• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:43

Өскелең ұрпаққа жасалған қамқорлық

20 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылының қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы оқушылардың барлығы «Жалпыға бірдей білім беру қоры» аясында толық қамтылды. Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес ата-аналардың және заңды өкілдердің есепшоттарына мектеп формасын, аяқкиім мен оқу-құралдарын сатып алуға 25,3 млрд теңге аударылған.

Елімізде 4,1 миллионнан астам оқушы жаңа 2025–2026 оқу жылын бастады. 363 461 1-сынып оқушысы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. «Жалпыға бірдей білім беру қоры» 500 мың балаға әлеуметтік көмек көрсетті. Оның ішінде – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған отбасылардың балалары, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар бар.

«Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар­дың есепшоттарына қаражат аудару арқылы көмек көрсету тетігін жетілдіру шараларын қабылдады. Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен мектеп керек-жарақтарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, осылайша олар сапасыз тауар алып қоюдан сақтанады. «Жалпыға бірдей білім беру қоры» жыл сайын балалардың жаңа оқу жылына дайындалуына көмектеседі. Бұл ата-аналарға балаларын мектепке дайындауға үлкен қолдау және әрбір оқушы үшін тең мүмкіндік жасайды. Айта кету керек, аталған қор – мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі», деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Қазіргі таңда әрбір білім алушыға берілетін көмек мөлшері 46 228 теңгені құрайды. Былтыр бұл көрсеткіш 43 407 теңге болған еді. Сонымен қатар мәслихаттардың шешімімен кейбір өңірлерде жоғарырақ көрсеткіш белгі­ленген. Мәселен, Алматы қаласында – 55 000 теңге, Жамбыл облысында – 53 117 теңге, Павлодар облысында – 53 663 теңге. Айта кетерлігі, 2023 жылдан бері материалдық көмектің көлемі бір балаға 17 мыңнан 46 мың теңгеге дейін 2,5 есеге артты.

Оқу-ағарту министрлігінің мәлі­метінше, қазіргі таңда еліміздің мек­тептерінде 1 093 арнайы қолдау кабинеті жұмыс істейді. Бұл кабинет­тердің басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың оқу үдерісіне толыққанды араласуына жағдай жасау. Осындай кабинеттерде психологтер, арнайы педагогтер, әлеуметтік педагогтер және педагог-ассистенттер еңбек етеді. Олар балаларға жеке-жеке көңіл бөліп, сабақ материалын меңгеруіне, мектеп ұжымына бейімделуіне жәрдемдеседі. Мысалы, кейбір оқушылардың сөйлеу қабілетінде, оқу-жазу дағдыларында немесе әлеуметтік ортаға бейімделуде қиындықтар кездеседі. Осындай жағдайда педагог-ассистент баланың қасында отырып, тапсырмаларды түсіндіреді, ал психолог оның ішкі сенімін нығайтып, бойындағы қорқыныш пен тұйықтықты жеңуге көмектеседі.

Бұдан бөлек, өңірлерде 270 психоло­гиялық-педагогикалық түзету кабинеті (ППТК) және 110 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) жұмыс істейді. ППТК – бұл баланың даму ерекшеліктерін ескеріп, түзету және дамыту жұмыстарын жүргізетін орталық. Мұнда логопедтер, дефектологтер, арнайы педагогтер сөйлеу, есту, көру немесе ойлау қабілеті дамуда тежелген балалармен тұрақты түрде жұмыс істейді. ПМПК – бұл кеңес беру ұйымы. Мұнда дәрігерлер, психологтер және педагогтер бірлесіп, баланың жағдайын жан-жақты зерттейді. Егер балаға арнайы мектеп, жеке бағдарлама немесе қосымша қолдау қажет болса, соны анықтап, ұсынысын айтады. Яғни ППТК – баланы түзетіп дамытуға бағытталған орталық, ал ПМПК – баланың жағдайын анықтап, қай бағытта қолдау қажет екенін көрсететін кеңесші ұйым. Мұндай құрылымдардың дамуы – ерекше бала­ларға деген қамқорлықтың нақты көрі­нісі. Бұл – олардың қатарластарымен бірге оқып, білім алуына, қоғамға бейім­делуіне мүмкіндік береді.

Елімізде сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау көрсетуге бағытталған тәлімгерлік институты дамып келеді. Қазір республика бойынша 20 өңірде 360-тан астам азамат тәлімгер атанды.

Тәлімгерлік ақысыз негізде жүзеге асырылады және ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған, балалар үйінде тәр­биеленіп жатқан 10 жастан асқан балаларды қамтиды. Жобаның мақсаты – балалардың әлеуметтенуіне ықпал ету, оларды өз бетінше өмір сүруге да­йындау.

Елімізде тәлімгерлерге міндетті сертификаттау тәртібі енгізілген. Тәлім­гер болғысы келетін азаматтар тәлімгерлік ұйымдарында оқудан өтіп, біліктілігін растайтын сертификат алады. Міндетті оқыту тәлімгерлердің қажетті білім мен дағдыға ие болып, ба­лаларға тиімді қолдау көрсетуіне мүм­­кіндік береді.

«Тәлімгер – бұл баланың жанынан табылып, оған жол көрсететін адам. Әркім тәлімгер бола бермейді. Бұл – үлкен жүрек пен адал ниетті, жауапкершілікті қажет ететін іс. Сол себепті оқыту мен сертификаттауды енгіздік. Балаларға шынымен қамқор бола алатын, сенімді адамдар ғана тәлімгер болуға тиіс», деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, тәлімгерлік институты елімізде 2024 жылы заңнамалық түрде енгізілді.