Сенаторлар Серік Шайдаров пен Советбек Медебаев Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барды. Жезқазғанда олар теміржол вокзалын қайта жаңғырту жобасымен танысты.
«Жезқазған вокзалы – өңірдің дамуы үшін стратегиялық маңызы бар нысан. Заманауи талаптарға сай жаңғыртылған нысан алдымен тұрғындарға қолайлы болуы керек. Сондықтан басты назарда жолаушылардың қауіпсіздігі болуға тиіс», деді С.Шайдаров.
Сонымен қатар сенаторлар Жезқазған-Қызылорда автожолының учаскелерін қарап, сапаны бақылауды күшейту және жұмыс мерзімінде аяқталуын еске салды.
«Автожолдардың сапасы халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Барлық кезеңде стандарттар мен нормалардың сақталуы аса маңызды, өйткені бұл тек жүріп-тұрудың қолайлылығына емес, адамдардың қауіпсіздігіне де қатысты. Сенімді жолдар бизнестің де жаңа мүмкіндіктерін ашып, тұрғындардың мобильдігін арттырады әрі өңірлердің дамуына серпін береді», деді С.Медебаев.
Ал Мыңбұлақ ауылында парламентшілер жергілікті тұрғындармен кездесті. Жергілікті халық жолдардың жағдайы, ауызсумен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету және жұмыспен қамту мәселелеріне алаңдаулы.
Осы орайда сенаторлар білім беру және әлеуметтік нысандарды жаңғырту, көлік инфрақұрылымын дамыту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету өңірде халықтың өмір сапасын арттырудың негізгі факторлары екенін, алдымен осы бағыттағы жұмыстар атқарылуға тиіс екенін айтты. Сапар барысында айтылған ұсыныстар мен ескертулер тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.