Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Алматы қаласында өткен халықаралық Human Capital forum-на қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Форумға еліміздегі HR саласындағы жетекші мамандар мен бизнес-көшбасшылар, Қазақстандық тараптың шақыруымен Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен мемлекеттік органдар өкілдері қатысып, онда жаһандық цифрландыру және инновацияларды енгізу жағдайында мемлекеттік қызметте персоналды басқару мәселелері талқыланды.
Дархан Жазықбай шараға қатысушыларға жеке құрылымдар және мемлекеттік органдардың HR-қызметтері арасындағы әріптестікті нығайту, әсіресе мұның Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке жеке сектордан білікті кадрларды ашық, кедергісіз қабылдау туралы тапсырмаларын орындау аясындағы маңыздылығы жайлы айтты.
«Осыған байланысты біз меритократия қағидатын жетекшілікке ала отырып жеке құрылымдардың жоғары білікті мамандары үшін мемлекеттік қызметте міндетті еңбек өтілі болуын талап ететін кедергілерді заң жүзінде алып тастадық», деп атап өтті Агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта осы жаңашылдықтың арқасында «Б» корпусының басшылық лауазымдарына 806 тағайындау келісіліп, жеке сектордың мамандары орталық және жергілікті атқарушы органдарда департамент директорлары мен басқарма басшылары лауазымдарына орналасты.
Сондай-ақ келісімшарттық қызметшілер институты енгізіліп, қазірдің өзінде 30 салалық сарапшы басым мемлекеттік жобалармен жұмыс істеп жатыр.
«Мұндай екіжақты келісімде жұмыс жасау мемлекеттік қызметке жаңа серпін береді», деді Дархан Жазықбай.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік басқарудың сервистік, адамға бағдарланған моделін қалыптастыру мемлекеттік аппараттың басты міндеттерінің бірі болып саналады.
«Мемлекеттік органдар мен жеке құрылымдардың HR-қызметтерін адами капиталды дамыту, персоналдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, қызметкерлердің өз қабілетін тиімді пайдалануы үшін қолайлы жағдайлар жасау сынды ортақ міндеттер біріктіреді. Болашақ адамдармен жұмыс жасай алатын адамдардың қолында. Адамдар, олардың білімі, кәсібилігі, бастамашылығы, адалдығы, жауапкершілігі – Қазақстанның басты стратегиялық ресурсы. Мемлекет басшысының жаңа HR саясаты осы ұстанымға негізделген» деді Агенттік төрағасы.
Сондай-ақ ол форум қатысушыларына Президенттің бастамасымен іске асырылып жатқан талантты жастар үшін тиімді әлеуметтік лифт саналатын Қазақстанның ауқымды HR жобасы Президенттік жастар кадрлық резерві туралы айтты.
Жобаны қолға алғаннан бастап резервке 400 адам қабылданып, олардың 80% - дан астамы әртүрлі салалардағы орта және жоғары басшылық лауазымдарға тағайындалды.
Сонымен қатар, Дархан Жазықбай «E-Qyzmet» және «Бірыңғай кадр жүйесі» порталдарының жұмысына да тоқталды. Бұл ақпараттық жүйелер мемлекеттік қызметке іріктеудің ашықтығын, кандидаттарды таңдау барысында адами факторды болдырмауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ белгілі бір ұйымдағы үлестестікті және мүдделер қақтығысын анықтауға көмектеседі.
Онлайн іріктеу жүйесі мемлекеттік қызметке кіруге үміткерлер мен тәуелсіз сарапшылар тарапынан оң пікірлерге ие болды.
Форумның арнайы сессиясында жаһандық цифрландыру және инновацияларды енгізу жағдайында мемлекеттік қызметтегі персоналды басқару мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, Human Capital forum – Қазақстан HR-менеджерлер қауымдастығы ұйымдастырған түрлі салалардың сарапшыларын біріктіретін, тиімді көрсеткіштерге қол жеткізу үшін персоналды басқаруды трансформациялауды көздейтін алаң.