Үкімет басшысы Олжас Бектенов Президент тапсырмасын орындауға орай жиын өткізді. Жиын қорытындысына орай цифрлық трансформация бойынша топ (цифрлық штаб) құру жөнінде шешім қабылданды.
Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру ісінде белгілеген негізгі тоғыз бағыт қарастырылды. Олардың қатарында экономиканың нақты секторына, мемлекеттік басқаруға, денсаулық сақтау салаларына ЖИ енгізу, Жасанды интеллект және цифрлық трансформация стратегиясын әзірлеу, мемлекеттік қызметтерді және өтініштермен жұмыс істеу үдерістерін дамыту, ІТ-архитектураны, QazTech ұлттық платформасын жаңғырту, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, отандық IT стартаптарды қолдау мен Smart сity-ді дамыту мәселелері бар.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Президент тапсырмаларын жүзеге асырудағы тәсілдер туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, экономикаға жасанды интеллектіні енгізу басым міндет болып отыр. Осы бағытта Үкімет «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-пен бірлесіп, еңбек өнімділігін арттыруға өндірістік үдерістерге ЖИ енгізу жөніндегі жол картасын әзірлеуге кірісті.
Жаңа технологиялар денсаулық сақтау саласында дұрыс диагноз қоюға, ем-шара тағайындауға және науқастарға мониторинг жүргізуге, дәрігерлерді күнделікті міндеттерден босатуға мүмкіндік береді. Бұл халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасына, ашықтығы мен тиімділігіне оң әсер етеді. Отандық стартаптардың Денсаулық сақтау министрлігінің инфрақұрылымына қолжетімділігі, Бірыңғай медициналық деректер базасына көшуі мен тағы басқалары – маңызды қадам.
Мемлекеттік қызметтер саласында Aitu-ды ұлттық мессенджер ретінде бекіту жұмысы жүргізіліп жатыр. Арнайы органдар Аitu-ға көшіріліп, экожүйенің негізгі қатысушылары бірыңғай цифрлық ортаға біріктіріледі. Бұл тәсіл заманауи, қауіпсіз әрі ыңғайлы цифрлық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді, онда мемлекеттік қызметтер әрбір азаматқа «батырманы бір рет басу» арқылы қолжетімді болады. Сонымен қатар еліміздің IT ландшафтының архитектуралық үйлесімділігін арттыру, сондай-ақ деректерді қорғау мен киберқауіпсіздік саласында шаралар кешені бойынша жүйелі жұмыс көзделген.
«Мемлекет басшысы ЖИ технологияларын барлық салаға енгізудің өзекті мәселелеріне баса назар аударып отыр. Бұл мәселелер жылдам әрі өзара тығыз әрекет ете отырып шешу қажет. Мұндағы мәселе тек ЖИ жұмысының құқықтық негізін жетілдірумен шектелмейді, одан бөлек деректердің шашыраңқылығы, суперкомпьютердің қуатын бөлу бойынша нақты регламенттің болмауы, киберқауіпсіздік, QazTech платформасына толық көшу сынды мәселелер шешімін табу керек. Бұл міндеттердің барлығы еліміздің цифрлық трансформациясы үшін стратегиялық маңызға ие, сондықтан да көрінетін экономикалық тиімділікпен осы жылдың желтоқсан айына дейін орындалуға тиіс», деді Премьер-министр.
Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесе отырып, ұсынылған тәсілдерді пысықтау тапсырылды. Үкімет жақын арада нақты мерзімдері мен нәтижелері бар іс-шаралар жоспарын қабылдайды. ЖИ-ді жедел дамыту мен экономикаға енгізу, сондай-ақ Мемлекет басшысы тапсырмаларының жүзеге асырылуын бақылау мақсатында Премьер-министрдің өкімімен цифрлық трансформация жөніндегі топ (цифрлық штаб) құрылды.
Үкімет басшысы төрағалық ететін цифрлық штаб құрамына: Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, Президенттің цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесшісі кірді.
Цифрлық штабтың міндетті шешімдерді жылдам қабылдауы жасанды интеллект технологияларын жедел әрі жаппай енгізуге ықпал етеді.