тың 60 жылдан бері осы салада табысты еңбек етіп келе жатқанын айтады.

«Біздің институт кеңес кезінде Қазақстанның солтүстік өңірі мен Оңтүстік Сібір аумағында табиғат жағдайына бейімделген күнбағыс тұқымын шығару үшін құрылған екен. Осы уақыт ішінде 4 мыңнан аса генетикалық желіні зерттеп, қайталанбас генетикалық база жасақтадық. Ұжым тек ғылыми тұрғыдан емес, өндірістік жағынан да, мамандар сапасымен де үлкен әлеуетке ие. Өте сапалы отындық күнбағыс тұқымдарын дамытып, бүкіл елді қамтамасыз ете аламыз», деді Фарид Абитаев.

Ғалым оралдық фермерлерге күздік дақылдардың гектарынан тұрақты түрде 25-30 центнер өнім алуға болатынын, ол жаздық дақылдармен салыстырғанда 2 есе көп екенін айтып, кеңес берді. Тек ол үшін технология сақталуы керек, сапалы тұқым, сауатты агротехнология және аздаған тыңайтқыш қажет. «Қыс кезінде арамшөп өспейді, егіс зиянкестері ұйықтап жатады. Тек көктемде егіс алқабындағы арамшөпті жою үшін нақты шараларды жасау керек. Сан жылғы тәжірибеде дәлелденген технологияны қатаң сақтамай, табысқа жету, мол өнім алу мүмкін емес», дейді Фарид Абитаев.

Фермерлер көрмеге қойылған ауыл шаруашылығы техникаларын іс жүзін­де тексеріп көруге де мүмкіндік алды. «Agromash» зауыты маркетинг бөлімі­нің жетекшісі Батыр Оспанов былтырдан бері зауыт әйгілі әлемдік өнім шығарушылармен бірігіп тұқымсепкіш, тыңайтқыш шашқыш қондырғылар шығара бастағанын айтады. Көрмеге зауыттың жаңа өнімі – 145 ат күші бар «Lovol» тракторы, «Lovol GK120» маркалы роторлы комбайны қойылған. Айтпақшы, аталған комбайн былтыр да көрмеде көпшіліктің қызығушылығын тудырған екен.

1930 жылдары дәл осы Ақжайық өңірінде пайда болып, бүгінде қазақ жеріне кеңінен тараған ақбас сиырдың 25 бұқасы осы көрмеге жеткізіліпті. «Ілбішін» ЖШС байқауға 6 бұқа қосса, Абай облысынан келген «Дәурен» шар­уа қожалығы алыстан 4 бұқа жеткі­зіп­ті. Жарма ауданынан келген шаруа қожалығы жетекшісі Нұртуған Манап та 4 бұқа әкелген. Айта кетейік, көрмеде 4 бұқаның 2-еуі Ақтөбе облысына, 1-еуі Абай облысына сатылып кеткен. Ал енді 1 бұқаны оралдық «Сәбит» шаруа қожалығы 2,8 млн теңгеге сатып алыпты.

Байқауда 18 айға дейінгі тайөгіздер арасынан батысқазақстандық «Ораз» шаруа қожалығының «Аритал» атты бұқасы, «Сәбит» ШҚ-ның «Ник» ныс­пылы бұқасы және Абай облысынан келген «Дәурен» қожалығының «Шойын» атты бұқасы жүлдегер атанды. 18 айдан асқан бұқалар арасында жүлдені «Ілбішін» ЖШС-ның «Қорған» атты бұқасы, «Шонайбеков» ШҚ-ның «Классик» бұқасы және «Сәбит» ШҚ-ның «Воск» атты бұқасы бөлісті. Бұл байқаудың жүлдесі автокөлік, мотоцикл және теледидар секілді құнды бұйымдар болғанын айта кетейік.

«Мал шаруашылығына мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп жатыр. Республика бойынша жыл са­йын 100 млрд теңгеге жуық субсидия бөлінеді. Бұл қаражат асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, яғни мал сатып алуға, мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді арзандатуға беріліп жатыр. Одан бөлек жеңілдетілген несие­лер бар. Биыл енгізілген жаңалық – мал өсіруші шаруаларға жылдық мөл­шер­лемесі 5%-бен несие беріледі. Бұл бордақылау алаңдарының айналымдық қаражатын толықтыруға арналған. Мал шаруашылығының ет бағыты бойынша асыл тұқымды ірі қара мал және ұсақ қара мал сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын жеңілдетілген несие беріледі. Батыс Қазақстан облысы – мал шаруашылығы өте жақсы дамыған облыстың бірі. Биыл қазақтың ақбас сиыр тұқымына 75 жыл толып отыр. Бұл тұқым осы облыста зерттеліп, бүгінде елдің мақтанышына айналды. Атакәсіпті дамытып жүрген фермерлерді осы айтулы датамен құттықтаймын», дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаменті дирек­торының орынбасары Ерлан Ілиясов.

Шара барысында үздік мамандарға Ауыл шаруашылығы министрлігінің марапаты – министрліктің Құрмет грамотасы мен облысы әкімінің Алғысхаты табысталды.

 

Батыс Қазақстан облысы