• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:58

Берік сенімге негізделген бауырластық

30 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізге ресми сапармен келген Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Кездесудің нәтижесінде тараптар Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты арасындағы Ынтымақтастықты дамыту бойынша 2025–2026 жылдарға арналған Жол картасына қол қойды.

М.Әшімбаев Т.Нарбаеваға ілтипат білдіріп, делегация мүшелерін Өзбекстанның келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Сондай-ақ ол екі елді тереңнен тамыр тартатын бауырластық, достық, тату көршілік дәстүр байланыс­тыратынын атап өтті. Палата спикері Мемлекет басшылары айқындап берген өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын әрі қарай жалғастыру, сонымен қатар орнықты болашаққа қол жеткізу және Орталық Азияның ортақ міндеттерін іске асыру жолында бірлескен іс-қимылдың маңызды екеніне назар аударды.

«Біздің елдеріміз арасында барлық деңгейде тығыз саяси қарым-қатынас жолға қойылған. Экономикалық өзара іс-қимыл белсенді дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығайып келеді. Бұл – ең алдымен, мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің берік достығының, құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынасының және олардың ерік-жігері мен бірлескен жұмысының нәтижесі. Жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер мен Мемлекет басшыларының өзара сапарлары барысында маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Осы ретте Өзбекстан Президенті былтыр тамыз айында елі­мізге жасаған мемлекеттік сапарын ерек­ше атап өткен жөн. Соның аясында алда­ғы 10 жылға арналған стратегиялық серік­тес­тік пен ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды. Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген барлық келісімді тиімді іске асыруға өз үлесімізді қосу – біздің басты міндетіміз», деп, Сенат төрағасы келесі жылы Алматыда өтетін Өңірлік климаттық саммиттің негізгі тақырыптарына тоқталды.

Сонымен қатар кездесуде Қазақстан мен Өзбекстан Парламенті Палаталары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері талқыланды. Оған қоса, Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумы аясында Орталық Азияның саяси, экономикалық және мәдени әлеуетін іске асыру жөніндегі міндеттер белгіленді.

«Елдеріміз арасында парламентара­лық ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор. Бүгін осы бағыттағы алдағы міндет­терді айқындайтын Палаталар арасын­дағы өзара іс-қимылдардың Жол картасына қол қоямыз. Бұл құжатты қабылдау заң шығару қызметінде тәжірибе алмасуды жандандыруға, бірлескен іс-шаралар мен консультациялар өткізуге, сондай-ақ, тиісті комитеттер мен Палаталар Аппараттары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға мүмкіндік береді», деді М.Әшімбаев.

Сұхбат кезінде тараптар су-энер­гетика, көлік-логистика және экология саласындағы жобаларды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, машина жасау, білім, коммуникация мен цифрландыру бағыттарын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін және басқа да маңызды секторларды қамтамасыз етуге арналған бастамаларды да Парламенттер арқылы қолдауға ерекше назар аударды.

Кездесуде парламентаралық байланыс­ты одан әрі нығайтумен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алдағы съезі шеңберінде рухани дипломатияны дамыту мәселесі де сөз болды. М.Әшімбаев аталған Форумды Өзбекстан тарапы жан-жақты қолдап, Өзбекстан мұсылмандары басқармасы съезге белсенді қатысып келе жатқанын айтты және бауыр­лас елдің өкілдері дінаралық диалогті ілгерілетуге, әлемді алаңдатып отырған бүгінгі өзекті мәселелерді шешу жолында рухани лидерлерді жұмылдыруға атсалысқаны үшін алғыс білдірді.

Өз кезегінде Т.Нарбаева еліміздің Орталық Азия өңірін дамытуға қосқан үлесі, сондай-ақ көптеген сын-қатер­ді еңсеру және негізгі бағыттар бойын­ша қазақ-өзбек байланыстарын нығайту жолындағы ерік-жігері үшін ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар Олий Мәжіліс Сенатының төрағасы қазіргі таңда діндер мен мәдениет­тер арасындағы бейбітшілік, келісім және толеранттылық идеяларын ілгері­летудің маңызды екенін айтып, ынты­мақтастықтың аясын одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.