Тамыз айының тамылжыған күндерінде Ұлытау облысында республикалық Халық шығармашылығының XXXIII дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі өтті. Екі күн бойы Ұлытау даласы, Кеңгір жағасы дарынды өнерпаздар мен үміттерін үкілеген өнер ұжымдарының ән мен күйіне бөленді. Талғампаз көрермен талантты ұл-қыздардың өнеріне тәнті болды.
Фестивальдың ашылу салтанатында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асқар Мұқият, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Береке Көшенов, «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
Фестивальда қазақтың төл мәдениеті мен ұлттық өнерін насихаттаған төрт ірі байқау – Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған әншілер байқауы, Кетбұқа жыраудың 840 жылдығына арналған күйшілер байқауы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мультиаспапшылар байқауы және ақындар айтысы өтті.
Кетбұқа бабамыздың туғанына – биыл 840 жыл. Осы айтулы оқиғаға орай фестиваль аясында күйшілер сайысы өтті. Домбырашылар еліміздің тоғыз өңірінен қатысты. Күй сайысының бірінші, екінші кезеңінде әрбір қатысушы үш шығармадан орындады.
Байқаудың қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбай болды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Айшолпан Қасымова (Астана қаласы) олжалады. І орынды Ернар Сәтім (Түркістан облысы), ІІ орынды Сырым Шомбаев (Жамбыл облысы), ІІІ орынды Алтынай Махмут (Қарағанды облысы), Нұриден Оспанов (Ұлытау облысы) иеленді.
Кеңгір суқоймасы жағалауындағы Амфитеатр сахнасында Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жылдығына арналған вокалдық байқауға он бір облыстан 14 әнші қатысты. Әр әнші екі ән орындады. Фарида Сауытханның домбырамен орындаған «Тамды аруы», Бэджа Калмыковтың «Бақыт құшағында» әндері көрермен көңілінен шықты. Кенжеғали Мыржықбай бастаған қазылар алқасының мүшелері әр әншінің өнеріне ден қойып тыңдап, әділ бағасын берді. Бас жүлде Қарағанды облысынан келген Фарида Сауытханға бұйырды. I орынды Ұлытау облысынан Әділет Әбілбай, II орынды Ақмола облысынан Ермек Қасым, III орынды Ақтөбе облысынан Бэджа Калмыков пен Жамбыл облысынан келген Қымбат Жамбылбек иеленді.
Жезқазған қаласындағы Балалар өнер мектебінде аңызға айналған тұлға Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Мультиаспапшылар» республикалық байқауы өтті. Оған еліміздің сегіз облысынан 11 дарынды жас қатысты. Қатысушылар байқаудың бірінші және екінші кезеңінде екі шығармадан орындады.
Этномузыкант Еділ Құсайынов төраға болған қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Санджай Әлмішев (Ұлытау облысы) қанжығасына байлады. І орынды Айжан Құрақ (Астана қаласы), ІІ орынды Мадина Османова (Астана қаласы), ІІІ орынды Назира Омар (Павлодар облысы), ІІІ орынды Айхат Қазихан (Ақмола облысы) иеленді. Біраз дарынды жастар дипломант атанды.
«Ұлт ұясы – Ұлытау» атты ақындар айтысын тамашалауға келген халық С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыка-драма театрының залына лық толды.
Ұлытау өңірінің халқы Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман бастаған ақындарды қошеметтеп қарсы алды.
Жүргізуші аламан айтысқа ат арытып келген Тілеубек Жанарыс (Қарағанды), Батыржан Кәдірбай (Атырау), Дархан Әбдіманатұлы (Тараз қаласы), Ұларбек Минатхан (Жетісу), Нұрмахан Жақыпбек (Түркістан), Нұрлан Есенқұл (Шымкент қаласы), Сырым Нығызбай (Ұлытау), Рүстем Қайыртай (Абай), Фариза Жетпісбай (Астана), Нұрмат Мансұров (Қызылорда), Мейірбек Сұлтанхан (Астана), Жібек Шахмарданқызы (Арқалық) сынды ақындарды сахна төріне шақырып, таныстырды.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков құттықтау сөз айтып, қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерманның иығына Ұлытау жұртшылығы атынан шапан жапты. Айтысты ғалым-филолог, суырыпсалма ақын Аманжол Әлтаев жүргізді.
Осы жолы ақындардың қатары жастармен толығыпты. Айтыстағы бір ерекшелік ақындарға осы өңірге қатысы бар «Ұлытау және Жошы ұлысы», «Ұлытаудың ұлары – Жақсыгелді», «Шынболат пен Дүйсенбай – айтыстың қос қанаты», «Төрлет еңбек адамы», «Қаныш – қазақ ғылымының атасы», «Кәкімбек – жез даланың жезкиігі» деп аталған арнайы тақырыптар берілді. Ақындардың кейбіреуі берілген тақырыпты терең қозғады. Енді бірі Ұлытау облысындағы жол, экология, денсаулық сияқты шетін мәселелерді тілге тиек етті. Ақындардың арасында түрлі салада қызмет істейтіндер бар. Астаналық Мейірхан Сұлтанханмен айтысқан Қытай Халық Республикасынан атамекенге көшіп келген жетісулық Ұларбек Минатханның асау өзендей тасыған өлең ұйқастарынан туған топыраққа деген шексіз сүйіспеншілікті сезіндік. Ақындар ұрымтал сөзге ұтқыр жауап беріп, жұртшылықты риза қылды.
Бас жүлдені Рүстем Қайыртай (Абай облысы) жеңіп алды. I орынды Нұрлан Есенқұлов (Шымкент қаласы), II орынды Сырым Нығызбай (Ұлытау облысы), III орынды Нұрмат Мансұров (Қызылорда облысы) қанжығасына байлады.
Айтыста қазылар алқасының мүшесі болған, ел ішінде «Дәридәй» ақын аталып кеткен Мұқаш Сейтқазинов: «Ұлытау облысының Жезқазған қаласында үлкен өнер мерекесі – «Ұлытау үні» өтуде. Бастауын өткен ғасырдың 90-жылдарында алған бұл өнер додасының мен тұңғыш жүлдегерімін. Оны бүгін барша ақындар тілге тиек етіп жатыр. Ол кезде Алғысхат қана алатынбыз», дейді.
«Ұлытау үні» республикалық фестивалінің гала-концертінде фестивальда бәйгеден озып, бағы мен бабы жанған жастар өнер көрсетті. Сонымен қатар ұлытаулықтар эстрада жұлдыздары Тамара Асар, Мөлдір Әуелбекова, Ұшқын Жамалбектің орындауындағы әндерді сүйсіне тыңдады.
Әуелде облыстық, кейін аймақтық, қазір республикалық мәртебеге ие болған «Ұлытау үні» фестивалі – талай дарынды жастың талабын ұштап, үмітін үкілеп, қалауына қанат байлады.
Ұлытау облысы