Майқайың кентінің әлеуметтік саласында алдағы жылдары оң өзгеріс жоспарланып отыр. Жақында мұнда өңір басшылығы мен «Алтыналмас» АҚ арасында стратегиялық меморандум жасалды.
«Алтыналмас» АҚ компаниясы «Майқайың-алтын» АҚ-ның 100 пайыз жарғылық капиталын сатып алу бойынша келісімді сәтті аяқтағаны мәлім. Бүгінде алтын комбинаты мен кеніш толықтай соған қарайды.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен «Алтыналмас» АҚ басқарма мүшесі, қаржы жөніндегі бас атқарушы директоры Рүстем Қаракесов 4,6 млрд теңгенің әлеуметтік және инфрақұрылымдық бастамаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойды.
– Бұл жай ғана заңды құжат емес, бұл апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу мен кентті жылумен жабдықтау жүйесін жаңартудан бастап жаңа әлеуметтік нысандар салуға, жолдарды жөндеуге дейінгі кенттің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған билік пен бизнестің күш-жігерін біріктіретін нақты іс-қимыл жоспары, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Жасалған меморандумға сәйкес кәсіпорын шахталарына жақын орналасқан «Шанхай» шағын ауданындағы апатты жағдайда тұрған 76 тұрғын үйді көшіру жоспарланған. Сондай-ақ алдағы үш жыл ішінде қолданыстағы екі қазандықты қайта жаңарту және бір жаңа қазандық орнату, орталықтандырылған жылу желілеріне қосылмаған шағын аудандарда орамішілік жылу желілерін салу көзделген. Бұл жұмыстар кенттің жылумен жабдықтау желілеріне жүргізілген технологиялық аудиттің қорытындысына сәйкес жүзеге асырылады.
Жолдарды күрделі жөндеу мен жаңасын салу, бірқатар әлеуметтік нысандар – музыка мектебі мен заманауи спорт кешенін тұрғызу, Майқайың көшелері мен аулаларын кешенді абаттандыру да жоспарланып отыр.
Атап өтерлігі, кейінгі үш жылда Майқайың кентін және оған іргелес жатқан Сұлужон, Майкөбе, Шөптікөл, Үшқұлын ауылдарын дамытуға облыстық бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл ақша 33 км кірме жол салуға, көшелердің 17 км асфальтті жабынын жөндеуге, жылумен жабдықтау және су құбырлары желілерін жаңартуға, мектептер мен ауруханаларды күрделі жөндеуге, мектеп автобусын, санитарлық көлік сатып алуға, медициналық жабдықтарды жаңартуға, балалар ойын алаңдарын орнатуға бағытталған.
Жаңа меморандум инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа нысандар салу және одан әрі абаттандыру үшін қосымша мүмкіндіктер беріп, кенттің даму қарқынын бірнеше есе арттырады.
Майқайың – ерекшелігі көп елді мекен. Ерекше дейтіні сол, 10 мыңнан аса халықтың берекесіне айналған әлемге әйгілі алтын кеніші осында орын тепкен. Оның экономикасы жерасты байлығына тәуелді. Алтын кеніші жергілікті халықты асырап отыр. «Майқайыңалтын» акционерлік қоғамы Ертістің Павлодар өңіріндегі ең алғаш құрылған тау-кен өндірісі екенін де атап өткен абзал. Ондағы кенішке тұңғыш экскаватор 1940 жылы түсірілген екен. Ол бумен жұмыс істейтін еді. Кәсіпорынға қазірде бірнеше кен-байыту фабрикасы қарайды. Жергілікті халықтың дені бүгінде алтын өндірісінде еңбек етеді.
Павлодар облысы,
Майқайың кенті