Күзден бастап Еурокомиссия жаңа EES цифрлық шекаралық бақылау жүйесін орнатады. Жүйе төлқұжат орнына пайдаланылады, атап айтқанда, туристің Шенген аймағында болу ұзақтығын автоматты түрде бақылайды.
Жаңа жүйе осы жылдың 12 қазанынан бастап, келесі жылдың сәуіріне дейін жұмыс істейді.
EES (Entry/Exit System) Еуропалық Одақтың орталықтандырылған биометриялық ақпараттық жүйесі, Шенген аймағының шекарасын кесіп өтетін үшінші ел азаматтарының кіру, шығу (кез келген 180 күндік кезең ішінде 90 күнге дейін) және кіруден бас тарту фактілерін автоматты түрде тіркеуге арналған. Бұл цифрлы жүйе дәстүрлі төлқұжат мөрінің орнына қолданылады.
«EES шекарадан өту күні мен орны, өту санаты (кіру/шығу/бас тарту), биометриялық деректер (12 жастан асқан адамдар үшін саусақ іздері және бет әлпеттің суреті), жеке басын куәландыратын құжат (паспорт) секілді деректерді жинап, сақтайды. Мұндағы ақпарат үш жылға дейін сақталады. EES визасы бар, визадан босатылған азаматтарға да қолданылады және ЕО көші-қон ережелерінің сақталуын бақылауды күшейтуге бағытталған», делінген Еуропалық комиссияның ресми сайтында.
EES жүйесін Еуроодақтың Ирландия мен Кипрден басқа барлық елдері қолданады. Сондай-ақ ЕО құрамына кірмейтін, бірақ Шенген аймағын бөлісетін Норвегия, Исландия, Швейцария, Лихтенштейн жаңа жүйені пайдаланады. Жалпы 29 ел осы жүйеге қосылмақ.
Негізі бұл цифрландырылған жүйе өткен жылдың қарашасында іске қосылады деп жоспарланған. Германия, Франция, Нидерланд секілді елдер дайын болмай, кейінге шегерілген. Мұны іске асыру әр елдің логистикалық және техникалық дайындығына байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. «Шекара органдары шекарадан өткен үшінші ел азаматтарының деректерін кезең-кезеңімен тіркеп, EES барлық шекаралық өткізу пункттерінде толығымен орналастырылады», деп түсіндірді Брюссельде Еурокомиссияның көші-қон мәселелері жөніндегі комиссары Магнус Бруннер.
EES ЕО-ға кірмейтін елдердің барлық азаматтарына, соның ішінде визасыз кіре алатын АҚШ, Ұлыбритания, Сербия, Грузия секілді елдердің азаматтарына қатысты. Тәртіп бұзатындарға келесі жолы Шенген аймағындағы елдерге кіруге тыйым салынуы мүмкін.
Осылайша ЕК құжаттар мен жеке басын куәландыратын алаяқтық жағдайларын жүйелі түрде анықтап, заңсыз көші-қонның алдын алуға, ЕО азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді деп сенім білдіріп отыр. Сондай-ақ ЕК саяхатшылардың жеке деректерін қорғауға кепілдік беріп, құпиялылық қатаң сақталады деп мәлімдеді.