Биыл Батыс Қазақстан облысында ақын-ағартушы Ғұмар Қараштың 150 жылдығына орай іс-шаралар шоғыры өтіп жатыр. Жақында жас ақындар арасында өткен мүшәйраның нәтижесі шықты.
Жыл басында Ғұмар Қараштың туған жері – Жәнібек ауданы әкімдігі Орал қаласында зиялы қауым өкілдерімен жиын өткізіп, қазақтың көрнекті ақыны, ойшыл, философ, ұлттық баспасөз қайраткері Ғұмар Қараштың 150 жылдығын қалай өткізу жөнінде ақылдасқан болатын. Сол басқосуда мерейтойлы іс-шараларды мүмкіндігінше ел деңгейіне шығару, барынша насихаттау қажеттігі айтылды. Шын мәнінде Ғұмар Қараштың тұлғасы, оның шығармашылығы мен өмір жолы республикалық деңгейде аталып өтуге әбден лайық екені даусыз ғой.
– Қайта құру, демократияның алғашқы самалы есе бастаған кезеңде рухани қазынамыздың қақпағы әлі ашыла қоймаған еді. Ұлы мәртебелі Тәуелсіздіктің арқасында ғана тарихи ақтаңдақтардың орны тола бастады. Ұлы тұлғаларға баса назар аударуға мүмкіндік алдық. Ғұмар Қараштың басты мұрат-мақсаты – ағартушылық арқылы, ұлттық баспасөзді қалыптастыру арқылы дамыған елдермен терезесін теңестіргісі келді. Осы бағытта саналы ғұмырын сарп етті. Біз Ғұмар тұлғасын әсіресе жастар жағына көбірек насихаттауды ұсындық. Соның ішінде жастар арасында облыстық жазба ақындар мүшәйрасын ұйымдастырсақ деген ұсынысымызды аудан әкімдігі бірден қолдады. Сол үшін аудан басшылығына рахметімізді айтамыз, – деді мүшәйраның қазылар алқасына төрағалық еткен белгілі қаламгер, Жазушылар одағының БҚО-дағы өкілі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.
Жыр байқауына барлығы 10 жас ақын қатысып, өлеңдерін ұсынған екен. Олардың бәрі де жүлдеден құр қалмады. Мүшәйраға Жәнібек ауданында туып-өскен, бүгінде Ақмола облысында тұратын кәсіпкер, Бұланды аудандық мәслихатының депутаты Әлішер Кенжеғалиев демеушілік етті. Бас жүлде – 200 мың теңгенің сертификаты жас ақын Жанерке Ғинаятқа бұйырса, екінші орын жүлдесі – 150 мың теңгені Тасқала ауданынан келген Меңдібек Лұқпанов иемденді. Әрқайсысы 100 мың теңгелік үшінші жүлде екі ақынға – Нұрым Ғұмар мен Азамат Бақиевке тапсырылды. Байқауға қатысқан қалған 6 ақын 30 мың теңгеден ынталандыру сыйлығын алды.
– Ғұлама Ғұмарды ұлықтау – ұлы іс қой. Оның ғұмырлы шығармаларын насихаттау – әр қазақтың борышы дер едім. Өзімнің туған жерімде осындай ұлы тұлғаның мерейтойы болғалы жатқанда қарап қала алмадым, – дейді мүшәйраның бас демеушісі Әлішер Кенжеғалиев.
Айтпақшы, биылғы Ғұмар тойының біраз бөлігін Әлішер сияқты ел арасынан шыққан кәсіпкер азаматтар көтеріп алған. Мәселен, Жәнібек ауданы, Талов ауылының тумасы, Орал қалалық мәслихатының депутаты, қазір құрылыс компаниясына жетекшілік етіп жүрген Жасұлан Ешмұхамбетов те Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығына арналған пьесаға демеушілік етіпті. Нәтижесінде, белгілі қаламгер Нұрлан Сәдірдің қаламынан туған «Ғұмар-ғұмыр» атты драмалық шығарма бүгінде облыстық қазақ драма театры режиссерінің қолына тиіп, жаңа маусымда көрермен назарына ұсынылғалы жатыр екен. Жәнібек ауылында қыркүйек ауылында өтетін республикалық айтыс пен дала қызықтары, ұлттық ойындарын ұйымдастыруға да жергілікті кәсіпкерлер барынша қолдау көрсеткелі жатқанын естідік.
– Көктемде VI облыстық Ғұмар Қараш оқулары аясында «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» атты шығармашылық байқауын өткізген едік. Бүгін, міне, жас ақындар мүшәйрасын қорытындылап отырмыз. Дегенмен ғұлама атамыздың мерейтойына арналған негізгі іс-шаралар қыркүйек айында өтеді. Оның ішінде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция да бар. Ғұмартанушы, өлкетанушы Жантас Сафуллиннің жетекшілігімен жарық көрген «Ғұмар Қараш» үштомдығының таныстырылымын Астана қаласында өткізуді жоспарлап қойдық. Сондай-ақ «Хабар» телеарнасының қолдауымен Ғұмар Қарашқа арналған деректі фильм түсіріліп жатыр. Жақында түсіру тобы Жәнібек ауданында, Ғұмар Қарашқа тұрғызылған кесене басында болып, халықпен, жергілікті ақсақалдармен кездесті. Біз осындай кешенді іс-шаралар арқылы Ғұмар Қараштың тұлғасын, өмір жолы мен шығармашылығын барынша насихаттап, халыққа жақындата түсуді жоспарлап отырмыз, – дейді Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов. Жаннұр Бекбауұлының бұл іске жан-тәнімен кіріскені соншалық, жақында дүниеге келген ұлының есімін Ғұмар қойыпты.
Мүшәйраның қазылар алқасы құрамында болған мәдениеттанушы, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Дәулеткерей Құсайынов жас ақындардың Ғұмар тұлғасына, оның шығармашылығы мен өмір жолына жете бойлай алмағанын айтады. Бұған олардың шығармашылығын талдап, ақыл-кеңес беретін әдебиет сыншыларының жоқтығы да себеп болуы мүмкін. Сондықтан облыстық «Орал өңірі» газетінде жергілікті жас қаламгерлерге арналған әдеби сын айдары ашылғалы жатқанын газет редакторы Бауыржан Файзоллаұлы айтып өтті.
Батыс Қазақстан облысы