Жаһандағы жайсыздықтар сыртқы идеологиялық ықпалдың әсерін күшейте түсті. Бұл әдетте жасырын түрде немесе «жұмсақ күш» (soft power) арқылы жүреді. Сондықтан әлемдегі геосаяси күрделі кезеңде елдегі ырыс-ынтымақ ыдырамас үшін бірлігімізді бекемдей түсу маңызды. Осы ретте тұрақтылықты сақтауда, қоғамдық келісімді орнықтыруда БАҚ өкілдері этносаралық сала мәселелері төңірегінде сауатты ақпарат таратуы қажет.
Елімізде этносаралық келісім мен мәдени әралуандылық мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі саналады. Бұл ұстаным ақпарат майданында да өз өрісін тауып келеді. Ұлттық тұтастықты нығайтуда әлі де бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын материалдардың мазмұнына ерекше мән беру керек. Осы мақсатта Мәдениет және ақпарат министрлігі Президенттің биыл 24 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында берген тапсырмаларын іске асыру аясында Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты сарапшы мамандарының қатысуымен БАҚ өкілдеріне арнайы семинар ұйымдастырды.
Іс-шара онлайн форматта ZOOM платформасында өткізілді. Онда медиакеңістікте этносаяси терминологияны қолдану ерекшеліктері, этносаралық саладағы қоғамдық дискурста қолданатын терминдер, демографиялық және этнодемографиялық үрдістерді медиа аясында көрсету тәсілі айтылды.
– Қазіргі медиа кеңістікте, әсіресе БАҚ пен әлеуметтік желілерде этносаяси тақырыптарды жариялауда терминологияны дұрыс қолдану өте маңызды мәселе. Қақтығыс – ресурстар, мүдделер қайшылығынан туындайтын күрделі әлеуметтік құбылыс. Алайда оны этникалық негізге тіреу немесе этностық реңк беру көп жағдайда теріс салдарға әкеледі. БАҚ пен әлеуметтік желілер тікелей қатысушы болмаса да, қақтығысқа жанама әсер етіп, оны ушықтыра алады. Әсіресе фейк, дезинформация немесе біржақты мәлімет тарату арқылы. Этникалық маркерлерді (мысалы, аты-жөні, киім үлгісі, мәдени ерекшелігі) көрсету, қылмыскер немесе жәбірленуші тұлғаның этносын атап өту – бүкіл этникалық топқа қарсы стереотипті қалыптастырып, ксенофобиялық көзқарас тудыруы мүмкін. Сонымен қатар визуалды контент – әсіресе мемдер, фотосуреттер, дипфейк өнімдер адамның ішкі дүниесіне әсер етіп, эмоциялық реакция тудыратын қуатты құрал. Сондықтан оның шынайылығын тексеру және бейтарап ұсыну – БАҚ-тың кәсіби жауапкершілігі. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, «этносаралық қақтығыс» деген терминді тікелей қолдану орынсыз, себебі қақтығыстар көбіне әлеуметтік, тұрмыстық, экономикалық факторлардан туындайды, – дейді ҚЭЗИ Этносаралық ахуал мониторингі орталығының бас менеджері Жұлдыз Кәрім.
Сондай-ақ семинарда елдегі этникалық қауымдастықтарға диаспора сөзі қолданылмайтыны, этнос пен ұлт ұғымдары – бір-біріне синоним емес, мағынасы жағынан мүлде бөлек терминдер екені де айтылды.
– Этнос – ортақ тілі, мәдениеті, тарихи санасы қалыптасқан, белгілі бір аумақта өмір сүретін қауымдастық болса, ұлт – саяси, мемлекеттік бірлікке негізделген ұғым. Қазақстанда 2021 жылғы ұлттық санақ бойынша 124 этнос өкілі өмір сүреді, алайда бұл 124 ұлт емес, 124 этнос дегенді білдіреді. Сондықтан «өзге ұлт өкілдері», «ұлтаралық келісім» деген сияқты тіркестерді қолдану дұрыс емес, орнына «өзге этнос өкілдері», «этносаралық келісім» деген нақты әрі ғылыми негізді терминдер қолданылуы қажет. Этносаралық қатынастарға қатысты ақпарат таратуда журналистер осы айырмашылықтарды ескеруі маңызды. Себебі еліміз – унитарлы, президенттік басқару формасындағы мемлекет. Мұнда «ұлт» ұғымы азаматтық негізде түсіндіріледі, яғни барлық этностардың өкілдері – біртұтас қазақстандық ұлттың мүшелері. Ұлттық бірлік дегеніміз – түрлі этностардың ортақ мемлекеттік мүдде жолында бірігуі, елдің мәдениеті, ғылымы, спорты, ортақ мерекелері мен құндылықтарын бірге ұлықталуы. Бұл отандық патриотизмнің айқын көрінісі. Мысалы, Наурыз мерекесін немесе Тәуелсіздік күнін барлық этностардың бірге тойлауы, халықаралық жарыстарда түрлі этнос өкілдерінің Қазақстан құрамасы атынан өнер көрсетуі – осының дәлелі. Демек көпэтносты қоғам жағдайында ұлт – мемлекетті білдіретін ұғым, ал этнос – сол мемлекетті құрайтын мәдени, тарихи қауымдастық. Сондықтан медиада мұндай терминдерді сауатты, жауапкершілікпен қолдану – қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды шарты, – дейді ҚЭЗИ этномедиация орталығы директорының орынбасары Фарида Мұсатаева.