Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды. Сондай-ақ отырыста алдағы жылыту маусымына дайындық жұмысы пысықталды.
Дәйекті заң жобасы
Отырыста Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин «2026–2028 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, Астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемі туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады. Ол бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық даму болжамы базалық нұсқа негізінде қалыптастырылғанын айтып, базалық нұсқаға сәйкес ІЖӨ-нің нақты өсуі болжамдарын жылдарға шағып, анық көрсетіп берді. 2026–2035 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму болжамын да тәптіштеп, құжат жаңа Бюджет кодексін іске асыру үшін әзірленгенін жеткізді. «Заң жобасы жаңа Бюджет кодексінде көзделген тәсілдерді ескере отырып дайындалды», деді С.Жұманғарин.
Үкімет басшысы жақында Мемлекет басшысына әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджет жобасы ұсынылғанына тоқталды. Президент бюджеттің теңгерімділігін, қаражатты республикалық және жергілікті деңгейде сапалы жоспарлау мен бөлуді қамтамасыз етуді тапсырғанын еске салды.
«Осыған байланысты бүгін жалпы сипаттағы трансферттер көлемі және 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңдардың жобалары қаралды. Заң жобалары бюджеттік параметрлерге сәйкес әзірленді. Бұл мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етуге барынша оңтайлы. Бюджет теңдестірілген және Мемлекет басшысының барлық стратегиялық бастамасы ескерілген», деді О.Бектенов.
Жалпы сипаттағы трансферттер көлемі Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес өңірлерге базалық инфрақұрылымның қолжетімді болуына теңдей жағдайды қамтамасыз етіп отыр. Президент тапсырмасына орай бюджет әлеуметтік мәселелерге бағдарланған. «Экономиканың өсуін ынталандыруға бағытталған шығыстар да ұлғаяды. Мұндай шығыстар осы жылмен салыстырғанда келесі жылы жалпы шығыстар құрамында шамамен 11%-дан 16%-ға дейін өсіп отыр. Республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру барысында жаңа Бюджет пен Салық кодексі ескерілгенін атап өту маңызды. Барлық мемлекеттік органға елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының белгіленген параметрлеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырамын», деді Үкімет басшысы.
Бюджет қаражатын барынша тиімді әрі уақтылы пайдалану, сондай-ақ шығындарды қатаң бақылауда ұстау маңызды екеніне назар аудартқан Үкімет басшысы болған талқылауларды ескеріп, 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2035 жылға дейінгі ұзақмерзімді болжамды мақұлдауды ұсынды.
«2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және алдағы үшжылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заң жобаларына дауыс берейік», деді Үкімет басшысы. Ұсыныс бірауыздан қабылданды.
Маңызды үш тапсырма
Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде жүйелік оператор бекіткен графикке сәйкес ағымдағы жылы электр стансаларында 10 энергия блогін, 63 қазандықты және 39 турбинаны жөндеу жоспарланған. 4 энергия блогінде, 31 қазандықта және 20 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңде жүргізілді. 5 энергия блогінде, 22 қазандықта және 12 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.
«Энергетикалық көздер бойынша жөндеу жұмыстарына 376,7 млрд теңге игеру жоспарланып отыр, бұл өткен жылғыдан 13%-ға көп. Аймақтық электржелілік компанияның электр желілерінде жалпы ұзындығы 17 мың км электр беру желілерін, 420 қосалқы стансаны, 3,5 мың тарату пункттерін және трансформаторлық қосалқы стансаларды жөндеу жоспарланды», деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Сала басшысы электр желілерінің 77%-ы, қосалқы стансаның 68%-ы және тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы стансаның 73%-ы жөнделгенін айтты. Ал жылумен жабдықтау желілерінде 323 км жылу желісін реконструкциялау мен күрделі жөндеу жұмысы жоспарланыпты. Бүгінге дейін оның 66%-ы орындалған. Премьер-министр Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергетикалық инфрақұрылым мен коммуналдық шаруашылықты жаңғырту міндетін қойғанын еске салды. Энергетика секторында тозу дәрежесі жоғары болуын ескере отырып, жылыту маусымына дайындық жұмысы жоспарлы әрі сапалы жүргізілуі қажет екенін айтты.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында электр стансаларын жөндеу мен жаңғырту үшін биылдың өзінде 377 млрд теңге қаржы бөлінді, бұл өткен жылдан 15%-ға жоғары. Сондай-ақ Үкімет резервінен жылу көздері мен жылу желілерін жөндеуге шамамен 48 млрд теңге қарастырылған», деді О.Бектенов.
Десе де, солтүстік аймақтарда жылыту маусымы басталғанға дейін бір айдан аз уақыт қалды. Алайда бірқатар өңірде жөндеу жұмысы уақтылы аяқталмай қалу қаупі бар. Ол жағдай облыс әкімдерінің баяндамаларынан байқалды. Сондықтан жұмысты барынша жеделдету керек. Мәселен, Ақмола облысында Степногор жылу электр орталығында резервтік қазандықты жөндеу әлі аяқталған жоқ. Маңғыстау облысында 2-жылу электр орталығында екі турбинаны жөндеу мерзімі ауыстырылған. Сондай-ақ Ақтау қаласында жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының қарқыны төмен.
«Мұндай мәселелер әр өңірде бар. Бұл әкімдер тарапынан жоспарлаудың нашар болуы мен қатаң бақылаудың жоқ екенін көрсетеді. Кейбір облыстарда қысқа дайындық бойынша Өңірлік штабтардың жұмысы мардымсыз болып тұр. Тиісті үйлестіру мен бақылауды жүргізу арқылы көп мәселені уақтылы шешуге болады», деді Үкімет басшысы.
Биылғы мамырда жабдықтарды жөндеу мерзімін негізсіз ауыстыруға жол бермеу тапсырмасы жүктелген еді. Алайда «KEGOC» компаниясы энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарының мерзімін ұзартуға рұқсат беруді жалғастырып жатыр. Бұл орындаушылық тәртіптің төмендігін және тиісті бақылаудың жоқ екенін көрсетеді.
«Мерзімді бұзу немесе оларды негізсіз ауыстырудың әрбір фактісі бойынша Энергетика министрлігі қатаң шаралар қабылдауы қажет. Энергетикалық кәсіпорындарға әзірлік паспорттарын беру жұмысы басталып кетті. Осы ретте энергия кәсіпорындарының жылыту маусымына әзірлігін бағалау комиссиясының жұмысына әкімдер тікелей өздері қатысуға тиіс», деген О.Бектенов нысандар қысқа әзірлік паспорттарынсыз жұмысты бастамауы керегін қатаң ескертті.
Сонымен қатар Риддер, Кентау, Екібастұз, Ақтау қалаларының энергия көздерін ерекше бақылауға алу қажет екенін айтты. Әзірлік паспорты болмай жылыту маусымы басталар болса, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатынын қаперге салды. Сөйтіп, жылу беру маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жаңғыртуды тапсырды.
«Энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отыру қажет. Жылыту маусымын ауа райына қарай қатаң белгіленген мерзімде бастау керек», деген Үкімет басшысы жауапты мекемелерге бірқатар міндет жүктеді.
Бірінші. Энергетика министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз етсін. Биылғы 1 қыркүйекке дейін өңірлерге берілетін әлеуметтік мазуттың жеткізу кестесі бекітілсін.
Екінші. Энергетика министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясы және өңір әкімдіктерімен бірге энергия нысандарына көмір мен мазутты бекітілген кесте мен көлемдерге сәйкес уақтылы жеткізу жөнінде шаралар қабылдасын. Сондай-ақ халықтың көмірмен қамтамасыз етілуіне бақылау белгіленсін.
Үшінші. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, өңір әкімдіктеріне 1 қыркүйекке дейін білім нысандарының толық әзірлігін қамтамасыз етсін. 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен тұрғын үй қоры нысандарының әзірлігін қамтамасыз етсін. Оқу-ағарту, Ғылым және Денсаулық сақтау министрліктері де бұл мәселені бақылауда ұстауы қажет.