• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:53

Парламентаралық байыпты байланыс

30 рет
көрсетілді

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Астанаға ресми сапармен келген Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Тараптар парламентаралық ықпалдастықты арттыру мәселесін талқылап, екіжақты қарым-қатынастың өзекті жайттары бойынша пікір алмасты.

Қазақстан мен Өзбекстан арасын­дағы парламентаралық диалог қар­қынды қанат жайып келеді. Тек биылдың өзінде екі ел Парламенттерінің басшылары түрлі алаңда бірнеше мәрте кездесу өткізді.

Жоғары деңгейдегі келіссөздер бүгін Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты төрағасының Қазақ­станға ресми сапары аясында жалғасын тапты. Кездесуде Ерлан Қошанов өзбек халқын келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ба­уырлас ағайынға бақ-береке тіледі.

– Бүгінде елдеріміз арасындағы күн тәртібінің мазмұны артып келеді. Ынтымақтастығымыз стра­тегиялық серіктестік пен одақтас­тық рухында қарқынды дамып келеді. Бұл – әрине, біздің Прези­денттеріміздің ерен еңбегінің нәтижесі, – деді Е.Қошанов.

Стратегиялық әріптестік Пар­ламент деңгейінде де серпінді жалғасып келеді. Парламентаралық байланыс – екі ел басшыларының келісімдерін іске асыратын маңызды тетіктің бірі. Сондықтан депутаттар бұған ерекше мән беріп, тығыз байланыста жұмыс атқарып жатыр.

– Көшбасшыларымыздың кез­десу­лерінің қарқыны мен нәтиже­л­ілігі парламентаралық байланы­сымыздың сипатын айқындайды. Шавхат Мирзиёевтің біздің елге жасаған 2021 жылғы сапары барысында Президенттеріміз барлық уағда­ластықтың орындалуын парламент­тер бақылауы керек деген ортақ пікірге келді. Сөйтіп, Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда Кеңес тиімді жұмыс атқарып отыр. Біз Ташкентте және Алматыда кеңестің екі отырысын өткіздік. Президенттері­міз­дің арасындағы барлық келі­сім парламентшілердің бақылауында. Жалпы, депутаттарымыздың әр кездесуі екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға ерекше қарқын беруде, – деді Е.Қошанов.

Өз кезегінде, Танзила Нарбаева қонақжайлық танытқаны үшін еліміз тарапына зор алғысын айтып, екіжақты парламентаралық байланыс нығая беретініне сенім білдірді.

– Көптеген мәселе бойынша біздің көзқарасымыз ұқсас. Және үнемі бір-бірімізді қолдап келеміз. Президенттеріміз де бірдей бағыт ұстанады. Ол – азаматтарымыздың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасау, бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты қамтамасыз ету. Көшбас­шы­ларымыз екі ел арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 10 млрд долларға жеткізу жөнінде ауқымды міндет қойды. Оған барлық мүмкіндік бар. Біздің мақсатымыз – Президенттеріміздің келісімдерін іске асыру үшін заңнамалық негіз қалыптастыру, – деді Танзила Нарбаева.