• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 08:45

Қамба дәнге толар күн жақын

80 рет
көрсетілді

Былтыр 6,2 млн тонна астық жинап, ел бойынша рекордтық нәтиже көрсеткен Солтүстік Қазақстан облысының диқан­дары­ның қарқыны биыл да тәуір. Себебі өңір басшылығы осын­дай айтулы жетістікке бас­тайтын мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдаланып жатыр.

26,7 миллион тонна дақыл жиналды

Мәселен, егіс көлемі әртараптан­дырылып, биыл майлы дақылдарға молырақ орын тиді. Бұл Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өндірісін 5 жылда 2 есеге арттыру туралы тапсырмасымен ұштасады. Жалпы, осы жылы 4,3 млн гектар жерге дән сіңірілсе, соның 3 млн гектары дәнді, қалған 1 млн гектардан артығы майлы дақылдар.

Былтыр қараша айында болған Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойын­ша көш басындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қам­­бамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терімде 26,7 миллион тонна да­­қыл жи­налды.

Бұл – кейінгі он жыл­дағы рекорд­тық көрсеткіш», дей келіп, ал­дағы уақытта агроөнеркәсіп кеше­нін қар­жыландыруды жүйелі жүр­гізуді, саланы индустрияландыруды бел­сенді түрде жалғастыруды, ауыл шаруа­шылығы ғылымын өркендетуді, селекция мен тұқым шаруашылығын жандандыруды, озық технологиялар енгізуді, ауыл шаруашылығы техникасының қолже­тімділігін арттыру және агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін күшей­туді тапсырған еді.

«Президент тапсырмалары қалай орындалып жатыр?» деген сауалдың жа­уабын жуырда Мамлют ауданындағы «Ұлы дала астығы» атты орақ алдын­да­ғы облыс ауыл шаруашылығы еңбек­керлерінің семинарында естідік. Семи­нар жұмысына облыс әкімі Ғауез Нұр­мұхамбетов, Ауыл шаруашылығы минис­трінің орынбасары Аманғали Бердалин, аудан әкімдері, шаруашылық басшылары, ғылыми орта, мемлекеттік органдардың өкілдері және көрші елдердегі әріптестер қатысты.

 

Биылғы орақтан не күтеміз?

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің айтуына қарағанда, биылғы көктем бірқалыпты болған жоқ. Мамыр айында ғана климат­тық норма бойынша түсуге тиісті 31,8 мм жауын-шашынның орнына 73 мм ылғал түсіп, дәл егіс уақытында қалың батпақ­тан техникалар егіске кіре алмай қалды.

«Соның кесірінен техникалар қаң­тарылып, егіс уақыты созылып кетті. Соған қарамай облыс диқандары әрбір сәтті кезеңді ұтымды пайдаланып, егісті аз уақытта аяқтай алды. Күні бүгінге дейін астықтың өсіп-жетілуі уақытында об­лыс­тың кейбір аймақтарында 115-тен 286 мм аралығында жауын-шашын бол­­ды. Қалыптағы норма 148 бен 204 мм ара­лығында болатын. Ал Айыртау, Есіл, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов, Ақжар және Уәлиханов аудандарында маусым айынд­ағы жауын-шашын 58-72 мм ара­лығында ғана болды. Басқа аймақтарда ылғал­дың үздіксіз болып тұрғаны өскін­нің қа­лыпты өруіне септесті. Бірақ жылы­лық пен ылғалдың кесірінен түрлі зиян­кес­тің өрістеуіне мүмкіндік туып, диқан­дарға көптеген егістік алаптарын кемінде үш реттен химиялық қоспалармен өңдеуге тура келді. Бүгінгі таңда барлық егіс алқаптарының 90 пайызы жақсы күтілген жағдайда. Алдын ала жасалған агрометеорологиялық жағдайды ескере отырып биыл астықтың әрбір гектарынан 14-17 центнерден, ал майлы дақылдардың әр гектарынан 10 центнерден өнім алармыз деп болжап отырмыз», дейді М.Тасмағанбетов.

 

Жетістікке жеткізетін алғышарттар

Жақсы нәтижеге қолжеткізу үшін де алғышарттар керек. Оны алдымен Үкі­мет, сосын жергілікті билік тарапынан бөлінетін қаржылай қолдау арқылы жүзеге асыруға болады. Әлемнің барлық дамыған елдері ауыл шаруашылығына арнайы несиелер мен жеңілдетілген субсидиялар береді. Еліміз де кейінгі 2-3 жылда бұл істі қалыпты жағдайға айналдырып, шаруаларды қолдайтын тиімді тетіктер енгізді. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл еңбеккерлеріне бұрын болмаған көлемде қаржылық қолдау көмегі жасалды. Біздің облысқа ғана «Кең дала-1» және «Кең дала-2» бағдарламалары бойын­ша 97 млрд тең­ге қолдау қаражаты бөлінді. Бұл был­тырмен салыстырғанда 2,5 есе ар­тық, тіпті еліміздегі ең жоғары көрсет­кіштердің бірі десе де болады.

«Мемлекет аграршыларға жүйелі қолдау көрсетіп келеді, жеңілдетілген несиелеуден бастап қайта өңдеуді ынта­ландыруға және сыртқы нарыққа шығуға дейін үзіліссіз көмек жасалып жатыр. Егіс және орақ науқаны жұмыстарына 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қар­жыландыру қарасты­рылды. Бұған дейін бұл мақсатқа 70 млрд теңге бөлінсе, биыл 700 млрд теңге бөлінді, яғни 10 есе өсті.

Өндіріс шығындарын төмендетуді барлық фермерлік санаттар үшін қол­жетімді етуге жұмыс істеп жатырмыз. Қар­жыландырудың қамтылуы 2 жылда 3,5 мыңнан 14 мың қарыз алушыға дейін артты. Уақтылы берілген жеңілдетілген несиелердің арқасында аграршылар тыңайт­қыш, тұқым, қосалқы бөлшектер сатып алып, жұмысшылардың еңбек­ақы­­сын қолжетімді бағамен төлеуге мүм­­кін­дік алды», дейді Ауыл шаруашы­лығы ми­нистрінің орынбасары Аманғали Бердалин.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін 5 жыл­да 2 есе арттыру бағдарламасына сәй­кес, Солтүстік Қазақстан облысында 340 мың тонна тыңайтқыш алуға ке­лісімшарттар жасауға мүмкіндік бе­ріл­ген. Соның ішінде тек биыл ауыл ша­руа­­шылығы құрылымдарына 22 млрд тең­ге­­нің тыңайтқышын алуға субсидия бөлініпті.

«Соның арқасында отандық «Қазфос­фат» және «ҚазАзот» минералды тыңайт­қыш жасайтын зауыттарынан 16 мың тонна арзандатылған тыңайтқыш жет­кізілді. Барлығы 340 мың тонна тыңайт­қыш алуға келісімшарт жасалды, бұл былтырғыдан 102%-ға көп», деді Марат Иманбайұлы.

Биыл егіс алқаптарына өруі төмен тұқымдар мүлде егілмеген. Барлық егіл­ген тұқымның ішінде 52,5 мың тон­на­сы – элиталық, 2,5 мың тоннасы – суперэлиталық, 132,7 мың тонна – 1-репродукциялық. Биыл облыс бірінші рет «Тұқым-Қызылжар» атты халықаралық форум өткізіп, оның жұмысына отандық қана емес еуропалық және ресейлік мамандарды қатыстырды. Облыста жерді суландыру мен суару техникаларын қолдану аясы да кеңейіп келеді. 2025 жылы «Елім-ай», «Буденый СК» «Асылфермс» ЖШС ұсынған жоба­ларға қолдау көрсетіліп, бұрынғы 9,4 мың гектар егіс алаңы енді 11 мың гектар жерге дейін көбейтілді.

Әрине, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту да маңызды міндеттер қатарында.

«Ауыл шаруашылығын қолдаудың маңызды бағытының бірі – техникалық қайта жарақтандыру. 2025 жылы техни­каға жеңілдетілген лизинг үшін 250 млрд теңге бөлінді, 12 мың бірлік сатып алу жоспарланып отыр. Екі бағдарлама да таза 5% мөлшерлемемен несие беруді көздейді, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды және субсидия төлемін күтуді қажет етпейді. Бұл – жақсы тәжі­ри­бе, оны басқа несие бағыттарына, оның ішінде мал шаруашылығы бо­йынша да кеңейту көзделген. 25 шіл­деден бастап «Аграрлық несие кор­порациясы» арқылы айналым қара­жа­тын қаржыландыруға өтінімдер қабыл­дау басталды. Оған 50 млрд теңге қа­растырылған», деді Аманғали Бердалин.

Қазір облыста 7 мыңдай астық ком­баиндары бар, соның 4 мыңдайы – Гер­мания, АҚШ және өзге де елдер­дің жоғары сапалы техникалары. Об­лыс­тың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес 2025 жылы облыс­тың техникалық паркі 6%-ға жаңғыр­тылып, жаңадан 2 290 техника сатып алу көзделген. Соның ішінде ауыл шаруа­шылығы құрылымдары биыл 32 млрд теңгеге 76 комбаин, 202 трактор, 296 сеял­ка, 37 егу кешенін және 603 басқа техника сатып алды. Белгіленген жоспар негізінен орындалып, биылғы ораққа 12 мыңдай трактор, 9 мыңдай трактор тіркемелері, 4,5 мың жатка және 5,6 мың жүк автомобильдері қатыстырылмақ. «Қазір барлық техника «Орақ-2025» науқанына кірісу үшін 100% дайындық сапында тұр», деді М.Тасмағанбетов.

Сонымен қатар биыл мемлекет күзгі жиын-терім науқаны үшін диқандарға 58,2 мың тонна дизельді отынды жеңіл­детілген бағамен босатқан. Бұл барлық жеткізу, логистика шығындарын қоса есеп­тегенде дизельді отынның бір литрі 254 теңгеден айналады деген сөз. 300 тең­геден артыққа сатылып жат­қан нарықтық бағаға қарағанда бұл әлдеқайда төмен. Айта кететін жайт, облысқа бөлінген барлық дизельді отынның 21%-ы, яғни 12,5 мың тоннасы Павлодардың мұнай өңдеу зауытынан жеткізіледі.

Марат Тасмағанбетовтің айтуына қарағанда, кейбір шаруашылықтардың басшылары осынау арзандау дизельді отынға әлі күнге тапсырыс бермеген. «Соның кесірінен келіп тұрған дизельді отынды әлі күнге толық бөле алмай отырмыз» дейді ол.

 

Диқандар мемлекеттің қолдауына риза

Облыстағы озық шаруашылық бас­шы­ларының бәрі мемлекеттің биылғы қол­дауына ризашылықтарын білдіріп жатыр.

«Мемлекет осындай қолдау жасап отырса, біз орақты жақсы аяқтап қана қоймай, ерен табысқа жете алатынымызды көрсете білуіміз керек. Солтүстік Қазақстан биыл да рекордттық көрсеткіш жасап, республикада бірінші орын алуымыз қажет. Әйтпесе, ұлан-ғайыр қолдау көмегі босқа кетеді», дейді «Зенченко и К» командиттік серіктестігінің бас директоры, Еңбек ері Геннадий Зенченко.

«Асхат Агро» ЖШС директоры Наға­шыбай Барлыбаевтың сөзінше, биыл ауа райы да көп жылдан бері диқандар үшін қолайлы болып тұр.

«Жаңбыры да, ыстығы да уақтылы болды, өкпе жоқ. Тек күзгі жиын-терімде де осындай жайлы күй болуын тілейміз. Былтырғы қарқынды сақтап, биыл да сол көрсеткішті жасауға тырысамыз. Мемлекеттің қолдауы биыл ерекше болды. Шаруашылықтарымыз Есіл, Қызылжар және Мамлют аудандарының аумағына жайылған. Бәрі де 5%-дық өсіммен несие алды. Енді тек Үкіметтің қолдауын ақтауымыз керек», дейді ол.

Бүгінде облыс аумағында астық қа­был­­дайтын 45 элеватор жұмыс істей­ді. Олар­дың сыйымдылығы – 3,2 млн тонна. Сонымен бірге кейбір ауыл шаруа­шылығы құрылымдарының астық сақтайтын қоймалары бар. Олар 6,9 млн тонна астық сақтап, кептіріп отырады. Астық құрғатқыштардың жалпы саны 342, олар сағатына 11,5 мың тонна астық құрғата алады. Биылғы астық шығымының молдығы «Азық-түлік» ҰК» АҚ-қа қарайтын элеваторларға сыймай қалып, былтырғыдай шақырымдарға созылған астық тасушы машиналар кезе­гі туындай ма деген қауіп бар. Өйт­кені қазірдің өзінде элеваторлар 27,4%-ға толып тұр. Соның ішінде «Азық-түлік» ҰК» АҚ-қа қарайтын «ХБ-2», «7 Астық қоймалары», «Бу­лаев Астық», «Asyl Elevator» элеватор­лары сыйымдылығының 40%-ынан арты­ғына толған. Осыған байланысты Ауыл шаруа­шылығы министрінің орынбасары Аман­ғали Бердалиннен орақ науқаны бастал­ғанша «Азық-түлік» ҰК» АҚ өзінің элеваторларын жылдамырақ босату керектігі туралы тапсырма бері­луін сұрады. Сонда ғана астықты жылдам өт­кізуге болады десті семинарға қаты­сушылар.

 

Жемшөптің жайы қалай?

Астық негізінен адам үшін болса, жемшөп мал үшін жиналады. Екеуінің де маңызы бірдей, жемшөбің болмаса, малдың да күйі болмайтыны белгілі. Осы мәселені ескеріп, облыс басшы­лығы аталған жиынның алдында «Дайындық АГРО» ЖШС базасында об­лыстық «Жемшөп жинау – мал шаруа­шылығының тиімді негізі» деген тақырып­та семинар өткізді. Мұнда да мамандар тәжі­рибелерін бөлісіп, әлемдегі озық ша­руашылықтардың үлгілерімен танысты.

Облыс аумағында орта есеппен 940 мың тонна шөп, 235 мың тонна пішен, 278 мың тонна сүрлем, 867 мың тонна сабан, 818 мың тонна пішендеме үйілуі керек. Биыл облыс бойынша қыстатуға 287 мыңдай қара мал, 411 мың тұяқ қой-ешкі, 128 мыңдай жылқы қораға тұрады. (Қазір жүргізіліп жатқан ауыл шаруашылығы санағы бұл сандарды нақтылай түсері сөзсіз). Айта кететін жайт, осынша малдың ішінде 110 мың қара мал, 263 мың қой-ешкі, 60,7 мың тұяқ жылқы жекеменшік аулалардыкі. Бүгінге дейін 900 мың тоннадай шөп, 250 мың тоннадай пішен­деме үйілген. Бұл белгіленген жоспар­дың 90%-ы маңындағы көрсеткіш. Қазір шаруалар әрбір сәтті күнді пайдаланып, жемшөп үюмен айналысып жатыр.

Облыстың «Зенченко и К» КС, «Атамекен Агро Корнеевка» ЖШС, «Нежинка Ерке» ЖШС, «Возвышенка СК» ЖШС, «Қызылжар Сүт» ЖШС,  «Зелёные Луга» ЖШС, «Тайынша-Астық» ЖШС-ында озат шаруашылықтарында қазірдің өзінде екі қысқа жетерлік жем­шөп қоры бар. Бұлар – тауарлы-сүт өнім­дерін шығара­тын кәсіпорындары бар шаруа­шылық­тар. Бұрын бірнеше рет жазғаны­мыздай, облыс көлемінде 110 тауарлы-сүт фермасы бар, соның 42-сі – осы заманғы сүт кешендері. Жыл сайын ондайдың бір­не­шеуі іске қосылып жатады. Сүтті жақсы беру үшін мұндағы малға жемазық уақты­лы және сапалы негізде беріліп тұруы керек. Сондықтан шаруа­шылық басшылары жатпай-тұр­май жемшөп жинауды назардан тыс қалдырмайды.

Облыста жемазық өндіретін бірне­ше кәсіпорын бар. Олардың ішінде «Memolux» ЖШС өз өнімдерінің бір бөлі­гін, атап айтқанда, биыл 21,5 мың тоннасын, «Kazmeal» ЖШС биыл 282,9 тоннасын шетелдерге экспортқа да шығарып үлгерді. Олардың өндірген жемазық ұнын негізінен Қытай шаруалары алады. Осының өзі солтүстікқазақстандық жемазық өндірушілердің бәсекелестікке төтеп бере алатынын көрсетіп тұр.

Облыста жалпы саны 5 арнаулы құра­мажем өндіретін кәсіпорын бар, олар жылына 568 мың тонна өнім шыға­ра­ды. Олардан басқа Қызылжар ауданын­дағы Подгорное ауылында «Salar Farm» фирмасы жоңышқа өңдейтін зауыт жобасын қолға алып жатыр. Ол іске қосылғанда жылына 60 мың тонна жоңышқа өңдейтін болады. Биыл облыс­та жоңышқа өсіретін егіс аумағы 1 460 гектарға дейін ұлғайтылды.

Ауыл шаруашылығы – ел экономи­касының тірегі, халқымыздың әл-ауқаты мен тұрақты негізі екені сөзсіз. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген шаруаларға ел алғысы шексіз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы