Оқу-ағарту министрлігі кейінгі алты жылда еліміздегі үш ауысымды мектептер саны төрт есе азайғанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
2019 жылдан бері 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 жаңа мектеп салынды. 2023-2024 жылдар аралығында 510 мың орынға арналған 422 білім ошағы пайдалануға берілген.
Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны төрт есе азайды. Апатты жағдайдағы мектептер екі есе қысқарды. Оқушы орындарының тапшылығы да төрт есе төмендеді.
Үш ауысымды оқытудан толық бас тартқан өңірлер қатарында Шымкент, Алматы, Ақмола, Қарағанды және Қызылорда облыстары бар.
«Жаңа оқу жылының қарсаңында өңірлерде 115 мың оқушыға арналған тағы 83 жаңа мектеп ашылды, оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Жаңа мектептердің пайдалануға берілуі бірқатар өңірлерде үш ауысымды оқыту мәселесін толығымен жоюға мүмкіндік берді», деп жазған министрлік хабарламасында.
Қазір елдегі 3 мың мектеп бір ауысымда, 5 мың мектеп екі ауысымда оқытады. Жыл соңына дейін 140 мың орынға арналған 111 мектеп ашылған соң, бұл көрсеткіш айтарлықтай жақсарады.
Сондай-ақ, министрлік 2025-2026 оқу жылына дейін 232 жаңа мектеп салуды, 245 мектепті жаңғыртуды және 1 мың ауыл мектебін модернизациялауды жоспарлап отыр.