• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 09:45

Қытай бизнесінің өкілдері елімізден сенімді серіктестер таба алады - Тоқаев

40 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің 8-ші отырысында сөз сөйлеп, қаржы секторындағы қазақ-қытай іскерлік байланысын нығайтуға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстандағы тартымды инвестициялық ортаның берік негізі саналатынын атап өтті. Айта кетейік, орталықта көптеген елдің 4 200-ден астам компаниясы жұмыс істеп жатыр. Солардың қатарында 850 қытай компаниясы бар. «Қазақстан даму банкі Қытайдың жетекші қаржы институттарымен ынтымақтастық аясында еурооблигацияны Қытай юанымен (Dim Sum bonds) орналастыра бастады. Бұл Орталық Азиядағы дәл осындай тұңғыш келісім болды. Осы өте маңызды қадам халықаралық инвесторлардың Қазақстанның қаржы жүйесіне сенімін нығайта түсті», деді Мемлекет басшысы

Сонымен қатар Президент елімізде ауқымды инвестиция тартуға барынша қолайлы жағдай жасалғанын, ірі жобаларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.

«Қытай бизнесінің өкілдері елімізден сенімді серіктестер таба алады. Сонымен бірге олар аймақтағы және әлемдегі абырой-беделін күшейтіп, өсіп-өркендеудің жаңа көздерін аша алады. Бұл мәселе Қазақстан Үкіметінің ерекше бақылауында болады. Құрметті қытайлық бизнес өкілдері, Сіздер Қазақстан мен Қытай арасындағы ықпалдастықты одан әрі нығайту ісінде өте маңызды рөл атқарасыздар. Бұл қол жеткізген уағдаластықтар экономикалық байланысты күшейтуге ықпал етіп, елдеріміздің стратегиялық серіктестігіне тың серпін бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Себебі бұл мақсат-міндеттер біздің еліміздің ұлттық мүддесіне сай келеді. Сондықтан тиісті жобаларды іске асыру барысы еліміздің ең жоғары билігінің назарында болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.