• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Бүгін, 19:50

Мәулен Әшімбаев пен Танзила Нарбаева парламенттер арасындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасына қол қойды

20 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізге ресми сапармен келген Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесудің қорытындысында қос тарап Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған 2025–2026 жылдарға арналған Жол картасына қол қойды.

Мәулен Әшімбаев Танзила Нарбаеваға ілтипат білдіріп, Өзбекстан делегациясын келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ол екі елдің арасындағы бауырластық, достық және тату көршілік дәстүрінің маңызын атап өтті. Спикердің айтуынша, мемлекет басшылары айқындаған өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын жалғастыру, орнықты болашаққа қол жеткізу және Орталық Азияның ортақ міндеттерін іске асыру жолында бірлескен әрекет қажет.

«Біздің елдеріміз арасында барлық деңгейде тығыз саяси қарым-қатынас орнаған. Экономикалық ынтымақтастық белсенді дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығайып келеді. Бұл – ең алдымен, мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Мирамонович Мирзиеевтің берік достығы мен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасының нәтижесі. Жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер барысында маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Мысалы, былтыр Өзбекстан Президентінің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде алдағы 10 жылға арналған стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды. Біз үшін сол келісімдерді тиімді іске асыру – басты міндет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осы ретте ол келесі жылы Алматыда өтетін Өңірлік климаттық саммиттің күн тәртібіне де тоқталды. Кездесуде тараптар Қазақстан мен Өзбекстан Парламенттерінің Палаталары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелерін қарастырды. Сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттері Парламентаралық форумының аясында аймақтың саяси, экономикалық және мәдени әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

«Елдеріміз арасында парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор. Бүгін қабылданған Жол картасы заң шығару тәжірибесімен алмасуды жандандырып, бірлескен іс-шаралар мен консультацияларды ұйымдастыруға, комитеттер мен Аппараттар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге жол ашады», – деді Сенат Төрағасы.

Сұхбатта су-энергетика, көлік-логистика, экология салалары бойынша жобаларды дамыту, ауыл шаруашылығы, машина жасау, білім беру, коммуникация және цифрландыру бағыттарын қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді. Парламенттер бұл бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қолдауға дайын екені атап өтілді.

Сонымен қатар екі ел арасындағы рухани дипломатияға мән берілді. Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін Өзбекстан тарапының тұрақты қолдап келе жатқанын, Өзбекстан мұсылмандары басқармасының белсенді қатысатынын атап өтті. Ол бауырлас елдің дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Танзила Нарбаева Қазақстанның Орталық Азиядағы тұрақтылық пен даму ісіне қосқан үлесін жоғары бағалап, екіжақты байланыстарды тереңдетуге мүдделі екенін айтты. Ол қазіргі кезеңде діндер мен мәдениеттер арасындағы бейбітшілік пен толеранттылықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Сапар аясында Танзила Нарбаева Қазақстан-Өзбекстан зиялы қауымының ғылыми-шығармашылық форумына қатысады. Сондай-ақ ол ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерімен кездесіп, «Астана» халықаралық қаржы орталығының және «Astana Hub» IT-стартаптар технопаркінің қызметімен танысады деп жоспарланған.