Ақмола облысында әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды алдап, олардың атына заңсыз несиелер рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты іс бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақмола облысының прокуратурасының хабарлауынша, тергеу барысында еліміздің әр өңірінен 25 адамның қылмыстық схемаға қатысы бар екені анықталған. Топ құрамында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің орталық аппаратының қызметкері және бірнеше банктердің – «Kaspi Bank», «Forte Bank», «Еуразиялық Банк», «Jusan bank» қызметкерлері болған.
Алаяқтық әрекеттер 5 жылдан астам уақыт бойы жасалып келген. Нәтижесінде республика бойынша 348 азамат жәбірленуші атанып, келтірілген залал көлемі 3,7 млрд теңгені құрады.
«Тергеу барысында қылмыстық жолмен табылған мүліктер анықталды: Алматы қаласындағы пәтерлер мен жер телімдері, қымбат автокөліктер, ірі көлемдегі қолма-қол ақша. Тәркіленгеннің жалпы құны – 2,7 млрд теңге. Топтың барлық қатысушылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда қылмыстық іс процесс қатысушыларына танысуға берілді, түпкілікті шешімді сот шығарады», делінген хабарламада.
Прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырып, алаяқтарға сенбеу қажеттігін ескертті.