• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:05

Қазақ-өзбек зиялыларының интеллектуалдық форумы

30 рет
көрсетілді

Астанада Ұлттық музейде Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев және Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевалардың қатысуымен қазақ-өзбек ғылыми-шығармашылық зиялыларының бірінші форумы өтті. Іс-шара аясында тараптар жаны мен қаны бір бауырлас екі елдің рухани байланыстарын нығайту мәселелерін талқылады.

Еларалық тарихи сабақтастық

Қазақстан Парламенті Сенаты­ның төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақ-өзбек ғылым­дары мен шығармашыл зия­лы­ларының басын қосқан алғашқы форумының қатысу­шыларын құттықтап, осы жиынның мән-маңызына тоқталды. Спикер Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің саяси дипломатиясы мен күш-жігері­нің арқасында екі ел арасын­дағы достық қатынастар, соның ішінде гуманитарлық және мәдени байланыстар барған сайын нығайып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми-шығармашылық зиялы қауымы өкілдері жиналып, бір үстелдің басында бас қосып отыр. Бұл орайда қазақ-өзбек зиялыларының форумы бауырлас халықтардың рухани ынтымақтастығына жаңа жол ашады деп сенемін. Форумның Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваның Қазақ­станға ресми сапары аясында өтуі іс-шараның маңызын одан әрі арттыра түседі деп ойлаймын», деді М.Әшімбаев

Сондай-ақ спикер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Танзила Нарбаеваны екіжақты стратегиялық серіктестікті тереңдетуге сіңірген еңбегі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапат­тағанын да айта келіп, бұл құрмет екі ел арасын жақындата түсетіні­не сенім білдірді. Сенат төрағасы алғаш рет өткізіліп жатқан форумда ғылы­ми және мәдени ортаның өкілдері екі ел­дің мәдени-гуманитарлық ынтымақ­тастығын нығайтуға, халықтық дип­ломатияны дамытуға және дәстүр сабақтастығын сақтауға қатысты маңызды мәселелерді талқылауға тиіс екеніне тоқталып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту өңірлік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

«Біз тек тату көрші ғана емеспіз. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз шынайы достық пен бауырластыққа негізделген. Салт-дәстүріміз бен рухани құндылықтарымыздың түбірі бір, ортақ мәдени мұра болып саналады. Қазақ халқы өзбек халқына үнемі ілтипат танытып, бауыр ретінде құрмет тұтады. Қуанышта да, қиын-қыстау кезде де бір-бірімізге көмек қолын созып, бауырластық танытып келеміз. Қазіргі шекарамыз жоқ кезде біздің басымызды Ұлы Жібек жолы қосқан еді. Осындай тарихи сабақтастық пен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, бүгінгі қарым-қатынасымызға жаңа серпін беруіміз керек», деді Мәулен Сағатханұлы.

Сондай-ақ М.Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстан зиялылары­ның алғашқы форумы Мемлекет басшы­сының тікелей тапсырмасымен өткі­зіліп жатқанын, Президент екі елдің ғылыми-шығармашыл зиялыларының өзара байланысына үнемі баса мән беретінін, осы орайда бұл алаң бауырлас халықтар­дың гуманитарлық ынтымақтастығын тереңдетуге жол ашатынын айтты.

«Кейінгі жылдарда Қазақстан Пре­­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбек­стан Президенті Шавкат Мирзиёевтің басшылығымен қазақ-өзбек қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Бұл ретте мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық басым бағыттардың бірі екенін атап өткен жөн. Шын мәнінде, мәдениет, өнер, білім дегеніміз – ешқандай саясат салқыны бұза алмайтын мызғымас көпірлер. Олар қашанда ортақ тарихқа, өзара құрметке және құндылықтарға табан тірейді. Ғылыми және шығармашыл ортаның бүгінгі кездесуі алдағы уақытта тың идеялармен, маңызды ойлармен және жаңа жоспарлармен алмасатын дәстүрлі алаңға айналады деп сенеміз. Осындай игілікті іс арқылы біз бір-бірі­міздің үнімізге құлақ асып, ортақ жар­қын болашақ жолында маңызды қадам жасаймыз», деді Сенат спикері.

Сонымен қатар М.Әшімбаев қазіргі жағдайда Қазақстан мен Өзбекстан халық­тары арасындағы достықты қалып­тастырып, нығайтатын адами байланыс­тар да ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Спи­кер бұл ретте жастардың айрықша рөл атқа­ратынына мән беріп, білім, ғылым, мәде­ниет салаларындағы ортақ бағдар­лама­ларды кеңейту, бірлескен зерт­теулер жүр­гізіп, тәжірибе алмасу, креативті және IT-жобаларды іске асыру керектігін мәлімдеді.

«Біздің елдеріміз ғылымға үлкен көңіл бөліп отыр. Бұл – қуантарлық жайт. Былтыр Астанада өткен Орталық Азия тарихшыларының форумы ортақ тарихымызды кәсіби тұрғыдан қайта қараудың қаншалықты қажет екенін айқын көрсетіп берді. Осыған байланысты алдағы уақытта бірлескен зерттеулерді, мұрағаттарға қол жеткізу жолын және жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми байланыстарды дамыту аса маңызды. Шын мәнінде, біздің мәдениет, білім, ғылым салаларындағы сүрлеуімізді параллель емес, керісінше, ортақ жолға айналдыруға толық мүмкіндік бар», деді Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы.

М.Әшімбаевтың айтуынша, Қазақ­станда тұратын этностық өзбектер үшін ана тілін үйренуге және дәстүрлерін сақ­тауға барлық жағдай жасалған. Мек­тептер, театрлар мен БАҚ сәтті жұмыс істеп келеді. Ал Өзбекстанда 800 мыңнан аса этностық қазақ тұрады, онда да мәдени орталықтар мен білім беру бағдар­ламалары жұмыс істейді.

«Бүгінде қос елдің жастары тек форум­дарда емес, әлеуметтік желілерде, онлайн жобаларда және бірлескен стартаптар­да да күнделікті қарым-қатынас орнатуда. Өзбекстан құрамасы футболдан әлем чем­пионатының финалдық кезеңіне алғаш рет шыққанда, мыңдаған қазақстандық шынайы құттықтауларын білдіріп, қолдау көрсетті. Бұл – өңірі­міздегі шынайы бірліктің белгісі», деп атап өтті Сенат төрағасы.

Спикердің айтуынша, бүгінде Қазақ­станда 5 мыңға жуық өзбекстандық студент оқып жатыр, ал қазақстандық жастар Ташкент пен басқа қалаларда білім алуда. Ұлттық университеттердің филиалдары ашылып жатыр.

«Бұл — жастардың өзара сенім мен ынтымақтастық жағдайында өсіп, бірлесе оқып, идеяларын жүзеге асырып, болашақтағы ұзақмерзімді серіктестікке негіз қалап жатқанының дәлелі», деді М.Әшімбаев.

 

Өзбекстандағы 400 мектепте қазақ тілі оқытылады

Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева Өзбекстан мен Қазақстанды ортақ мүдделер емес, терең тарихи, мәдени және рухани тамырлар байланыстыратынын атап өтті.

Форумда айтылған идеяларға қолдау білдіріп, оны өткізудің өзекті екенін және мұндай тың бастаманың мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге септесетінін жеткізді.

«Қазір біздің елдер арасында жоғары білім беру саласындағы байланыстың тамыры тереңдеп келеді. Мәселен, Өзбек­станда жыл сайын Қазақстанның жоға­ры оқу орындарының көрмелерін ұйым­дастырамыз. Жергілікті консалтинг­тік ком­паниялардың қолдауымен білім күн­дері аясында ұйымдастыратын бұл көр­­ме­лерге Қазақстанның қырыққа жуық уни­вер­ситетінің өкілдері қатысты. Сон­дай-ақ қазіргі уақытта Өзбекстан мен Қазақ­стан жоғары оқу орындары арасын­да бір­лескен төрт бірдей білім беру бағ­дар­ла­масы іске асырылып жатыр. Осы­ның нә­ти­же­сінде бағдарламалар аясын­да 188 студент білім алып жатыр», деді Т.Нарбаева.

Спикер осыған дейін қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсіп қалуға болмайтынын, жаңа мүмкіндік табал­дырығында тұрған қазіргі кезеңде екі ел бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып мәдени туризмді дамытып, бірлескен туристік маршруттар құру керектігін де айтты. Сондай-ақ түрлі фес­тивальдар, әдеби киножобалар сияқты бағыттар бойынша да бірлесе жұмыс жүргізу қажеттігін тілге тиек етті.

«Екі ел арасындағы рухани байланысты күшейтіп, түрлі жобалар жасап, жастарды осы үдерістерге белсенді тарту маңызды. Өйткені жастар мәдениетімізді болашаққа жалғап, тарихымыздың жаңа буынын қалыптастырады. Бұл орайда біз еліміздегі қазақ тілінде білім алатын мектептерге көмегімізді аямаймыз. Мәселен, дәл қазір Өзбекстандағы 400 мектепте қазақ тілі оқытылады, оның ішінде 162 мектеп – таза қазақ мектебі. Сонымен қатар Өзбекстанда қазақ тілінде жоғары кәсіби білім алуға да мүмкіндік бар. Мысалы, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде, Қарақалпақ мемлекеттік университетінде, Гүлстан мемлекеттік университетінде, сондай-ақ Наманган, Жызақ және Науаи қалаларындағы педагогикалық институттарда қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын даярлаймыз», деді спикер.

Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Т.Нарбаева Қазақстан мен Өзбекстан креативті индустрияларды бірлесе дамытса, екі елді әлемдегі мәдени идеялардың орталығы ретінде танытып, халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік туарын сөз етті.

«Әрине, мұндай ауқымды жобалар түрлі қолдауды талап етеді. Біз, бауыр­лас екі елдің парламенттері ретінде қолдау көрсетуге дайынбыз. Бірлес­кен бастамаларды жүзеге асыру үшін заңдық және ұйымдастырушылық жағдай­ларды жасауға мүдделіміз. Мұндай баста­­малар дәл бүгінгідей кездесулер бары­сын­да туындайды. Сондықтан да мәде­ниет пен ғылымды бірлесе дамыту ынтымақ­тастықты нығайтумен тікелей байланысты екенін естен шығармауымыз керек. Бүгінгі форум біздің гуманитарлық ынтымақтастығымызда жаңа табыстарға бастайтын маңызды кезең болады деп сенемін. Бұл орайда ғалымдар, мәдениет пен өнер қайраткерлері халықтарымыз арасындағы достық пен өзара түсіністікке қызмет ететін идеяларды туғызуға тиіс», деді өзбек спикері.

Сондай-ақ Т.Нарбаева ханым сөз соңында: «Алда Өзбекстанның Тәуелсіздік күні, ал сіздерде Конституция мерекесі келе жатыр. Осыған орай барша әріптес­терімді шын жүректен құттықтап, ең алдымен денсаулық, қажырлы еңбек­теріңізде табыс, отбасыларыңызға амандық пен бақыт тілегім келеді», деді.

 

«Түрік халықтарына ортақ әдеби сыйлық тағайындасақ...»

Қазақ-өзбек ғылыми-шығармашы­лық зиялыларының форумында кезекті сөз алған жазушы, қазіргі әдебиет классигі Төлен Әбдік бүгінгі кездесу­дің маңызын бұрынғы басқосулармен сабақтастыра отырып әңгімеледі.

«Кешегі кеңес өкіметі тұсында осындай кездесулер жиі өтетін. Ол кезде де достық, ынтымақ, бірлік туралы айтылып жататын. Бірақ тәуелсіздік алмаған кездегі айтылған сөздер шын мәніндегі үлкен достық­тың бастамасы бола алмады. Шына­йы қарым-қатынас орнаған жоқ. Қазір, Құдайға шүкір, егемен ел, еркін жұрт болдық. Енді біздің достығымызға, тату­лығы­мызға ештеңе кедергі бола алмайды. Қазақ пен өзбектің түбі – бір халық. Бір кез­дері тарихи тұрғыда ортақ атауымыз да болған. Кейіннен сая­си жағдайларға бай­ланысты ұлт екіге бөлініп, қазақ өз алды­на жеке отау құрып, бөлініп шықты. Сөйте тұра ұлтты құрап отырған руларымыз да, дініміз де – бір, тіліміз – ұқсас, тарихы­мыз – ортақ. Мысалы, сіздердің ауыз әде­биет­теріңіздегі Алпамыш пен Көреғұлы бізде де бар. Әлішер Науаи мен Абайдың туын­­ды­лары – бүкіл түркі халықтарына ор­тақ мұра. Бұл орайда жалпы түрік халық­­­тарын үлкен бір өркениетке қол жет­кізе ал­ма­ғандай көретіндер бар. Бұл – дұ­рыс көз­қарас емес. Біз жалпы түрік хал­қы болып, әлемдегі «Хорезм мәдениеті» де­ген құн­­ды­лықты жаратқанбыз. Оған Әл-Фараби, Ибн Сина, Әл-Бухари, Әл-Хорез­ми секілді ор­тақ тұлғ­а­ларымыздан қалған мол мұра дә­лел бола алады», деді Т.Әбдік.

Жазушы осы бір екі елге де ортақ көне мәдениет қазіргі кездегі рухани құндылықтармен астасып, өзара байланысып жатуы керектігіне де тоқталды.

«Біз бұрынғы өзбек әдебиетін жақсы білетінбіз. Қазақ қаламгерлерін де өзбек ағайындар аударып, насихаттап жата­тын. Қазір осы бір игі үрдіс үзіліп қал­ды. Яғни дәл осы сәтте «Бүгінгі қазақ пен өз­бек­тің әдебиеттінде кімдер бар? Өзбек­­тер­­де қандай талантты жазушылар шы­­ғып жатыр?» деген сұрақтарға жауап беру қиын. Осы форум аясында мен Орталық Азиядағы азғантай түрік халық­тары­­ның әдебиетін жақындастыру керек­тігі жөнінде бастама көтергім келеді. Ірге­дегі қырғыздар бар, арғы жақ­тағы әзер­бай­жандар бар, бәріміз біріксек, бізге ешкім тосқауыл қоймайды. Тіпті осы Орталық Азиядағы азғантай түрік халықтарына ортақ әдеби сыйлық тағайындармыз. Баяғыда Әбіш Кекілбаев екеуміз осындай бастама көтерген едік. Ол идея­мыз белгілі бір себептерге бай­­ла­ныс­­ты жүзеге аспай қалды. Тіпті ол сый­лық­тың ауқымын кеңейтіп ғылым, өнер, әдебиет саласындағы ортақ табыс­тар­ға ар­науымызға да болады», деді Т.Әбдік.

 

Халықтар арасындағы бірлікті нығайтуға жол ашылады

Ал Өзбекстан Ғылым академиясы вице-президенті Бахром Абдухалимов Орта­лық Азия аймақтық және жаһандық инте­грацияның маңызды тораптарының бірі­не айналғанына қатысты өз ойын ортаға салып, осы орайда Қазақстан мен Өзбек­станның ортақ тарихи-мәдени мұра­сын сақтау мен дамыту мәселесі стра­­те­­гия­лық маңызға ие екеніне тоқталды.

Б.Абдухалимовтың айтуынша, Қазақ­стан мен Өзбекстанды ғасырлар бойы қалыптасқан достық, ортақ тарих, мәдениет және халықтарымыздың бауырластық байланыстары біріктіреді. Географиялық жақындық пен рухани туыстық екі ел арасындағы қазіргі қарым-қатынастардың берік іргетасына айналды.

«Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жан-жақты ынтымақтастық бүкіл Орталық Азия өңірінің дамуына өзіндік түрткі болды. Осыдан он жыл бұрын бұл мүмкін емес сияқты көрінсе, бүгінде ол – нақты шындық. Қазіргі таңда Орталық Азия аймақтық әрі жаһандық интеграцияның маңызды торабына айналып отырған шақта ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтау мен дамыту мәселесін күн тәртібінен түсірмей, ортақ тарихқа бірлесе жүгіну, оны ғылыми тұрғыда зерттеу мен кеңінен насихаттауымыз керек. Осылай гуманитарлық дамуға және өзара іс-қимылға жаңа көкжиектер ашып қана қоймай, экономикалық және ғылыми серіктестікті, халықтар арасындағы бірлікті нығайтуға жол ашамыз», деді Б.Абдухалимов.

Өзбекстан Ғылым академиясы вице-президенті екі ел ынтымақтастығының жаңа бағыттарын да атап өтіп, архивтік қолжазбаларды цифрландыру және онлайн дерекқорлар құру, тарих пен мәдениетке қатысты бірлескен жобалар мен фильмдер түсіру, жастарға арнал­ған білім беру бастамалары, креативті стартаптарға қолдау көрсету, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі кеңес құру және мұндай форумды тұрақты өткізуді ұсынды.

 

Жәдитшілдікті кешенді зерттеу жалғасын табуға тиіс

Екі елдің ғылыми-шығармашылық зиялыларының басқосуында филология ғылымдарының докторы, академик, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Дихан Қамзабекұлы Өзбекстанда қайта жанданған жәдитшілдікті кешенді зерттеу мен насихаттау жұмыстарына ризашылығын білдірді.

«Кешелі бері сіздермен кездесіп, сұхбаттасқанымызға құрсан болып жатырмыз. Мұндай кездесулер әрқашан жақсылыққа бастайтынына, бұл бай­ланыстарға Жаратқан ие риза болып, Ахмет Ясауи, Әлішер Науаи, Абай Құнанбай, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай, Бехбуди, Фитрат, Чулпан, т.б. да­на­ларымыздың рухы да шат болады деп есептейміз. Біз ортақ тарихымыз­ды, ортақ Түркістанның азаттығы жолын­дағы қасиетті күресті, бірлік пен бере­кені асқақтатқан рухани мұрамызды ұмыт­пай­мыз. Өзбекстанда қайта жанданған жәдитшілдікті кешенді зерттеу мен насихаттау ісіне бек қуанамыз», дей келіп қазақ жәдитшілігіне қатысты ойын ортаға салды.

«Қазақстанда қазақ жәдитшілдігі 2000 жылдардың басынан зерттеле бастады. Біздегі жәдитшілдік Алаш ұғымымен астасқан. Бірақ әдебиет пен білімдегі концепция, ағым, бағыт ретінде барша құндылығы, терминологиясы, құрылымы сақталған. Чулпан, Фитрат, Абдолла Авлони, т.б. өзбек даналары, ақындары туралы мәлімет, шығармаларының жекеленген аудармалары сол 2000 жылдардың басында қазақ баспасөзіне шықты. Фитраттың «Әмір-Темір сағанасы» пьесасындағы баба аруағына тағзым ететін кейіпкердің: «Уа, алдияр! Езілген, жаншылған, тоналған түрік халқының бір ұлы саған медет сұрап келіп тұр! Саған ойрандалған, гүлі тапталған, бұлбұлының үні өшкен Тұран шырақшысы көмек сұрап келіп тұр! Тұранның қапқаздық өкілі жанып кетті, әзербайжаны жойылды, түркімені алданды, татары тоналды, өзбегі жаншылды, қазағы аштан өлді. Естимісің, алдияр!» деген сөзін оқып, қайран қалғанбыз. Өлмейтін, өшпейтін туынды жаңғырығы осындай болады», деді Д.Қамзабекұлы.

Сондай-ақ академик сөзін қорыта келе өз ұсынысын ортаға салды.

«Байырғы Түркістан, Орталық Азия елдері үшін Бұхара, Самарқанд, Ташкент шаһарлары кезінде Мәскеу мен Ленинградтан кем болған жоқ. Осы шаһарларда оқыған ғұламаларды, сол шаһарларға таяу сүйегі жерленген даналарымызды (Төле би, Әйтеке би, Жалаңтөс баһадүр, Науан хазірет т.б.) әлі күнге маңдайымызға басамыз. Сондықтан да біздің қалалардың ел, дін, мәдениет бірлігі мен ықпалдастығындағы рөлі туралы ортақ мәдени іс-шаралар өткізуді ұсынамын. Екінші ұсынысымыз, біз өз тарапымыздан Фитраттар құрған «Чағатай гурунги» («Шағатай бәсі» немесе «Чагатайские беседа») ұйымын насихат­тап жүрміз. Біздіңше, осы мәдени ұйым­мен түркістандық азаматтарымыздың байланысы болған. Осы бағыттағы зерттеулерге жан бітірсек деймін. Үшінші ұсынысымыз, шүкір, қазір Әлішер Науаи мен Абай Құнанбай тілдерімізге аударылып, рухани кемелдендік. Ендігі кезек – Бехбуди мен Шәкәрім, Авлони мен Ғұмар Қараш, Фитрат пен Ахмет Байтұрсынұлы, Чулпан мен Мағжан. Осы және басқа да Орталық Азия жәдитшілдерін қазақша мен өзбекшеге мейлінше толық аударатын кез әлдеқашан келді. Біз тіпті кешігіп жатырмыз.

Бұл мәдени жобаға екі ел күш біріктіруі қажет. Төртінші ұсынысымыз, біз 1917 жылы 27 қарашада жарияланған Түркістан мұхатриятын (автономиясын) – бүгінгі Орталық Азия елдерінің бәріне ортақ мемлекеттік құрылым ретінде қабылдап, лайықты насихаттауды бастағанымыз жөн», деді сөзінде.

 

Келешекке бағытталған ортақ жобалар

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев бұл форум ежелден қалыптасқан қазақ-өзбек бауырластығы мен өзара құрмет пен сенімге негізделген стратегиялық әріптестігіміздің жарқын айғағы екеніне тоқталып, бұл форум келешекке бағытталған ортақ жобаларға жол ашатынын мәлімдеді.

«Бүгінгі форум тек өткенді еске алу емес, сонымен қатар келешекке бағытталған нақты іс-қимылдар мен ортақ жобаларға жол ашатын тарихи мүмкіндік. Біздің ғылыми және мәдени ынтымақтастығымыз – халықтарымыздың достығын тереңдетіп, өңіріміздің тұрақты дамуына және өркендеуіне қызмет етеді деп сенемін» дей келіп кейінгі 30 жыл ішінде еліміздің және Өзбекстанның академиялары жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырғанын айтты.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы мен Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы арасында стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Covid-19 пандемиясымен күрес саласында бірлескен зерттеулер жүргізілді. Қазақстан және Өзбекстан ғылым академияларының 30 жылдық ынтымақтастығына арналған мерейтойлық форум ұйымдастырылып, ол ынтымақтастықтың қорытындысын шығарған және одан әрі өзара іс-қимыл­дың жаңа бағыттарын айқындаған маңызды кезең болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының делегация­сы Ташкент қаласында өткен, Өзбекстан ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға қатыс­ты. Екі ел академияларының әрі қарай­ғы ынты­мақ­тастығы ғылыми әлеуетті артты­руға және инновациялар мен тұрақ­ты даму саласындағы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталатын болады», деді А.Күрішбаев.

Сондай-ақ спикер екі ел арасындағы ғылым мен мәдениет саласындағы ынты­мақтастық жаңа деңгейге көтерілге­нін, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы Өзбекстан Ғылым академиясымен тарих, археология, этнография және деректану бағыттары бойынша белсенді өзара іс-қимыл жасап жатқанын, екі елдің мәдени ынтымақтастығы да қарқынды дамып келе жатқанын, бірлескен еңбектің нәтижесінде ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне Наурыз мерекесі, дәстүрлі кілем тоқу өнері, дәстүрлі музыкалық күй өнері, «Алпамыс» эпикалық мұрасы сияқты құндылықтар енгізілгенін, бұл мұралар біздің ортақ тарихи жадымыздың жанды көрінісі ғана емес, сонымен қатар мәдени дипломатияның пәрменді құралы ретінде Қазақстан мен Өзбекстанның халықаралық аренадағы оң имиджін нығайтуға қызмет ететінін атап өтті.

 

Ғылым мен мәдени дәстүрлерімізді жастар жалғастырады 

Іс-шара аясында Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институ­ты­ның директоры Зиябек Қабылдинов ғылыми ынтымақтастық жөніндегі ойын ортаға салды. Ол бұл форумды «бірегей оқиға» деп атап, бірлескен зерттеулер көкжиегін кеңейтудің маңызын жеткізді.

«Қазақстан мен Өзбекстанды ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-мәдени байланыстар біріктіреді. Қазір біз ғылыми конференциялар өткізу, бірлескен жобалар бастау және Ресей, Қытай мен Өзбекстан мұрағатында жұмыс істеу мәселесін талқылап жатырмыз», деді З.Қабылдинов.

Ол Қазақстанда үш тілде жарық көретін «Қазақстан тарихы» атты жеті томдық басылым әзірленіп жатқанын айтып, оның өзбек әріптестер үшін де қызықты болатынын атап өтті. Сондай-ақ ғалым жастар бастамаларына да мән беру керектігіне тоқталды.

«Жуырда 15-ке жуық жас қазақстандық ғалым Өзбекстанда өткен тарихшылардың жазғы мектебіне қатысты. Мұндай қадамдар өте маңызды, себебі ғылым мен мәдени дәстүрлерімізді жалғастыратын – жастар», деді ол.

Осы бір іргелі іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрах­манов, Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Сирожиддин Саидов, Өзбекстан Көркем академиясының төрағасы Акмал Нуридинов, Өзбекстан ұлттық ғылым академиясының ұлттық археология орталығының директоры Фарход Махсудов бастаған бірқатар азамат және Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері сөз сөйледі. Олар қазақ-өзбек байланысын одан әрі нығайтуға арналған жобалар мен идеяларды іске асыру жөнінде өз ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді. Форум қатысушылары негізінен ұлы ойшыл­дар, ақындар мен ғалымдар, философ­тардың мұрасын сақтау және насихаттау мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Атап айт­қанда, Астана қаласында Алишер Науаи­ге, Ташкентте Абай Құнанбайұлына ескерт­кіш орнатылғаны, Өзбекстанда Абай­дың 180 жылдығына арналған еске алу іс-ша­расы өткізілгені екі ел ынтымақ­тасты­ғының жарқын үлгісі ретінде атап өтілді.

Қысқарта айтқанда, бұл форум Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени және ғылыми ынтымақтастықтың барған сайын кеңейіп келе жатқанын көрсетті. Қатысушылар білім, өнер және ғылым салаларындағы жаңа жобалар Орталық Азиядағы гуманитарлық байланыстар мен бірлікті одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.

Жоғары деңгейде ұйымдас­ты­рыл­ған қазақ-өзбек ғылыми-шығармашы­лық зиялыларының форумына модератор болған академик, Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі қорытынды сөз сөйлеп, спикерлерге мазмұнды баяндама үшін алғыс айтты.

«Қазақ пен өзбек – ойы да, тойы да бір халық. Біздің барлық қуанышымыз да – ортақ. Сондықтан да бүгінгі жиын ғылыми, мәдени дипломатияның жарқын бір бөлшегіне айналып, елдеріміздің арасындағы интеграцияға жаңа серпін береріне сенемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Egemen Qazaqstan» газетіне «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» деген мақала жариялап, қазақ-өзбек байланыстарына да ерекше тоқталған болатын. Сол секілді Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те ылғи да Орталық Азия ренессансы хақында жиі айтады. Біздің зиялыларымыз сол президенттеріміз айтқан рухани һәм ғылыми ренессанстың бастамашылары боларына сенеміз» деп сөзін түйіндеді.