Елімізде алғаш рет қала мен ауыл мектептерін тең дамытуға бағытталған барлық отандық білім беру операторлары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ аясында бас қосты. Қарағанды облысы Осакаров ауылындағы Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектепке 200-ден астам мектеп басшысы келсе, онлайн форматта 4 мыңға жуық мұғалім қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиынға еліміздегі 190-нан астам тірек мектептің өкілдері жиналды. Олар ауыл мектептерін жаңғырту тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби кейстерін ортаға салды. Абай облысы Аягөз ауданындағы көпсалалы казақ гимназиясының директоры Айнұр Қанапиянова «шағын мектептер өзгеруден қорықпау керек» десе, Ақтөбе облысынан келген Еркінбек Зиядинов жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесін таныстырды.
«Ауыл мектебі powered by NIS» жобасы бүгінде 193 тірек мектепті қамтып отыр. Бағдарлама инфрақұрылымды жаңғыртуды, заманауи зертханалар ашуды, цифрлық ортаны дамыту мен педагогтерді әдістемелік тұрғыдан қолдауды көздейді.
NIS басқарма төрағасы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, тірек мектептердің миссиясы – ауылдағы әр баланың сапалы білім алуына жол ашу. «Бүгінгі таңда ауыл мектептері жаңа мүмкіндіктер ортасына айналып отыр», деді ол.
Бұл бастаманы «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және өзге де серіктестер қолдап келеді. Қор төрайымы Лаззат Чинкисбаева жобаның білім беру жүйесін қайта түлетуге ықпал етіп жатқанын атап өтті.
Ұлттық деңгейдегі форумдар мен халықаралық ынтымақтастықтың арқасында тірек мектептер «Made in Kazakhstan» үлгісіндегі табысты тәжірибеге айналды.