Елордада «Қазақстан Республикасының Конституциясы: 30 жыл мемлекеттіліктің, ел егемендігінің, заңдылық пен құқықтық тәртіптің кепілі» атауымен дөңгелек үстел өтті. Айтулы мереке қарсаңындағы жиында заң үстемдігін дамыту, сот төрелігі жүйесін жетілдіру және демократиялық институттарды нығайту мәселелері талқыланды. Басқосуды Қазақстан халық партиясы ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Конституциялық соттың, Әділет министрлігінің, Сот әкімшілігінің, Орталық сайлау комиссиясының, Парламентаризм институтының өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысты. Дөңгелек үстел ашылуында сөз алған ҚХП төраға орынбасары, фракция жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Конституция мемлекетіміздің тірегі әрі құқықтық жүйенің негізі екенін айтты.
«Кейінгі 30 жыл ішінде Конституция еліміздің мемлекеттілігін нығайтып, азаматтардың құқығы мен еркіндігін қамтамасыз ететін басты құжатқа айналды. Ол демократиялық институттардың дамуына жол ашып, қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырды. Елдің даму бағытын айқындап, жаңғыру үдерісінің іргетасына айналды. Бүгінде осы кезеңге көз жүгіртсек, Ата Заңымыздың тәуелсіздікті бекемдеуде, құқықтық мемлекет құруда, заң үстемдігін қамтамасыз етуде, сондай-ақ ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауда маңызды рөл атқарғанын байқаймыз. Конституцияның 30 жылдығы – қоғам алдында тұрған жаңа сын-қатерлерді талқылауға, құқықтық жүйенің әрі қарай дамуы мен Конституцияның әрбір азаматтың өміріндегі рөлі жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік», дейді депутат.
Жиында 2022 жылғы референдумнан кейін Конституцияға 33 бап бойынша 56 түзету енгізілгені туралы айтылды. Осы ретте Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов конституциялық бақылау жөнінде баяндама жасап, бұл механизмнің заң үстемдігін қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті.
«Енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – адам құқықтарын жоғары деңгейге көтеру, қоғамдық бақылауды күшейту, құқық қорғау институттарын дамыту болды. Бүгінде Конституциялық сот өте тиімді жұмыс істеп жатыр. Тек биылдың өзінде Конституциялық сотқа 2450 өтініш келіп түсті. Ең маңыздысы – кез келген азаматтың сотқа тікелей жүгіну құқығы бар. Мұндай мүмкіндік көп елдердің заңдарында жоқ. Ал бізде әр азамат, егер қандай да бір заң нормасы Конституцияға қайшы деп есептесе, өтініш бере алады. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті күшейтіліп, шалғай аймақтарда өкілдіктер құрылды. Бұл да жайдан-жай емес. Қазір жаңа Конституцияның нормалары мен қағидаттарына сүйеніп өмір сүріп жатқан жаңа буын өсіп келеді. Бұл – халқымыз үшін үлкен игілік», дейді М.Бәшімов.
Басқосу қорытындысында қатысушылар мерейлі 30 жылдық аясында Конституцияны тек тарихи құжат ретінде құрметтеп қана қоймай, оның қағидаттарын күнделікті өмірде басшылыққа алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті күшейту қажет екенін жеткізді.