Қытай халқының ұлы композиторы, ұлт рухын көтерген музыкант ретінде халық сүйіспеншілігіне бөленген Сянь Синхайдың 120 жылдық мерейтойы биыл жер-жерлерде лайықты өтіп жатыр. Халықтар достығын дәнекерлейтін мәдени-дипломатиялық шараның бірі Алматы қаласында жалғасын тапты, деп жазады Egemen.kz.
Мегаполистің өнерсүйер қауымы мен қала зиялылары қатысты концертке Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы бастамашы болып, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы мен Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, сонымен қатар Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі қолдау танытты.
Салтанатты концертте Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй ханым сөз алып: «Біз бүгін Қытайдың ұлы халық композиторы Сянь Синхайдың туғанына 120 жыл толуын бірге атап өтпекпіз. Ол дәуірдің рухани қуаты мен Отанға деген шексіз сүйіспеншілікпен шабыт алып, «Сары өзен» кантатасы мен «Тайханшань тауында» секілді мәңгілік музыкалық туындыларды дүниеге әкелді. Ол тек қытай музыкасының ғана емес, заманауи әлемдік музыка тарихының да жарқын інжуі.
Ұлы музыкантты біздің ортақ қаламыз Алматымен ерекше де күрделі тағдыры байланыстырады. Кеңестер Одағы мен Германия арасындағы соғыс басталғаннан кейін Сянь Синхай дәл осы қалаға келген болатын. Қиын-қыстау кезеңдерде қазақ музыканты Бақытжан Байқадамов оған қолдау көрсеткен. Төраға Си Цзиньпин мен Президент Қасым-ЖомартТоқаев осынау жан тебірентерлік достық пен өзара көмек туралы бірнеше рет тілге тиек еткен. Екі музыканттың бірлескен туындысы – «Амангелді» симфониялық поэмасы – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде рухани ұранға, ал олардың от пен судан өткен достығы Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгі достықтың нышаны әрі үлгісіне айналды», деді.
Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы ортақ тарихымызды еске ала отырып, бейбіт болашақты бірлесе құру үшін ҚХР үкіметі екі қазақстандық қаһарманды – Майхан Ілиясұлы Әренов пен Әбдібекті Нұрмағамбетов – «Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы Жеңістің 80 жылдығы» естелік медалімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Бұл құрмет – қазақ халқының қытай халқының тәуелсіздігі мен азаттығы жолындағы күресіне қосқан зор үлесін мойындап, мәңгі есте қалдыруды көздейді.
Ал мерейтойлық медальдар сахна төрінде қаһармандардың туыстары – Мұрат Майханұлы Әренов пен Мақсат Әбдібекұлы Нұрмағамбетовтерге табысталды.
Марапаттау Сянь Синхайдың 120 жылдық құрметіне қойылған салтанатты концертке ұласып, музыканттың танымал шығармалары орындалды.
АЛМАТЫ