• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:35

Рухани әлеуеті мол өңір

30 рет
көрсетілді

Өткен апта Солтүстік Қазақ­стан облысының рухани өмірі айтулы оқиғаларға тол болды. Ол Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбе­тов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Туризм және спорт пен Мәдениет және ақпарат министрліктерінің, Түрік мәдениеті мен мұрасы халық­ара­лық қорының басшылары т.б. қатысқан халықаралық жиындар еді.

Ботай – озық мәдениеттің діңгегі

«Мінсең – ат, ішсең – қымыз, жесең – қазы, Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан. Атты артық көрген елміз мінген тақтан, Қызық-ақ біздің бәйге қырда шапқан» деп ақын Ілияс Жансүгіров жырлағандай бар өмірінің сәні, мәні, қызығы, айшылық алыс жерлерге жыл­дам жеткізер қанаты, жауға шапса жарағы болған қайран жылқы – қа­зақтың бірге туғандай ажырамас серігі. Осыдан бес мыңдай жыл бұрын жабайы жылқыны аталарымыз қолға үйретіп, әлемде ең бірінші болып пайдасын көре бастаған жер «Ботай қонысы» екендігі дүниежүзі бойынша дәлелденген. Сол киелі мекеннің өзге емес Қызылжар өңірінде орналасқанын бүгінгі күні барша қазақстандықтар орынды мақтан етеді.

Президент Қ.Тоқаевтың: «Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәсе­лесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміз­дегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жер­лері­міз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», деген тапсырмасына орай туристік әлеуеті аса зор «Ботай қонысын» жаң­ғырту қазір қызу қолға алынып жатыр. Биыл үшінші рет онда әлемнің 12 елі­нен келген суретшілердің симпозиумы жалғасын тапты. Осы симпозиум халықаралық аренада өзінің мәртебесін нығайтуда. Симпозиумға қатысқан суретшілердің әрқайсысы Ботай өңірінен және өзінің қиялымен бір-бір картинадан жа­зып, оның біреуін Қызылжардағы Ботай көрмесіне сыйлайды. 11–17 тамыз аралығында өткен симпозиум Пет­ро­павл қаласындағы «Ботай» арт-гале­рея­сындағы көрмемен аяқталды.

Симпозиум бағдарламасын этнографтар, тарихшылар, қолөнершілер, суретшілер мен жастарды біріктірген «Ботай-түркі әлемінің негіздері» ха­лық­аралық семинар – тимбилдингі толық­тырды. Оған Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Мажарстан, Моңғолия және Ресейдің Татарстан, Башқұртстан, Саха, Кабарда-Балқар өңір­лерінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар мұнда 15 археолог-студент қазба жұмыс­тарымен айналысып жатыр.

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев және сала басшы­лары экспозициялармен танысып, ше­телдік делегация өкілдерімен әңгі­ме­­­­ле­сіп, туризмді дамыту, мәдени мұ­ра­­­ны сақтау және халықаралық ынты­­мақтастық келеше­гін тал­қыла­ды. «Та­рихи ескерткіш­тер – біз­дің халық­тың тарихындағы өр­ке­ниетке ұмтылуы­мыз­дың көріні­сі, олар Қазақ­станның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің баға жетпес мұрасы. Бүгінгі таңда «Ботай қонысын» бүкіл әлемнің ғалымдары мойындап отыр. Және мұндай нысан­дар­дың болуы ата-бабамызды жадымызда сақтауға және болашақ ұрпақты шабыттандыруға ықпал етеді. Мұндай ескерткіштерді қолдау мен қорғау, оларды зерттеуге, туризмге жағдай жасау қажет. Қазір мұнда кино түсіріліп, археологиялық экспедициялар өткізіліп, халықаралық симпозиумдар мен білім беру бағдарлама­лары ұйымдастырылып, мұраны ғы­лым, шығармашылық және демалыс үшін тартымдылығы ауқымды кеңістікке айналдыруда», деп атап өтті вице-премьер.

«Осы іс-шараны ұйымдастырғандар­дың барлығына алғысымды білдіргім ке­ле­ді. Ботай бүкіл әлемге көрсетілуі ке­­рек, бұл жер туралы мүмкіндігін­ше көп адам білгенін қалаймын», деді ­Әзер­­байжанның еңбек сіңірген сурет­шісі, Йедитепе университетінің профессоры, Түркия әскери-теңіз күштерінің бас суретшісі Азиз Рефик бей.

«Ботай қонысының» қалай табыл­ға­ны жөнінде М.Қозыбаев атындағы Солтүс­тік Қа­зақ­стан университетінің про­фессоры Анатолий Плешаков: «Виктор Зай­берт екеуміз мұнда бірнеше адамды жібердік, олар олжалы болып, өте көне жәдігерлермен оралды. Мұнда біз жебе ұштарын, көптеген қырғыштарды және «үтіктер» деп аталатын өңделген тас дискілерді таптық. Ботай – әлемдік маңы­зы бар бірегей ескерткіш. Өйткені дәл осы жерде жылқы алғаш рет қол­ға үйретілген. Қымыздың қалай ашытыл­ғаны туралы деректер де табылды», деді.

«Бүгінде Ботай мәдениеті адамзат тарихында ерекше орын алады. Ол туралы әлемнің жетекші ғылыми орта­лық­тарына белгілі. Қазір бұл мәдени мұра туралы деректер мектеп және университет оқулықтарына енгізілген. Біз мұны мақтан тұтамыз. Бүгінгі сияқты іс-шара­лар, семинарлар, симпозиум­дар, көр­мелер маңызды және қажет деп са­наймыз. Мұның бәрі тарихы­мыз бен мәдени мұрамызды сақтауға ­және наси­хаттауға ықпал етеді», деді ­тарих ғы­лым­дарының докторы, профес­сор, Герма­ния Археология инсти­ту­ты­ның кор­рес­пондент-мүшесі Зейнолла Самашев.

«Мен осында келгеніме өте қуа­ныш­тымын. Бұл – екінші сапарым. Соңғы рет 25 жыл бұрын Виктор Зай­бертпен бірге ат басын бұрған едім. Бүгінгі таңда бұл орын халықаралық ­туризм орталығына айналып келеді. Виктор Федорович марқұмның рухы бұған ­шаттанатынына сенімдімін», деді ­археолог, биоантрополог, Париждің Ұлт­тық ғылыми зерттеулер орталығының ­аға ғылыми қызметкері Бендезу-Сармиенто Хулио.

«Ботай қонысы» басындағы жиын облыс орталығындағы «Ботай-түркі әле­мінің негіздері» атты халықаралық ғы­лы­ми-практикалық конференциямен жал­ғасты. Оның жұмысын М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық университеті «Ботай – Ұлы дала мә­дениеті» деген атпен дайындады. Кон­ференцияда Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұр­мұхамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және басқалар құттықтау сөздерін айтты. Өз еліміздің қалаларынан және Әзербайжан, Фран­ция, Түркия, Ресей, АҚШ елдерінен кел­ген ғалымдар Ботай мәдениетінің халықаралық маңызы жөніндегі ойларын ортаға салды. Жиында Ботайды аш­қан марқұм Виктор Зайберттің әйелі Галина, інісі Юрий де сөйлеп, ға­лым­ның қалың жұртшылық біле бер­мейтін қырлары туралы әңгімелер бер­ді. Ресейдің Челябі қаласындағы «Ар­қайым» музей-қорығының директоры Елена Кондрашина «Темір» қор­ғанын­дағы жерлеу рәсімдері қазақтікі екені дәлелденгенін жеткізді. Олар бұдан бес мың жыл бұрын өмір сүрген Оңтүстік Орал мен Солтүстік Қазақстанның тұр­ғындарына тиесілі екен. Демек, Ботай тұр­ғындарымен бір кезде өмір сүрген... Кон­ференцияда жасалған баяндамаларда осындай қызық деректер де айтылып қалды.

Биыл шілде айында қаламыздың кіре­беріс қақпасына Ботайға арнал­ған ес­керткіш орнатылғаны белгілі. Онда қыл мо­йынға түскен тұзақпен тағы­ны тұ­қырта білген арғы (прото) қазақ бей­неленген. Сөйтіп, Ботай мәдениеті әлемдік аренаға қарышты қадам жасап келеді.

 

Тұтас түркі дүниесінің тамыршысы

Өткен аптада Қызылжар өңіріндегі тағы бір үлкен мәдени-рухани шара – «Мағ­жан орталығының» ашылуы болды. Орталықтың маңызы музейге қарағанда әрі кең, әрі мүмкіндігі мол. Мұнда келген азаматтар экспонаттармен танысып қана қоймай, ғылыммен де айналыса алады. Ақынның туған жері Мағжан ауданындағы Сартомар ауылындағы музейі әлі де орнында, бірақ ол облыс орта­лығынан 120 шақырым жерде. Мағ­­жан­ның өмірі мен шығармашы­лы­ғы туралы жедел ақпарат алғысы кел­­ген зерт­­­теушілердің көбі онда бару­ды ­қиын­­сынады. Енді Қызылжар­дағы орталық сол олқылықтың орнын тол­ты­рып, жас­тардың ақын өмірімен та­нысуға ұм­тыл­ған қада­мын жеңілдете түсті.

«Мағжан орталығы» қаладағы әсем, көне ғимараттардың бірі – Жанқоразов деген көпестің ХІХ ғасырда салынған үйінде ашылды. Кіреберіс алаңына ақынның шағын ескерткіші орнатылған, бағалы экспонаттар қатарында жазу машинкасы, үй жиһаздары, өз заманының сәні болған аспалы сағат және басқа да бұйымдар бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның 130 жылдығына жібер­ген құттықтауында: «Мағжан Жұмабаев – қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұрты­­ның мақта­ны­шы. Мағжанды тану, Мағжан­ды таныту – тәрбиелік әрі тағылым­дық мәні бар мәселе. Сол себепті оның шы­ғар­­­машылығын терең зерделеп, жан-жақ­ты дәріптеу керек» деген еді. Мағ­жан ор­талығының ашылуы да Мемлекет бас­шысының осы талабының аясында жү­зеге асып жатқан шаруа деп айтуға болады.

Орталықтың ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, республикалық «Қаһармандар» қоры­ның төрағасы, қоғам қайраткері Сабыр Қасымов, Жазушылар одағы төр­ағасының орынбасары Қасымхан Бег­манов, Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы қорының басшылығы, меценаттар, ақынның ұрпақтары мен ­зия­лы қауым өкілдері қатысты. Е.Көшер­баев өзінің сөзінде «Мағжан орталығы­ның» ашылуы – рухани құндылықтар­ды сақтау, ұлттық мәдени бірегей­­лікті нығайту және Қазақстанның түркі әлеміндегі рухани-мәдени орталық ретіндегі рөлін арттыру жолындағы ма­ңызды оқиға екенін айтып, ақын­ның «Алыстағы бауырыма» өлеңі 1919 жылы жаулары жан-жа­ғынан анталағанда түр­кітектес туыс­та­рымызға жаны ашып шығарған жыр екенін еске алды. «Түрік халқының өкіл­­дері күні бүгінге дейін қазақ шайы­ры­на ризашылығын біл­діріп отыр. Осы орталықтың ашылуына да түрік кәсіпкері, «YDA Holding» кәсіпорнының басқарма төрағасы Хұсайын Арыслан қаржылық қолдау көрсетті», деп ша­ра­ға қатысып отыр­ған оны халықтың риза­шылығына бөлеп, қол соқтырды. Ал Саясат Нұрбек Мағжан еліндегі жал­ғыз жоғары оқу орнының бүгінгі та­быс­тары туралы айтып өтті. Соның ішін­де университет­­тің халықаралық мәр­тебесінің нығай­­ты­лып, Түркиядан 100 бала оқуға келеті­нін, биыл осындағы Аризона универ­си­теті­нің филиалына 350 түлектің түс­ке­нін, ал күзде ­3 курс бітірген 30 шәкірт ­Аме­рикаға атта­натынын, 1 200 орындық жатақхана кешені салынға­нын, т.б. жет­кізді. Ал Мағжан­ның ұлы істері қата­рын­да «Педагогика» оқулығын айрықша баға­лайтынын атап өтті.

«Қаһарман­дар» қорының төрағасы Сабыр Қасымов Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақ­тау жөніндегі Мемле­кеттік комиссия ақынның ғажап шығар­машылық қана емес, қоғамдық-саяси ерлігіне де көз жет­кізгенін айтты. «Ол – ұлтын сүйген, Отанын сатпаған на­ғыз патриоттықтың асқақ үлгісі, бұл­жымас эталоны. «Мен өлсем де Алаш өлмес, көркейер, Істей берсін қол­да­рынан келгенін» деген сияқты сөздер оның сағының сынбай, ұлты үшін қан­дай қиындыққа да қыңбай шыдаған, қайт­пас қайсар ер екенін көрсетеді. Ол халықтың санасын ояту жолында мәңгі өшпес өсиет қалдырды. Өмірі қатаң бақылауда болған жылдардың өзінде халқын оятудың жолдарын іздеп, ертегі айтқан болып ерлік пен өрліктің отын жақты. Қазақтың көптеген белсенділері маркизм-ленинизмнің қызыл тіліне малданып жатқанда ол елге идеологиялық, шығармашылық және мәдени тұрғыда қалай қызмет етуді өзінің «Табалды­рық» бағдарламасында көрсетіп берді. Тәуел­сіз ел болудың қандай құндылықтары болу керектігін де нақты атады. Ал осындай ерімізді біз саяси тұрғыдан әлі күнге ақтай алмай жүрміз. Жазықсыз қайраткерлеріміздің бәрін бізде прокуратура «ісінде қылмыстық құрам жоқ» деген шешіммен ақтаған болды. Іс жүзінде оларды айыптаушы орган емес, сот ақтауы керек еді, бірақ соттар сүйенетін заң бізде әлі күнге жоқ. Халықаралық тәжірибеге сүйеніп, осындай ардақтыларымызды саяси тұрғы­дан ақтау жөніндегі заң жобасы дайындал­ған, бірақ оны Парламентіміз әлі күнге дейін қабылдаған жоқ. Бәлкім, осының кесірі­­нен шығар, Мағжанға ел Тәуелсіздігі­нің бе­сігі – Алматыда да, елордамыз Астана­да да әлі күнге ескерткіш қойылма­ған. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақа­сов сияқты ерлерімізді ұлықтай білсек қана жастарымыз олардың үлгісін алар еді. Туған халқының жарқын болашағы үшін күрескен осындай ерлерді саяси тұрғы­дан ақтайтын арнайы заң немесе Прези­дент Жарлықтары тәуелсіздігін алған көп­теген демократиялық елдер­де қабылдан­ды. Содан кейін ғана бұл ел­дерде кеңес заңымен қудаланған жазықсыз саясаткерлер, елдің нағыз патриоттары тегіс ақталды. Сондықтан бізде де сондай мем­лекеттік актілер қабылдануы керек. Ал ғылыми еңбектер, конференциялар, мақалалар, басшылардың сөздері бұл міндетті орындай алмайды. Өйткені құқықтық және саяси реабилитация­ны тек мемлекет қана жүзеге асыра ала­ды», деді ол. Бұл сөздерді тыңдаған халық қол соғып қабылдаса да біраз адамды таңырқатып қалғаны белгілі, өйткені халық Мағжанды толық ақталған екен деп ойлайды.

Қазақстан Жазушылар одағы төр­ағасының орынбасары, ақын Қасым­хан Бегманов Семейдегі Абай тойынан кейін «Мағжан орталығының» ашылуы­на қуанышпен жеткенін айтты. «Шын мәнінде Абайдан кейінгі қазақтың кең құлашты, құз жартасты, терең ақы­ны Мағжанға мынадай сый жасалып жат­қаны табиғаттың үйлесімі деп айтуға бо­лады. Осы шара басталғанша жылап, аспаннан нұрын құйып тұрған күн­нің де қазір жарқырап ашылуы – сол үйле­сімдіктің көрінісі емес пе? Ендеше, Абай, Мағжан сияқты ақындар мәңгі өлмейді, халқымен бірге жасай береді», деді ол.

Жиында Мағжанның туыстары­ атынан сөйлеген Марат Мүсілімов (ақын­ның ағасы Әбәмүслімнің неме­ресі) Алаш арысын ұлықтаған Президент­ке, жергілікті билікке өзінің алғы­сын жеткізді. Кәдесый ретінде ол немере ағасы Ғаділша Қаһар­мановтың немересі­мен бірге «Мағжан орталығына» өз үйлерінде сақталған жазбаларды тапсырды. Соның ішінде ақын Хамза Абдуллиннің ­Мағжан ақталмай тұрған әнебір жыл­дар­да әкелері Ғаділша Қаһармановқа қол­дан жазып берген «Батыр Баян» поэма­сын да берді.

Шара барысында «Біздің Мағжан» жинағының тұсаукесері болды. «Мағ­жан орталығының» басшылығына бел­гілі журналист, жазушы Жарасбай Сүлейменов тағайындалды. «Мағжан энциклопедиясы» сияқты сүйекті кітап­ты құрастырған қаламгердің «Мағжан орталығына» басшы болуын жұрт риза­шылықпен қабылдады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы