• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жұмысшы мамандықтар жылы Бүгін, 09:20

Мейірімге толы мамандық

90 рет
көрсетілді

Медицина – зор жауапкершілікті қажет ететін сала. Ал, ақ халатты жандардың ішінде науқастың алғашқы сенімін сезінетіндер – мейіргерлер. Астана әкімдігінің ШЖҚ «№8 қалалық емхана» МКК емшара кабинетінің  және онколог дәрігерінің мейіргері Гүлнұр Нұриманова осы мамандыққа жүрек қалауымен келген жан. Медицина саласында еңбек етуді қаршадайынан армандаған Гүлнұр Әділқызының айтуынша, «мейіргер» атауының өзі мейірім ұғымынан шыққан.

Бірде-бір дәрігер мейіргердің қатысуынсыз жұмыс істей алмайды. Мейіргерлер әр науқастың өмірі үшін зор жауапкершілікпен мол жұмыс атқарып жүр.

«Бала кезімде анаммен бірге емханаға барған кезде ұзақ уақыт кезек күтіп отыратынбыз. Сол кездерде өзіме «болашақта осы салада еңбек етіп, науқастарды күткізбей қабылдап, әр адамға мейіріммен қараймын» деп уәде етуші едім. Сол арманыма жеттім деп ойлаймын», дейді мейіргер.

2024 жылы Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдап, мейірбике ісі бойынша бакалавр атанған Гүлнұр Нұриманованың жалпы еңбек өтілі – 10 жыл. Осы жылдар ішінде денсаулық сақтау саласында көптеген өзгерістерді көзбен көріп, тәжірибеден өткерген.

«Соңғы жылдары медицинада үлкен өзгерістер болды. Бұрын науқастар ұзақ кезекте тұратын, қазір электронды жүйе арқылы алдын ала жазылып келеді. Анализ нәтижелерін де үйде отырып-ақ «Damumed» қосымшасы арқылы көреді. Бұл – науқастарға да, медицина қызметкерлеріне де үлкен жеңілдік әкелді. Бүгінде заманауи КТ, МРТ сияқты құрылғылар қолжетімді. Бұрын оларды алу айлап күтуді керек ететін. Бүгінде сақтандыру жүйесінің арқасында көптеген тексерулер мен ем-шаралар тегін жасалады. Сонымен қатар, біз онкологиялық науқастарға үйіне барып та қызмет көрсетеміз, психологтар да бірге барып, қолдау көрсетеді. Мұндай мүмкіндік бұрын болмаған», дейді Г.Нұриманова.

Ол процедуралық мейіргер ретінде жұмысындағы ең жауапты мезетке де тоқталды.

«Ең жауапты сәт – қан алу кезінде. Қан алу барысында қаннан қорыққан науқас басы айналып, есін жоғалтуы мүмкін. Сондықтан әрдайым науқастың жағдайын бақылап отыру қажет. Сенімін ояту үшін мейіргер ең алдымен өзіне сенімді болуы керек. Мейіргер қолы дірілдемей, сабырлы әрекет жасаса, науқас та сенеді. Мен үшін ең үлкен құндылық – науқастың сенімін ақтау. Кейде басқа жерде қан тапсыра алмаған науқастар бізге келіп, қан сәтті алынғанда қатты қуанып, алғыстарын білдіріп жатады. Сол сәттерде еңбегімнің нәтижесін сезінемін», дейді ол.

Гүлнұр Әділқызы онколог дәрігерінің де мейіргері. Онкология – өте ауыр сала. Науқастар мұнда қорқынышпен келетіні мәлім.

«Науқастардың қорқынышын азайту үшін біз ең алдымен психологиялық қолдау көрсетеміз. Мен алғаш еңбек жолымды онкологиялық орталықта бастағандықтан, бейімделу аса қиын болмады. Әр пациентпен жеке жұмыс істеп, оларға сенім беру – ең басты міндетім», дейді білікті маман.

Жұмысы ауыр болғанымен, ол әр науқастың алғысын ең үлкен марапат санайды. Әсіресе, реанимация бөлімінде ұмытылмас сәттерді бастан кешкен.

«2016-2019 жылдары реанимация бөлімінде жұмыс істедім. Бірде науқастың жүрегі тоқтап қалған кезде бүкіл команда болып көмек көрсеттік. Жүрегі қайта соғып, есін жиған мезетін ешқашан ұмытпаймын. Бұл – еңбегіміздің бағаланғаны», дейді білікті маман мейіргер сол мезетті толқи еске алып.

Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі едәуір артқанымен, дәрігердің шешімінсіз тәуелсіз әрекет етуге болмайтынына тоқталған Г.Нұриманованың айтуынша диагноз қою мен ем тағайындау – дәрігердің құзырындағы іс. Мейіргерлер дәрігердің нұсқауымен жұмыс істейді, бірақ науқастың сенімін оятып, қолдау көрсету – мейіргердің негізгі міндеті.

Ол үшін мейіргер кәсібінің басты құндылығы – үздіксіз ізденіс пен кәсіби біліктілік.

«Жақсы мейіргер болудың құпиясы – мейірім мен қамқорлықта жатыр. Кейде жай ғана жылы сөздің өзі адамның уайымын азайтып, көңілін көтереді. Мейіргер әр бес жыл сайын біліктілік санатын қорғауы тиіс. Бұл жүйені қайта енгізгені дұрыс болды. Өйткені, бұл жүйе – теориялық қана емес, практикалық білімді де жаңартып отыруға мүмкіндік береді. Аталған біліктілік санатын қорғаудан бөлек, мейіргер әрдайым оқып әрі тәжірибе алмасып отыруы керек және курстарға қатысып, әртүрлі бөлімдерде жұмыс істеп көру кәсіби деңгейді арттырады. Жаңа білім алып, тәжірибесін үнемі шыңдап отырған мейіргер кез келген жағдайда көмек көрсете алады.

Мейіргер еңбегі көп жағдайда «көрінбей қалады», ал шын мәнінде еңбегі өте мол ғой, себебі жұмыстың басым бөлігін мейіргерлер атқарады, бірақ алғыс көбінесе дәрігерге айтылады. Жастарды осы мамандыққа қызықтыру үшін мейіргерлерді көбірек насихаттау керек. Сүйіспеншілік болмаса, жауапкершілік те болмайтындықтан жастар бұл мамандыққа жүрек қалауымен келуі қажет», дейді әрдайым ел алғысын алып жүрген Гүлнұр Әділқызы.

Халықтың саулығы күнделікті тер төгіп жүрген мейіргер мамандардың қолында екені даусыз. Мейіргер еңбегінің қоғамдағы орны мен маңызы зор. Өйткені мейіргерлік – мейірімге толы жүрекпен атқарылатын еңбек.