Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Мемлекет басшысы қазір дүние жүзінде ЖИ қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Президент денсаулық сақтау саласында ЖИ технологиясын пайдаланудың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, медицина саласында ауқымды ақпарат жинақталған. ЖИ көмегімен олардың негізінде дұрыс диагноз қоюға, ем-шара тағайындауға және науқастарға мониторинг жүргізуге арналған құралдар дайындауға болады.
– Әлемде дәрігерлерді күнделікті бірсарынды жұмыстан босатып, олардың маңызды клиникалық шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін технологиялар белсенді қолданылады. Елімізде де перспективті медициналық стартаптар бар. Алайда бюрократия олардың әлеуетін шектеп отыр. Бір жағынан, еліміздегі медициналық ақпарат жүйелерінде біртұтас алгоритм жоқ, әрқайсысы дербес дамып жатыр. Бұл жасанды интеллектінің медицина саласына енгізілуін тежейді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру ісіндегі жүйесіздік түрлі заңбұзушылықтарға жол беруде. Мысалы, былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізілді. Сол кезде қомақты қаражаттың шығын болғаны анықталды. Цифрлық тәсілдер медицина саласының ашық және тиімді қызмет етуіне ықпал етеді,– деді Мемлекет басшысы.
Жасанды интеллектінің қазіргі медицина саласына қосып отырған үлесі аз емес. Бүгінде технология бұрын-соңды болмаған жоғары қарқынмен дамып келеді. Соның арқасында медицина саласы ғажайып жетістіктерге қол жеткізіп, қаншама адамның өмірін сақтап қалды. Шетелдің медицина саласында жасанды интеллекті арқылы адам өмірін сақтап қалуға болатыны дәлелденген. Яғни дұрыс диагноз қою – жасанды интеллектінің қолынан келетін іс. Алайда кейбір технологияны игеру дәрігерлерге де, науқастарға да қиынға соғады. Сондықтан оларды денсаулық сақтау саласына сәтті енгізу қиындық тудыра бастады.
«Соның бір мысалы – электрондық медициналық карталар. Ол талай дәрігердің зығырданын қайнатты. Бұл карталар науқас туралы мәліметті сақтауға, бақылап отыруға арналған. Алайда дәрігер науқасты қабылдау кезіндегі уақытының біраз бөлігін осы картаны толтыруға жұмсайды. Өйткені негізгі мәліметтерді енгізудің өзі ұзаққа созылып кетуі мүмкін», дейді «Northwell Health» желісінің президенті Майкл Доулинг. Бұл сөздер оның «Денсаулық сақтау саласындағы қайта жүктеу» атты кітабында айтылған.
Дәрігерлердің айтуынша, жұмыс күнінің бақандай 6 сағаты дәл осы электрондық медициналық карталарға клиникалық деректерді енгізуге кетеді. Соның салдарынан олар науқастарға бөлетін алтын уақытын жоғалтады. Негізі дәрігердің қабылдауы шамамен 18 минутқа созылады. Соның көп бөлігі мәліметті тіркеуге кетеді.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, электрондық медициналық карталардың кеңінен қолданылуына кедергі болып отырған тағы бір мәселе бар. Бұл – деректердің құпиялығы, яғни қауіпсіздік мәселесі.
Жақында Қытайдың Хэньян қаласында науқастарға нақты диагноз қоя алатын жасанды интеллекті жұртшылыққа таныстырылды. Әлгі бағдарламалық жүйе 4-8 секундтың ішінде 100 клиникалық жағдайды сараптап, әрқайсысына жеке диагноз қойып шыққан. Сонда ақылды технология екеуінде ғана қателік жіберіпті. Қалғанында дәрігердің қойған диагнозымен бірдей қорытынды шығарған.
Жапон дәрігерлері онкологиялық сырқатқа шалдыққан бір науқасты екі жыл қатарынан емдеп жаза алмаған. Қолданған емдері шипа болмай, амалдары құрыған мамандар әлгі пациент туралы мәліметті Сингапур арқылы жасанды интеллектінің «бақылауына» жібереді. Бағдарламаның «ақылымен» әлгі науқасты емдеудің тәсілін өзгертіп көрген екен, шынымен де оның жағдайы жақсарып, беті бері қарай бастаған.
Енді медицинадағы жасанды интеллектіні қолданудың артықшылығына тоқталайық. Бірінші, ЖИ медициналық деректерге, бейнелеуге және талдауларға негізделген ауруларды жылдам және дәл диагностикалауға көмектесе алады. Екінші, ЖИ жүйелері үлкен көлемдегі деректердегі үлгілер мен байланыстарды анықтай алады, бұл ауруларды диагностикалау мен болжаудың дәлдігін жақсартады. Үшінші, ЖИ ең тиімді емдеу әдістерін таңдауға және жеке емделуші үшін рецепттерді оңтайландыруға көмектеседі. Төртінші, медициналық оқытуды жетілдіру үшін ЖИ жүйелерін медициналық студенттер мен мамандарды оқыту, симуляциялар мен оқу бағдарламаларын жасау үшін пайдалануға болады. Бесінші, жасанды интеллектіні қолдану арқылы жаңа заңдылықтар мен тенденцияларды анықтау үшін денсаулық сақтау саласындағы көптеген деректі талдауға болады. Алтыншы, әкімшілік тапсырмаларды автоматтандыру және медициналық персоналдың жұмыс үдерісін оңтайландыру. Жетінші, ЖИ көмегімен медициналық көмектің тиімділігі мен сапасын жақсартуға болады. Сегізінші, ЖИ жүйелері өзгерістерді анықтау және ықтимал мәселелер туралы ескерту арқылы пациенттердің жағдайын нақты уақытта бақылай алады.
Әлбетте, сараптамалық бағдарлама сырқатты емдеудің жолын 100 пайыз сенімділікпен көрсетіп береді десек, ағат айтқан болар едік. Жалпы медицинаның өзі – нақты ғылым емес. Сол сияқты ЖИ-де болжамды ұсыныс қана береді.
Бүгінде елімізде жасанды интеллектіні медицинада қолдану қолға алына бас-тады. Денсаулық сақтау министрлігі «IBМ» компаниясымен бірлесе отырып, ЖИ-ді алдымен онкология саласында сынап көрмекші. Мұндай жоба Америка, Англия, Германия секілді әлемнің 15 елінде енгізіліп жатыр. Бұл жүйенің тиімділігі – науқастың ауру тарихын, қазіргі жалпы жағдайын, сараптамалар қорытындыларын бағдарламаға енгізсе болды, жасанды интеллект сол сәтте әлгі адамға қандай емдеу жолы тиімді екенін бірнеше секундтың ішінде сараптап айтып береді. Бірақ онымен келісу, келіспеу – дәрігердің еркінде. Интеллектуалдық компьютерлік бағдарлама науқас туралы мәліметтерді бірнеше секундта өңдеп береді. Әрі ғаламтордағы сол ауруды емдеу тәсілдері жөніндегі соңғы зерттеулерді, ғылыми дәлелденген мақалаларды автоматты түрде талдап, соның негізінде ауруды емдеудің жолын нұсқайды.
Сол секілді, «InHeart» платформасы да ЖИ көмегімен жүрек ырғағының бұзылысына байланысты жасалатын қантамыр арқылы хирургиялық тәсілмен емдеуде науқастың жүрегіндегі анатомиялық нысаналарды детальды түрде анықтауда қолданылады. Ол жүректің 3D моделдегі суретін алып өңдеп, жүрек ырғағымен шұғылданатын аритмолог дәрігердің катетерлік аблация арқылы жүрек ырғағы бұзылысын хирургиялық жолмен емдеу барысында аблациялық катетердің жүректің қай аймағында тұрғанын дәлдікпен көрсетіп, дәрігер жұмысын жеңілдетеді және оған тиісті нәтижеге қол жеткізуге жақсы көмекші бола алады. КТ, МРТ-мен салыстырғанда қолжетімді және клиника үшін экономикалық тұрғыда арзанға түседі.
ЖИ медицинаның ауыр, күрделі салалары нейрохирургия, хирургия, травматология, урология, басқа салаларына енгізіліп отыр. Мысалы, Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында 200-ден астам пациенттің бас миына «гамма-пышақ» көмегімен ота жасалып, жақсы нәтижеге қол жеткізілді. Таяуда Онкология және радиология институтында жасанды интеллектінің көмегімен Қытай, Франция және Қазақстан онкоурологтар тобы бүйрекке күрделі ота жасады. Сондай-ақ «Робот-хирург» көмегімен оталар жасалды.
Денсаулық сақтау министрлігі біраз жылдан бері медициналық қызметке жү-гінген ел азаматтарының сырқат тарихын, қандай науқаспен жиі қаралатыны, нендей дәрі-дәрмектер қолданғаны туралы мәліметті жинақтап отыр. Осы ақпараттарды бір жүйеге келтіріп, мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың пациенттер туралы жеке дерек қорын біріктіріп, бірыңғай деректер базасын құру қолға алынды. Бұл жұмыс сәтті жүзеге асса, «200 Электронды үкімет» порталында «электронды денсаулық паспорты» деген бөлек тармақ пайда болып, ол барлық азаматқа қолжетімді болмақ. Электронды қолтаңбасы бар азаматтар жеке кабинетіне кіріп, өздерінің денсаулық төлқұжатын ашып көре алады. Ал мамандар осы құжаттағы мәліметтерді ЖИ бағдарламасына енгізіп, пациенттердің денсаулығы туралы мағлұматтарды сұрыптамақ.
Қазіргі уақытта денсаулық сақтау мекемелеріндегі ең көп таралған ЖИ функциялары клиникалық шешімдерді қолдау және кескінді талдау саналады. Клиникалық шешімдерді қолдау құралдары провайдерлерге емделушіге қатысты ақпаратқа немесе зерттеулерге жылдам қол жеткізу арқылы емдеу, дәрі-дәрмек, психикалық денсаулық және пациенттің басқа қажеттіліктері туралы шешім қабылдауға көмектеседі. Медициналық бейнелеуде жасанды интеллект құралдары компьютерлік томография (КТ), рентген сәулелері, магнитты-резонанстық томография (МРТ) және басқа да радиолог мамандар жіберіп алуы мүмкін басқа да мәліметтерді талдау үшін қолданылады. Өйткені мамандар кескіндердің зақымдалуы секілді кейбір ұсақ нәрселерді аңғармай жіберіп алуы мүмкін. Мәселен, жүрек мониторлары сияқты медициналық құрылғылар өмірлік маңызды белгілерді бақылай алады, ал ЖИ осы құрылғылардан деректерді жинап, сепсис сияқты күрделі жағдайларды анықтайды. Мысалы, бір зерттеуші ғалым IBM бағдарламасы көмегімен шала туылған нәрестелерді болжау үшін ЖИ үлгісін әзірледі, ол ауыр сепсисті анықтауда 75% дәлдік танытты.
Әрине, медицинаны ЖИ «қолына» толықтай беруді дұрыс көрмейміз. «Ауруға шалдыққан науқас үшін ең бастысы – адам көңілі. Оларға жаны ашитын, қалай қиналып жүргенін түсінетін дәрігер қажет. Дүниеде сырқаттан жаман нәрсе жоқ, мұндай сәтте адам өзін жалғыз сезінеді. Ал оны уайымдайтын дәрігер болмаса, жағдай тіпті нашар. Сол себепті денсаулық сақтау саласында ең алдымен адамгершілікке көңіл бөлуіміз қажет», дейді Эрик Тополь «Big Think» сайтына берген сұхбатында.
Дегенмен қандай істе болсын адамның рөлін төмендетуге, жоққа шығаруға болмайды. Адам әрқашан адам болып қала бермек. ЖИ адамдарды алмастырмайды, бірақ ЖИ қолданатын адамдар мұны білмейтін, жасай алмайтын адамдарды алмастырады. Жасанды интеллекті технологиясын күнделікті өмірге енгізу адамдардың өмір сүру деңгейіне үлкен өзгеріс әкеледі. Енді ЖИ медицина саласына жыл өткен сайын батыл ене беретіні анық. Сондықтан қазіргі заман сұранысына сай әр маман сауатты, білімді болып, қабілетін жетілдіріп, жаңа нанотехнологияны меңгергені жөн. Бұл – уақыт талабы.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор
Тараз