• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 07:55

Қатша кемпір

20 рет
көрсетілді

Оны барлық ауыл адамы осылай атайтын. Бұған дейін бізбен қабырғалас көрші болған Айтжан ағаның отбасы басқа жаққа қоныс аударды да, оның үйіне Дәметкен апа көшіп келді. Жүзі жылы, мінезі ашық, жайдары жан болатын. Көпбалалы ана еді. Үлкен ұлы Бидос ауылдағы озат шопанның бірі. Аудандық, облыстық газет бетінен суреті түспейді. Басқа балалары да қызмет істейді. Дәметкен апа – Қатша кемпірдің кіші қызы. Одан үлкен тағы екі қызы бар. Бірі – аудан орталығында, екіншісі ауылда тұрады.

Сол кезде Қатша кемпірдің жасы қаншада екенін нақты білмеймін. Екінші сыныпта оқитын кезім. Бірақ тым кәрі көрінетін. Аласа бойлы, белі бүкірейген.  Басы қалтаң-қалтаң етіп, қозғалып тұрады.  Басынан ақ жаулығы, үстінен камзолы түспейді. Бір қызығы, үнемі өзімен-өзі күбірлесіп,  сөйлеп жүреді. Кәріліктен бе, ептеп есінен айныған секілді көрінетін. Біздің үйге күніне 4-5 рет бас сұғады. Жай келмейді: біресе – сүт, біресе нан сұрайды. Дәметкен апа анасына кейде кейіп жатады: «Осы үйде бәрі бар, жұрттан неге сұрайсың?» деп. Алайда Қатша кемпір қызының сөзін елең етпейді.  Апам оның қолын ешқашан қағып көрген емес.  Не сұраса да береді. Кейде екеуі отырып шай ішеді.

Қатша кемпір үйге келген сайын ол кісіні сөйлетемін.

– Әже жасыңыз нешеде?

Қатша кемпір ойланбастан:

– Екі жүзде, – дейді.

Айналып тағы келгенде сол сұра­ғым­ды қайта қоямын.

 – Әже жасыңыз нешеде?

 – Төрт жүзде.

«Күлсең кәріге күл» демекші, мен оған мәз болып күлемін. Қазір ойласам сол балалық қылығыма қатты ұяла­мын. Шынында да, мен оның  жасы жүз­ден асқан деп ойлайтынмын. Олай емес екен. Сөйтсем, кейуана жасынан көп қиындық көріпті. Күйеуі әйдік аңшы болған деседі. Бірақ одан жас­тай жесір қалып, үш қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттыр­май өсірген. Отызыншы жылдардағы аштық­ты да басынан кешкен. Соғыс жылдары ұжымшарда күні-түні аянбай жұмыс істеп,  жеңіске үлесін қосқан. Одан кейін зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті.

Кейін Дәметкен апа орталықтан басқа жаңа үй алып, сонда көшті. Ше­ше­сін өзімен бірге алып кетті. Үш-төрт жыл өткеннен кейін Қатша кемпір қай­тыс болды. Апам барып келді. Сонда оның жасы сексенге енді келген екен. Со­дан бері де доптай домалап біраз жыл өтті.

Жақында ауладан Қатша кемпір­ден аумайтын бір әжені көрдім. Сойып қаптап қойғандай. Немересін ойна­тып отыр. «Әже, жасыңыз нешеде?», ­деп жүгіріп барып сұрағым келді... Бірақ бата алмадым. 

Соңғы жаңалықтар