Алматыда Түркі мемлекеттері ұйымының IV Халықаралық жастар фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінен делегаттар келді. Фестиваль аясында жастар саясаты, кәсіпкерлік, азаматтық белсенділік және әлеуметтік бастамаларды дамыту бағыттарында семиналар ұйымдастырылып, жас көшбасшылар мен кәсіпкерлер ой-пікірін ортаға салды. Жиынның ресми ашылуы барысында Алматы қаласына «2025 жылғы Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесі берілді.
Салтанатты жиынды ашқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Алматы – азаттығымыздың алтын бесігі, жасампаз жастардың құтты мекені. Өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан көптеген ұлы тұлғаларымыз осы қалада өсіп-өнген. Шын мәнінде, төл мәдениетіміздің темірқазығына айналған шежірелі шаһар қазақ елінің ғана емес, түркі мемлекеттерінің де рухани ордасы саналады. Бүгін асқаралы Алатаудың баурайында түбі бір түркі жұртының білімпаз, дарынды әрі белсенді жастары бас қосып отыр. Іргелі іс-шара аясында жаңа достар тауып, тың идеялар мен жобаларды жүзеге асырасыздар деп сенемін. Өрендеріміздің бірлігі бекем болса, түркі әлемінің тұғыры мығым, болашағы жарқын болары сөзсіз. Қазақстан бауырлас халықтардың игі бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Біз елдеріміздің арасында жан-жақты ықпалдастықты нығайтуға айрықша мән береміз. Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуі, Ақтаудың Түркі әлемінің мәдени астанасы және Алматының Түркі жастарының астанасы атануы – соның айқын дәлелі», делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Іс-шара барысында Алматыға ресми түрде «2025 жылы – Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесі берілді. Бұл жастар саясатын дамытудағы қаланың белсенді рөлін айқындап, түркі дүниесі елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың жаңа кезеңіне жол ашты. Бұған дейін бұл мәртебе Әзербайжанның Ленкорань қаласына берілген еді.
Өз сөзінде министр Аида Балаева Алматының мәдениет пен ғылымның, білім мен инновацияның тоғысқан орталығы екенін атап өтті. Оның айтуынша, қала бүгінде түркі әлемінің жас көшбасшылары мен шығармашыл өкілдері үшін жаңа идеялар мен серіктестіктің ордасына айналып жатыр.
Салтанатты іс-шараға арнайы қатысқан ТМҰ бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев: «Бүгін біз Түркі әлемінің жастар астанасы атағын Ленкорань қаласынан қарқынды дамып келе жатқан Алматы қаласына табыстау сәтінің куәсі болып отырмыз. Бұл қадам ортақ құндылықтарымыздың сабақтастығын, сондай-ақ болашақ Түркі әлемін қалыптастырудағы жастардың өсіп келе жатқан рөлін айқын көрсетеді. Өздеріңіз білетіндей, Алматы қаласына бұл мәртебе Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жастар және спорт министрлерінің 8-отырысының шешімі негізінде берілген еді. Қаланың заманауи мәдени өмірі, белсенді білім беру мекемелері және ынталы жастары – Түркі әлемінің жаңа буынының рухы мен әлеуетінің айқын көрінісі», деп атап өтті.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қала жастарының лебізімен бөлісіп: «Алматы – түркі елдерінің жастары бас қосатын, ортақ мұраттар тоғысатын, мәдениетіміз бен дәстүріміз жаңғыратын үлкен ортаға айналып келеді. Бұл мәртебе – тек атақ емес, болашаққа деген уәде. Түркі жастарының дауысы осы Алматыдан естіліп, идеялары бастау алып, достығы осы шаһарда бекісін! Алматы – біздің ортақ үйіміз, түркі жастарының шамшырағы, болашақтың орталығы!» деді.
Айта кетейік, халықаралық фестиваль Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен салтанат құрды.
Абай алаңында ұйымдастырылған іс-шарада Алматы тұрғындары мен қонақтарына эстрада өкілдері мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен кең көлемді концерт ұсынылды. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер – Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан келген делегаттар жастар саясаты, кәсіпкерлік, азаматтық белсенділік және әлеуметтік бастамаларды дамыту тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ жас көшбасшылар мен кәсіпкерлердің кездесуі өтті.
Жыл бойы Алматыда халықаралық жастар кемпингі, «Digital Turkic Youth» форумы, «Жайдарман fest» фестивалі және экология, мәдениет пен жастар бастамаларына арналған басқа да жоба ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар түркі дүниесі жастарының бірлігі мен шығармашылығының, жасампаздығының айқын көрінісі болмақ.
АЛМАТЫ