Еңбек нарығының 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген соң «сапалы жұмыс орны» ұғымы енгізілді. Тұжырымдамаға сәйкес биыл ел экономикасында сапалы жұмыс орындарының санын 2 млн 847 мыңға жеткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде елімізде сапалы жұмыс орны былтырға қарағанда 150 мыңға артып, 2 млн 602 мыңға жеткен. Еңбек нарығында осындай қадамдар неғұрлым көп болса, экономика соғұрлым тиімді дамитыны сөзсіз.
Макроөңірлердің ерекшелігін ескере отырып, экономиканың негізгі секторларын индустрияландыру, инфрақұрылымды нығайту, шағын және орта бизнес пен отандық тауар өндірушілерді одан әрі дамыту секілді басымдықтар сапалы жұмыспен қамтудың негізі болуға тиіс. Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2022–2029 жылдар аралығында 3,3 млн адамды, оның ішінде 2,3 млн жасты жұмысқа орналастыру міндеті қойылған. Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлермен бірлесіп 480 мыңнан астам тұрғынды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде 280 мыңы – жастар. Министрлік осы жылы жұмысқа орналасқан адамдарды есепке алу тәсілін қайта қараған. Енді жұмысқа орналасқандардың есебіне тек міндетті зейнетақы жарналары бар азаматтар ғана алынады.
Биылғы жылдың басынан бері елімізде 250 мың азамат жұмысқа орналасып, жылдық жоспардың 55%-ы орындалған. Жұмысқа тұрғандардың 38%-ы жастар болса, әйелдердің үлесі – 53% немесе 133 мың адам. Мемлекеттік жоспарлау құжаттары аясында 4,6 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылған. Мемлекет басшысының «10 мың адамға шаққанда 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында шамамен 63 мың адам жұмыс тапқан. Жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына – 66 мыңнан астам адам, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында 116 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты.
Жұмыссыздар мен нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтар үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыру, іске асыру – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметінің басты бағыттарының бірі. Оның ішінде еңбек ресурстарын кәсіптік оқыту, олардың кәсіпкерлік бастамасына жәрдемдесу, еңбек дағдыларына үйретуді көздейді. Биыл бұл іс-шараларға 277 мыңға жуық адамды тарту көзделген. Бүгінге дейін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 200 мыңға жуық адам тартылған. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов айтып берді.
– Қазір 48 мың жұмыссыз қысқамерзімді кәсіптік оқыту курстарымен қамтылды. 30 мыңнан астамы «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерді үйренуге жіберілді. 4 200 адам бизнес идеяларды іске асыруға 400 АЕК мөлшерінде гранттарға ие болды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 167 мыңға жуық азаматты жұмысқа орналастыру жоспарда бар. Жыл басынан бері субсидияланатын жұмыс орындарына мансап орталықтары арқылы 114 мыңға жуық адам орналасты. Оның ішінде 81 мың адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, осал топтарға жататын 10 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 8 мыңға жуық адам жастар тәжірибесіне жіберілді, 1,5 мың адам «Алғашқы жұмыс орны», 69 адам «Ұрпақтар келісімшарты», 13 мың адам «Күміс жас» жобалары аясында жұмысқа тұрды, – деді А.Биахметов.
Жыл басынан бері 48 мың адамға мерзімді кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылды. Оның ішінде білім беру ұйымдарына 1 840 адам жіберілсе, 66 мың адам маусым айында оқуын аяқтады. Жұмыс берушінің жұмыс орнында 1 400-ден астам адам, Skills Enbek платформасында онлайн оқытумен 45 мың адам қамтылса, 42 мың адам оқуын тәмамдап, қолына оқығанын растайтын куәлігін алған. Бұдан өзге, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 30 мыңнан астам адам қамтылып, жоспар 68%-ға орындалды. Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамту құралы – кәсіп бастауға бастапқы капитал құю. Ол үшін мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік осал топтарына жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 400 АЕК сомада гранттар беріліп жатыр. Биыл осы мақсатта 9 мың грант беру жоспарланған. Жобаның бірінші кезеңі бойынша шілдеге дейін 4,2 мыңға жуық адамға грант берілген. Қаражатты кәсіпкерлер мал сатып алудан бөлек, құрал-сайман, жабдықтарты түгендеуге, үй-жайларды жалға алуға, бизнес жобаларды іске асыруға байланысты басқа да қажеттіліктерге жұмсайды. Енді көп кешікпей жобаның екінші кезеңі басталып, тың бизнес идеясы бар қатысушыларға грант үлестіріледі.