• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 08:55

Жаңа оқу жылына дайындық: нақты міндеттер айқындалды

40 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылының басталуына дайындық мәселесі қаралды. Отырыста тиісті сала басшылары жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары туралы баяндады.

Балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында. Отаншыл, білімді әрі жасампаз ұрпақ тәрбиелеу – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы. Қазір оқушылар мен студенттердің жақсы әрі жайлы оқуын қамтамасыз ету үшін білім беру мекемелерін салу мен жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биылғы оқу жылында 11 800 мектепке дейінгі ұйымда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленіп, білім алады. Жыл басынан бастап балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру қанатқақты жобасы 20 қала мен 7 ауданда сәтті іске асырылған. Қанатқақты кезеңде 461 мың ваучер беріліп, балабақшаға кезекке тұру 93 мыңға қысқарды. Нәтижесінде, жергілікті бюджеттерден 7,7 млрд теңге үнемделді.

«Қыркүйек айынан бастап, жылдың соңына дейін барлық балабақша кезең-кезеңімен толықтай осы ваучерлік қаржы­ландыру жүйесіне өтеді. Ал 135 бала­бақшада 7 мыңнан астам балдырғанның мемлекеттік тілді қолдану дағдысын арттырған «Тілге бойлау» мен ата-аналарға 5 жасқа дейінгі балаларды отбасы жағдайында дамытуға көмекші болған «Беске дейін үлгер» жобалары жаңа оқу жылынан бастап, мектепке дейінгі білім беру деңгейіне жаппай енгізіледі», деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылында орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізіледі. Ол үшін «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект интеграцияланып, этикалық стандарттары бекітілді. 1-11-сынып оқушыларына арналған Дэй-оф-эй-ай («Day of Al») онлайн курстары мен педагогтерге арналған курстар әзірленді. Сонымен қатар, биылдан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Келешек мектептері» моделін басқару жүйесі іске қосылады. Осы мақсатта «Келешек мектептерін» басқару мен аккредиттеудің стандарттары әзірленді, онда үш деңгейлі курстардан өткен 3 мыңнан астам педагог жаңа оқу жылында жаңаша жұмыс бастайды.

Биыл мемлекеттік білім гранттары байқауына 113 мыңға жуық өтінім бе­ріл­ді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық. Ал жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 93 232 грант бөлінді, оның қатарында 77 084 грант жоғары білім алуға берілді.

«Конкурс қорытындысы бойынша гранттар 99% көлемінде игерілді. 2 500-і Атырау мен Маңғыстау облысының жас­тарына берілді, 2 004-і «Серпін» жобасына, ал шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарында оқуға 2 365, халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балаларға 9,5 мың, қандастарға 2,1 мың грант берілді. Алғаш рет мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға 2 010 білім беру гранты бөлінді», деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Премьер-министр ведомство басшыларының атқарған ісін саралап, қыркүйек айында 115 мың жаңа оқушы орнына арналған 83 жаңа мектеп ашу жоспарланып отырғанын айтты. Оның қатарында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 57 білім ошағы пайдалануға берілетінін назарға алды. Сөйтіп, олардың толыққанды жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету маңызды міндет екенін еске салды.

«Мектептердегі үш ауысымда оқыту мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Ұлттық жоба шеңберінде еліміздің 9 өңірінде 15 нысанды аяқтау ісін жеделдету қажет. «Самұрық-Қазына» қоры әкімдіктермен бірге нысандардың жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілуін қамтамасыз етсін», деді О.Бектенов.

Мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау қажет. Бірқатар өңірде 34 мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу көрінеді. Бұлар – Алматы қаласы, Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Алматы облыстары.

«Аталған өңір әкімдері жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуын тікелей бақылауға алсын. Сонымен қатар физика, химия, биология, роботтехника сияқты арнаулы кабинеттерді дер кезінде сатып алу да өзекті. Қыркүйек айына дейін тағы да кемінде 200 пәндік кабинетті жабдықтау қажет», деді Үкімет басшысы.

Білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды мәселе. Мемлекет басшысының бірыңғай қауіпсіздік жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасы сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы керек. Білім беру мекемелерінде лицензиясы бар күзет, турникеттер, жедел басқару орталықтарына қосылған камералар міндетті түрде болуға тиіс. Мұның барлығы оқу орындарында балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне кепілдік береді.

«Ішкі істер министрлігі терроризмге қарсы қорғау талаптарына сәйкестігі тұрғысынан білім беру нысандарын тексеру жұмысын жалғастыруы қажет. Бүгінде өңірлердегі жекеменшік білім беру ұйымдарының 30%-ға жуығы қажетті құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етілмеген. Осыған назар аудару керек», деді О.Бектенов.

Жаңа оқу жылы қарсаңында мемлекет қолдауына мұқтаж балалардың барлығына дер кезінде материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуге тиіс. Ол үшін биыл 23 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты көзделген. Бұл кемінде 500 мың баланы әлеуметтік қолдауға мүмкіндік береді. Өңір әкімдері осы жұмысты бақылауға алады.

«Оқу-ағарту министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге 1 қыркүйекке дейін барлық оқушыны оқулықтардың толық жиынтығымен қамтамасыз етсін. Мектептегі тамақтандыру сапасы балалардың денсаулығы мен дамуы үшін маңызды бағыт болып саналады. Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдіктері тамақтандыру стандарттары мен санитариялық нормалардың сақталуына бақылауды күшейтуі қажет», деді Премьер-министр.

Биыл мемлекеттік тапсырыс бо­йын­ша колледждерге техникалық және кәсіп­тік білім алу үшін 150 мыңға жуық студент қабылданады. Колледждер дуалды оқыту, қамқорлыққа алу, өндірістік тәжірибе арқылы кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеуге тиіс. Әрбір студент еңбек нарығының талаптарына сәйкес нақты кәсіби дағдыларға ие болуы шарт. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығын қамтама­сыз ету де айтылды. Инфрақұрылым мен жатақхана ғана емес, сонымен қатар оқу бағдарламаларының заман талабына сай болуын да назарда ұстаған ләзім. Мамандар тапшы болып отырған инженерлік, IТ, педагогикалық, медициналық бағыттарға ерекше назар аударған жөн. Үкімет басшысы бұдан бөлек тиісті органдарға бірқатар тапсырма жүктеді.

Бірінші. Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге бір ай мерзімде «Адал азамат» бірыңғай білім беру бағдар­ламасын іске асыру жөніндегі ведомство­аралық іс-шаралар жоспарын бекітсін. Бұл тәрбие және оқыту жүйесін қалыптастыру бойынша кешенді әрі жан-жақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Екінші. Ішкі істер министрлігі жаңа оқу жылынан бастап «Назар аударыңыз, балалар!» жедел алдын алу шараларын ұйымдастырып, өткізсін. Оны бұқара­лық ақпарат құралдарында жария етсін. Өңір әкімдіктері білім беру нысандары маңындағы, әсіресе жаңадан пай­да­лануға берілетін мектептердің жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыс­тарын күшейтуі қажет. Ішкі істер министр­лігі Оқу-ағарту министрлігімен бірге жүйелі түрде профилактикалық сабақтар, атап айтқанда, мектеп оқушыларымен негізгі қауіпсіздік ережелері, оның қатарында жолдағы қауіпсіздік бойынша интерактивті сабақтар өткізсін.

Үшінші. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері білім беру бағдарламаларының практикалық бағыт­та болуына баса мән беру жөнінде ша­ра­лар қабылдасын. Сондай-ақ оқу нәти­желері үшін колледждер мен жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттыру шараларын пысықтау қажет.