Абай туралы естелік көп. Солардың бір парасы ақынның 100 жылдығы (1945) қарсаңында «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланыпты. Бұл естеліктерде баяндалған оқиғалар желісі қазіргі таңда абайтанушылар үшін құнды екені анық. Өйткені жазба авторлары – ұлы ақынның көзін көрген, тәлімін алған немесе даңқын естіген тұлғалар.
Абай – ақындардың ұстазы
Абай ақындардың ұстазы еді. Ел ортасында өлең шығарып көретін «ақынмын» деген жігіттердің кейбіреуіне кездескенде, солардың өз жанынан шығарған өлеңдерін айтқызып, ықыласпен тыңдайтын уақыттары да болушы еді. Бір жылы менің өзіме Абылай мен Кенесарының өмір тарихын ұзақ әңгіме қылып айтып беріп: – Осыны өлең қыл, – деді. Содан кейін үйге келіп отырысымен өлең қылуға кірісіп, күндіз-түні тыным алмай жаздым да, 5-6 күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүрдім. Абай бұл уақытта тоқалынікіне барып, сонда жатыр екен. Біздің ауылдан 70 шақырымдай жерде еді.
Осы жолға қасымдағы атшыммен қысты күні аязда салт атпен келе жатып жазған өлеңімді ойлап көрсем, жатқа айтуға бірде-бірі есте қалмапты. Абайдың барысымен «айт» дейтіні мәлім. Сондықтан жол жүріп келе жатып, өз өлеңімді өзім жаттауға кірістім. Күн суық. Қағазды екі жеңіммен ұстап, атымның басын жолдасыма жетектетіп қойып, жол бойы жаттадым.
Сонымен кеш болып, ел орынға отыратын кезде кіші ауылға жетіп, Абай отырған үйге сәлем беріп, кіріп келдім. Үйде кісі көп екен. Алдарына кешкі шайды жаңа алған екен. Кірген жерімде сәлемімді де алмастан:
– Абылай келді ме? – деді.
– Келді, – деп едім.
– Олай болса айт, – деді. Киімімді шешінбестен отыра қалып айта бастадым. Өлеңді алғашқы айта бастағанымда тымағымның да бауын шешкен жоқ едім. Тегінде «шешінейін, жайланайын» деген сөз Абайдың нашысын кетіріп, ықыласын қайтарып тастайды. Сондықтан өлеңді айта отырып тымағымды шешіп, бір алып қойып, тағы бір әредікте белдігімді тастап, содан өлеңнің желісін үзбей отырып, сыртқы киімімді тастап, жүгімнен бірте-бірте босандым. Абайдың өмір бойғы әдеті осындай еді.
Көкбай Жанатайұлы, Абайдың шәкірт-досы
«Социалистік Қазақстан» газеті, 1945 жыл 15 тамыз
Абайдың балажандығы
Мен Абайдың Мағауия деген ұлынан тудым. Мені бір жасқа толмай-ақ әкем (Абай) асырап алып, Ділдә деген бәйбішесінің бауырына салыпты. Содан мен «Абайдың баласымын» деп, Абай «менің балам» дейтін болды. Мен де, басқа балалар да Абайды «әке» дейтін едік. Әкем өлгенде мен 13 жаста едім. Алайда әкемнің түрі, түсі, отырыс-тұрысы бізге, балаларға айтқан ақылы әлі көз алдымда тұр.
Әкем балаларды жеті жастан сегізге шығарғанда оқуға беретін. Еркек балалармен қабат, қыздарын да оқытатын. Қазақ тілінде кітап жоқ болатын. Сондықтан «балалардың ойы, дүниетануы кемсін болады» деп әкем көп айтып жүрді. Әлі есімде, бір күні біздің оқып отырған үйімізге әкем келді. Әдеттегідей бәріміз орындарымыздан тұрдық. Әкем айнала қарады да:
– Отырыңдар, – деді. Біз отырып жайласқан соң молдаға қарап:
– Балаларға мына бір кітапты әкелдім. Осыны көшіріп, көбейтіп, бала басына бір-бірден таратып бер. Бүгіннен бастап осы кітапты қоса оқыт! – деді.
Біз қуанып кеттік. Әкем үйден шыққан соң молда әлгі кітапты алды да, бас жағын оқыды. Кітап қолжазба екен. Біз ол кітапты көшіріп алып, оқи бастадық. Басқа кітаптарға көңіл бөлмейтін болдық. Өйткені бұл жаңа кітаптың тілі ұғымды, сөзі түсінікті, ыңғай ақыл айтып отыратын жақсы кітап болды. Кейіннен байқасам, сол кітап әкемнің «Ғақлия» атты қара сөзбен жазылған кітабы екен. Біздің молдадан бұл кітапты естіген басқа молдалар да келіп көшіртіп алып, өз шәкірттеріне оқытып жүрді.
Уәсила Мағауияқызы,
Абайдың немересі
«Социалистік Қазақстан» газеті, 1945 жыл 15 тамыз
Абай образын жасау жолында
Қазақ халқының ұлы ақыны Абайды мен 12 жасымнан білемін. Біздің ауылға «Абай қайтыс болды» деген хабар жеткенде жайлауға көшкелі отырған бір тайпа ел көшпей, үлкен адамдар қайғырып, аза тұтқаны есімде. Сол кездің өзінде біздің жақта «Абайдың өлеңі», «Абай айтыпты» деген сөздер көп таралатын. Үш-төрт кісі бас қосса, Абайдың атын айтпай отырмайтын.
Абай тірі кезінде біздің ауылдың Мәуқай деген адамы жыл сайын ақынның ауылына барып, қыстай жатып, жаз шыға елге қайтып жүрді. Сол кісі қарттық басып отырып, «Абай-ау, аулыңа барып, бір қонып, өзіңді көріп қайтсам-ау» деп жылайтын еді. Сонда замандастары «Әй, Мәуқай-ау, Абай, Абай деп қайтпас сапарға кеткен адамды аңсай беріп қайтесіз. Артында өлмейтін сөзі қалды. Абайды күнде еске түсіріп, оның әнін шырқап, өлеңін айтып жүрген жігіттер мыналар емес пе? Кәне біреуің Абайдың өлеңін айып жіберіңдерші» дейтін. Сонда Пішім, Қали, Ғаббас деген әншілер Абайдың әнімен өлеңін айтатын еді.
Сонда Мәуқай атамыз: «Әй, қарақтарым-ай, тап осы сендердің мені төбелеріңе көтеріп отырғандарың айналып келіп, Абайдың қасында тізерлеп отырып алып: «Абай аға, шақшаңды берші», деп бір атым насыбай сұрап атқанға татымай тұрған жоқ па?», деуші еді.
Абайдың әнін жақсы айтатын адамдар ел ішінде абыройлы болып жүрді. Соның бірі мен едім. Талабымды байқаған Мұқаметәлі деген жақсы қария Абайдың сөзін жаттатып үйретті. Сөйтіп, біз бала жастан Абаймен ауыздандық. Кейін кинода және сахнада Абай образын жасауыма жастай үйренген Абай әсері көп сеп болды.
Қалибек Қуанышбаев,
халық әртісі
«Социалистік Қазақстан» газеті, 1945 жыл 11 тамыз
Дайындаған – Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»