Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Астанаға ресми сапармен келген Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Тараптар парламентаралық ықпалдастықты арттыру мәселесін талқылап, екіжақты қарым-қатынастың өзекті жайттары бойынша пікір алмасты, деп жазады Egemen.kz.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы парламентаралық диалог қарқынды қанат жайып келеді. Тек биылдың өзінде екі ел Парламенттерінің басшылары түрлі алаңдарда бірнеше мәрте кездесу өткізді.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер бүгін Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты төрағасының Қазақстанға ресми сапары аясында жалғасын тапты.
Кездесуде Ерлан Қошанов өзбек халқын келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бауырлас ағайынға бақ-береке тіледі.
«Бүгінде елдеріміз арасындағы күн тәртібінің мазмұны арта түсуде. Ынтымақтастығымыз стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында қарқынды дамып келеді. Бұл – әрине, біздің Президенттеріміздің ерен еңбегінің нәтижесі», деді Е.Қошанов.
Стратегиялық әріптестік Парламент деңгейінде де серпінді жалғасуда. Парламентаралық байланыс – екі ел басшыларының келісімдерін іске асыратын маңызды тетіктің бірі. Сондықтан депутаттар бұған ерекше мән беріп, тығыз байланыста жұмыс атқарып жатыр.
«Көшбасшыларымыздың кездесулерінің қарқыны мен нәтижелігі біздің парламентаралық байланысымыздың сипатын айқындайды. Шавхат Мирзиёевтің Қазақстанға жасаған 2021 жылғы сапары барысында Президенттеріміз барлық уағдаластықтың орындалуын парламенттер бақылауы керек деген ортақ пікірге келді. Сөйтіп, Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда Кеңес тиімді жұмыс атқаруда. Біз Ташкентте және Алматыда кеңестің екі отырысын өткіздік. Президенттеріміздің арасындағы барлық келісім парламентшілердің бақылауында. Жалпы, депутаттарымыздың әр кездесуі екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға ерекше қарқын беруде», деді Е.Қошанов.
Өз кезегінде, Танзила Нарбаева қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан тарапына зор алғысын айтып, екіжақты парламентаралық байланыс нығая беретініне сенім білдірді.
«Көптеген мәселе бойынша біздің көзқарасымыз ұқсас. Және үнемі бір-бірімізді қолдап келеміз. Президенттеріміз де бірдей бағыт ұстанады. Ол – азаматтарымыздың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасау, бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Көшбасшыларымыз екі ел арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 10 млрд долларға жеткізу жөнінде ауқымды міндет қойды. Оған барлық мүмкіндік бар. Біздің мақсатымыз – Президенттеріміздің келісімдерін іске асыру үшін заңнамалық негіз қалыптастыру», деді Танзила Нарбаева.