Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, елордада электронды темекі (вейп), ароматизаторлар мен сұйықтықтардың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды. Тауар Telegram мессенджері және курьерлік жеткізу арқылы еліміздің барлық өңіріне таратылып келген, деп жазады Egemen.kz.
Агенттіктің мәліметінше, астаналық департамент қызметкерлері жүргізген жедел іс-шара барысында контрафактілік өнім сақталған бес қойма анықталды.
Тінту кезінде 490 мыңнан астам вейп тәркіленген. Олардың сатылымынан түсер заңсыз табыс көлемі 6 млрд теңгеден асуы мүмкін екені болжанып отыр.
Сонымен қатар, күдіктілер заңсыз табысты жасыру үшін «дроперлер», яғни банктік карталары ірі сомаларды қолма-қол алуға рәсімделген жалған тұлғаларды пайдаланып, ақшаны айналымнан шығару және оның шығу тегін жасыру тетігін ұйымдастырғаны белгілі болды.
Тергеу болжамына сәйкес, ұйымдастырушы заңсыз табыстың бір бөлігін шетелден кофе жеткізуге арналған келісімшарттар жасауға жұмсап, оған 92 млн теңгеден астам қаржы бағыттаған.
Сот шешімімен тыйым салынған өнімдерді тасымалдауға пайдаланылған көлікке арест қойылды.
Ұйымдастырушылар іздеуге жарияланып, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу тағайындалды.
ҚМА хабарлауынша, тергеу әлі де жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.