Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» автокөлік өткізу бекеті реконструкцияға байланысты уақытша жабылғаннан кейін, негізгі көлік ағыны басқа бағыттарға ауыстырылды. Салдарынан Ресейдің Саратов облысына баратын «Тасқала – Озинки» жолында фуралардың ұзын-сонар кептеліс пайда болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Mgorod.kz мәліметінше, шекарадан өту үшін тасымалдаушыларға «Шаған» (ҚР) – «Тёплое» (РФ), «Ақсай» (ҚР) – «Илек» (РФ) және «Тасқала» (ҚР) – «Озинки» (РФ) бекеттері ұсынылған. Дегенмен соңғы күндері ең үлкен жүк көліктерінің легі «Озинкиге» шоғырланған.
ҰҚК Шекара қызметінің БҚО бойынша басқармасы кезектің ұлғаюын негізгі тасымал бағытының Саратов облысына ауыстырылуымен байланыстырады.
«Мемлекеттік шекарада тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылданып жатыр. Бірақ „Озинки“ бекетінде жүк көліктері көптеп келуде. Олардың көбінде жүк бөлігінде технологиялық өткелдер болмағандықтан, тексеру уақыты ұзарып, өткізу қарқыны баяулап отыр», – делінген ведомство хабарламасында.
Қызмет өкілдері рәсімдеуді жеделдетіп, кезектерді азайту үшін тасымалдаушыларға жүк бөліктерін алдын ала арнайы өткелдермен жабдықтап жүруге кеңес берді.