• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шымкент Бүгін, 09:30

«Шымқала» аумағындағы нысандар терең зерттеледі

30 рет
көрсетілді

Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жастар сарайында қала тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында А.Балаева Президент тапсырмасымен жүргізіліп жатқан реформалар мен соның аясындағы саланың негізгі жобалары жайында көпшілікке баяндап, сол бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады.

Министр өз баяндамасында еліміздегі ақпарат кеңістігін сақтау мәселесін қозғады. Әсіре­се ол шекаралас аймақтағы тұрғын­дардың отандық радио-телеви­зиялық таратылымдарға қол жеткізу мәселесіне назар аудар­ды. Өйткені шекараға жақын орналасқан көптеген елді мекенде көршілес елдің радиосы мен телевизиясы емін-еркін таратылып жатады. Осы жағдайды реттеу үшін министрлік арнайы жұмыстарды қолға алып, «Шалқар» мен «Қазақ радио­сы­ның» үнін сонау шекара айма­ғын­дағы ауылдарға дейін жеткізбек.

А.Балаева бүгінгі таңда про­катқа шығарылып жат­қан ки­нофильмдер туралы да пі­кір білдірді. Оның сөзін­ше, осы күнде кинотеатрларда көр­­сетіліп жүрген отандық фильм­­дер керемет деп айтуға келмей­ді. Кейде фильм сюжетін­де бейә­деп сөздер, орынсыз қы­лық­тар кездесіп қалып жатады. Көр­кем фильм – бірінші кезек­те халықты тәрбиелеуші идеоло­гиялық құрал. Сол себепті оның қоғамдағы рөлі әрдайым күшті болу керек. Осы орайда А.Балаева министрлік жанынан арнайы кеңестік топ құрылып, әрбір түсірілген отандық кинофильмдер сүзгіден өткізілетінін жеткізді. Сонымен қатар министр театрларда да болашақ спектакльдің мазмұнын сара­лап, кем-кетік жері болса, дұрыс ар­наға бұрып отыратын көркемдік кеңестің болғанын құптады.

Сонымен қатар министр елі­міз­де ақпараттың қолжетім­ділігін де сөз етті. Яғни кей­бір мемле­кеттік құпия болып санала­тын деректерден бөлек, кез келген салада ақпа­рат көзі ашық. Әсіресе БАҚ өкіл­де­рінің мемлекеттік органдар­дан мәлімет алу жағы оңай­лас­тырылған. Бұл еліміздегі демо­кратиялық қағидаттардың салтанат құрғанын білдіреді. Ал министрлік биыл күшіне енген жаңа ережеге сәйкес осы үдерістерді заң шеңбері аясында бақылауда ұстайды.

Бұдан өзге, А.Балаева Шым­кент­те республикалық маңызы бар 7 тарихи ескерткіш барын атап өтіп, олардың инфра­­құ­ры­лымын жақсарту, қо­сым­ша қаржы мәселесін шешу ба­ғы­тында жұмыс жүргі­зіле­тінін жеткізді. Соның ішін­де «Шымқала» тарихи-мәде­ни ке­шеніне ерекше тоқ­талды. Аталған аумақта талай архео­логиялық құпия-сырлар жат­қанын айта келе, қазба жұмыс­тары мен зерттеулер әлі де жал­ғаса түсетінін мәлімдеді.

Ашық диалог барысында Шым­кент тұрғындары көкейкесті сұрақтарын қойып, толық жауап алды. Тұрғындар қойған сауал­­дардың ішінде талантты жас­­тардың жеке ізденістеріне ақпа­­раттық қолдау көрсету, олар­­дың бастамаларын насихат­тау, ұжымдық концерттік меке­­мелердің қауіпсіздігін қамтама­сыз ету, Шымкентте мәдениет са­ласындағы жеке жоғары оқу орнын құру, жастарды, отбасылар­ды оңтүстіктен солтүстік өңірлер­ге қоныс аударуға үгіттеу, ол үшін сезімге құрылған қызықты көркем фильмдер түсіру секілді өтініш-тілектер, ұсыныстар ай­тылды. Министр өз сөзінде ай­тылған мәселелер назардан тыс қалмайтынын, тиісті шешімдер қабылданатынын мәлімдеді.

Кездесуден кейін министр жеке қабылдау өткізіп, тұрғын­дардың сауалдарын тыңдады.

Аида Балаеваның сапары БАҚ өкілдерімен өткен брифингпен қорытындыланды. Онда медиа, жастар саясаты және мәдениет саласындағы өзекті мәселелер айтылды.

 

ШЫМКЕНТ