Астанада Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Тәжікстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Хоким Холикзоданың тең төрағалығымен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Тәжікстан Үкіметаралық комиссиясының 19-отырысы өтті.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Роман Скляр Үкіметаралық комиссия Қазақстан мен Тәжікстанның өзара іс-қимылының маңызды құралына айналғанын, оның күн тәртібінде екіжақты қатынастарды одан әрі тереңдетудің, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың, сондай-ақ инвестициялық әлеует пен өңіраралық байланыстарды кеңейтудің маңызды мәселелері бар екеніне тоқталды.
Өз кезегінде Хоким Холикзода бұндай маңызды жиын сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда қарқынды дамып келе жатқан, екіжақты қатынастардың дамуына жаңа серпін беретінін айтты. Сонымен қатар отырыста сауда, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ көлік пен логистика саласындағы өзара іс-қимылды дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Роман Скляр комиссияның жұмысы, ең алдымен, алдағы жоғары деңгейде өтетін кездесулерді мұқият дайындауға бағытталуға тиіс екеніне айрықша көңіл бөлді. Тараптар қабылданған шешімдер өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға және тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді. Отырыстың қорытындысы бойынша тиісті хаттамаға қол қойылды.
Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның кезекті 20-отырысы келер жылы Тәжікстанда өтеді.