Жаздың ортасында Жезқазған қаласында ағаш жапырақтарының қурап, сарғайып түсіп қалғанының куәсі болдық. Жасыл желектің күзге жетпей, семіп қалғаны алаңдатпай қоймайды.
Өңірдің табиғаты мен топырағының қыр-сырын біліп, ағашқа жаны ашитын бір маман болса, ол «Питомник» жобасының жетекшісі Ерлан Махметұлы. Алматы тұрғыны болғанымен, Жезқазған қаласының тумасы. Кеңес өкіметі құлағалы бері Ұлытау өңірінде тәлімбақ деген болмаған. Ерлан Махметұлы болса, Қырғызстаннан жер алып, сол жақта тәлімбақ ашқан. Өзі осы Арқаның азаматы болған соң, туған топырағына қызық-қуанышқа жиі келеді. Сол кезде қурап, шіріген ағашты көріп, жаны ашып, елді көгалдандыруды қолға алады. Тәжірибелі маман алдымен осы өңірдің ауа райына, топырағына қандай тал егуге болатынын зерттейді. Ол екі-үш жыл бұрын көршілес Қырғызстаннан маман әкеліп, Ұлытау өңірінің топырағын алып, сол елдің солтүстік аймағына апарып, тал егіп көреді. Бұл облыста терек, ірі жапырақты қарағаш, үйеңкі, тяньшань шыршасы, көгілдір шырша, қырым қарағайы сияқты 6-7 тал өсетініне көз жеткізеді. Зерттеп алған соң Ерлан Авбаширов Ұлытауға тәлімбақ ашады. Онда қазір 50 мың түп ағаш бар. Мақсаты туған топырағын – жасыл желекке бөлеу.
Былтыр Ұлытау ауданының орталығына отырғызған талдары ауа райына бейімделді. Күтімі оңай емес, жеткізуі, отырғызуы, дәрілеуі бар. Оны күтіп-баптайтын жұмыскерлері, мамандары бар. Айтқандай, мамандарды келісімшартпен шақыртып алдырады. Осыған жарты миллиард теңге ақша салды. Ұлытау ауданындағы №1 орта мектептің, музейдің, «Сапар» орталығы, тағы басқа да мекемелердің алдына тал екті. Ұлытаудың 85 жылдығына 200 түп талды мекемелерге таратты. Оны сатып алған мекемелерге отырғызып, күтімін жасады. Бүгінде жайқалып өсіп тұр.
Кейбір жергілікті тұрғындар ағаш ексе өзі өсе береді деп ойлайды. Мүлдем олай емес. Біз көрген талды еккенге бір жарым ай болыпты. Түйіндеп, гүлдеп тұр. Бір шелек суды лақ еткізіп құя салмайды, мөлшермен суарады. Екі күнде бір суару керек. Бүкіл қылқан жапырақты ағашты тамшылатып суарады. Оның күтімін Ерлан Махметұлы бақылауда ұстап отыр. Дұрыс суармаса, тал да өліп қалады. Қарамағында көзін ашқаннан бері осы кәсіппен айналысқан он бағбаны бар. Бірі талды отырғызады, бірі суарады.
Ерлан Махметұлы Жезқазған қаласында ағаш отырғызып, күтімін қолға алсам деп орынды ұсыныс айтып жүр. Облыс әкімі Дастан Рыспековке «Мемлекет басшысы қоғамда экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялау маңызды екенін айтып өтті. Өзіміз тұрып жатқан қаланың бүкіл талын тазартайық. Жаңа тал отырғызайық. Маған 3 мың түп талға келісім берсеңіз, мен сізге 300 түп артық отырғызып берейін», деп өз ұсынысын білдіреді. Әкім «жақсы» деп қысқа қайырғанымен, бұл мәселе аяқсыз қалады.
Жақында Е.Авбашировтың мамандары «Ұлытау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшылығының ұсынысымен жасыл желекті тамшылатып суару жобасын жасау үшін Жезқазған қаласы көшесіндегі ағаштарды тексерістен өткізді, 45 пайызы өліп қалған екен. «Жастар» саябағында биыл отырғызған талдар өспей қалған. Қаладағы жеті көшедегі шіріген талға ем-дом жасау керек. Себебі әктеу жұмыстары жасалмайды. Ерланның айтуынша, ағаш күтіміне кешенді жоба жасау қажет. Жобаға ағашты суарып ғана қоймай, қураған талды жойып, шіріген тұсын кесіп тастап, қалған жерін емдеу, сынып, құлағалы тұрған ағаштарды алып тастап, орнына жаңа тал егу кіреді. Егер қоршаған ортадағы адамдардың қауіпсіздігі, денсаулығы маңызды болса, жасыл желектен қаржыны аямаған жөн.
– Тамшылатып суару мәселесі жөнінде кеңеспек болып, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Ахмет Сыздыманов, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Аслан Арынов, «Ұлытау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысы Алмаз Жандарбеков мені Zoom-ға қосылыңыз деп, онлайн кездесуге шақырды. Басында тамшылатып суару әдісі жобасын жасайық деп өздері ұсыныс жасаған еді. Біз жоба дайындадық, оған жұмсалатын қаражатты да есептеп шығардық. Қысқасы, бізде облысқа жететін 50 мың түп тал бар. Жұмыс істесек, бастайық дедім. Жасыратыны жоқ, екі жылдан бері осы өңірді көгалдандырайық деп салаға жауапты адамдарға құлаққағыс етіп, шаршадық. Ұсынған жобам қолдаусыз қалды. Тендер ұтып алған мердігерлер осы өңірдің табиғатын, топырағын ескермей еккен талы өліп қалып жатыр. Ал маған қазір басқа облыстан ұсыныс түсіп, шақырып отыр, – дейді Е.Авбаширов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек», деп қадап айтты. Ендеше, жыл сайын көгалдандыруға бөлінетін қомақты қаржыны неге тиімді жұмсамасқа? Халықтың қамын ойласақ, жасыл желекті көбейткен жөн.
Ұлытау облысы