Алматы іргесіндегі Іле Алатауы ұлттық паркі тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар туризм арқылы жергілікті экономиканы дамытудың тиімді тетігіне айналып келеді. Мұнда экологиялық бағыттағы турлар мен белсенді демалыс түрлеріне сұраныс жыл сайын артып отыр.
Табиғи парктің жалпы аумағы 200 160 га жерді алып жатқан ұлттық парк құрамына 4 филиал кіреді: Ақсай (57 839 га), Медеу (41 075 га), Талғар (26 652 га), Түрген (74 594 га). 2002 жылы ЮНЕСКО табиғи паркті дүниежүзілік мұраның алдын ала тізіміне енгізді. Бірақ еліміз 23 жылдан бері беделді аталымға қол жеткізе алмай келеді.
Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ұжымы ұйымдастырған баспасөз туры барысында салмағы кемі 50 килодан асатын ерекше қойтастардың кәдімгі гранитке ұқсайтыны назарымызды аударды. Парк қызметкерлерінің айтуынша, бұл шынында да әлі пісіп жетілмеген табиғи гранит көрінеді. Оның пісіп жетілуіне көп уақыт керек.
Бірақ кейінгі жылдары дамыған елдерде піспеген мәрмәр, гранит тастарды ұнтақтап, желімдеп, кәдімгі гранитке айналдыратын технология іске қосылыпты. Қара базардағы құны 1 млн теңгеден асатын мәрмәр, гранитттердің кемі 80%-ы ұнтақталған тас ұнынан желімделіп, құрастырылған. Демек Іле Алатауын ЮНЕСКО қорғауына алып, оның әрбір тасын көздің қарашығындай сақтайтын кез келді.
«Іле Алатауы» ұлттық паркінің бас директоры Елнұр Ахметовтің айтуынша, қазір паркке қатысты шешілмей келе жатқан түйткілдердің түйіні тарқатыла бастаған. Үлкен Алматы көліне апаратын жол бүгінде жабық. Бұған дейін де оған жаяу жетуге мүмкіндік беретін арнайы жол болмаған. Биылдан бастап 16 шақырымдық туристік соқпақтың 1,5 шақырымы абаттандырылады. «Таңғы жұмысым парк аумағына қарасты бақтарды аралаудан басталады. Адам баласының табиғаттан қуат алуды дағдыға айналдырып келе жатқанын көргенде қуанамын. Сәмбі талдарды құшақтап, содан қуат алғысы келетін туристерді көп көремін», дейді ол.
Қордаланған мәселенің бірі – төлем жүйесіне қатысты еді, ол да шешімін тапқанын кездесу барысында білдік. Биылдан бастап кіру ақысын банк қосымшасы арқылы аударуға болады. Электронды төлем жүйесі Алма-Арасан, Түрген, Бұтақты, Қаскелең шатқалдарында енгізілді. Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – тек эстетика мен ыңғайлылық қана емес, сонымен қатар туристердің қауіпсіздігі. Сондай-ақ GPS тректері бар онлайн карталар, туристерді тіркеу жүйесі, ТЖМ автоматты хабарлау функциясы, қауіпсіздік жөніндегі ұсынымдар дайындалып жатыр. Қазір Үлкен Алматы көліне автокөліктер жіберілмейді. Жолды жөндеу, жолға құлап кетуі мүмкін тастар мен жарларды бекіту, күшейтуге қатысты жұмыстар алдағы екі жыл ішінде жүзеге асады.
«Іле Алатауы» ұлттық паркі бас директорының орынбасары Арқау Шантаевтың айтуынша, ұлттық паркке демалушылардан келетін зиян көп. Қоғамда әлі де қарапайым экологиялық мәдениеттің қалыптаспағанына қынжыласың.
Қолданыстағы ереже бойынша Алматыға экология талаптарына сай келмейтін көліктер кірмейді. Паркке кіретін әрбір бекетте көліктің нөмірі оқылып, камера арқылы төлем мөлшері автоматты түрде шығып тұрады. Жаңа тариф бойынша 16 орындыққа дейінгі жеңіл көліктер жеке төлем төлейді, оның мөлшері – 5100 теңге. Қарапайым жеңіл көліктердікі – 1179 теңге. Ал жаяу жүргіншілер адам басына 589 теңгеден төлейді. Тарифтер 2023 жылы бекітілген, жыл сайын өзгеріп отырады – ол айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты есептеледі.
«Аюсай шатқалында 6 км талшықты-оптикалық байланыс тартылды. Есік шатқалында жыл соңына дейін мобилді интернетті орнату, іске қосу жоспарланған. 2026 жылы Асы-Батан шатқалында мобилді байланыс жүйесін іске қосу жүзеге асырылады.
Жалпы, «Іле Алатауы» ұлттық паркі аумағында 46 ресми туристік бағыттың 11-інде ретке келтіру, 3 бұлақ көзін қалпына келтіру, 3 кемпинг аумағын дамыту жұмыстары басталған. Бұған қоса, жеке инвестиция есебінен Алма-Арасан мен Терра алаңы арасында 15 шақырымдық жаяу жол салынып жатыр. Мұның бәрі Алматы қаласы әкімдігімен арадағы меморандум аясында жүзеге асырылатын жұмыстар. «Bi Group» компаниясы Алма-Арасан – Терра алаңы арасындағы 15 км соқпақты абаттандыруды бастады.
Сапар барысында «BI Group» компаниясы жүзеге асырып жатқан «Бақыт соқпағы – 2025» жобасының үшінші кезеңімен таныстық. Бұл бағыт Проходное шатқалы арқылы Терра алаңқайы мен Алёшкин көпіріне дейін созылады. Ұзындығы – 13,5 шақырым, биіктік айырмасы – шамамен 1580 метр. Соңғы нүктесі – теңіз деңгейінен 3330 метр биіктікте орналасқан Космостанса. Осы бағыттың бойындағы Алёшкин көпірінің ұзындығы – 50 метр, теңіз деңгейінен биіктігі 3000 метрден асады. Осы бағыт бойында демалысқа қажеттінің бәрі бар. Жобаның үшінші кезеңіне 106 миллион теңге инвестиция құйылды.
Кейінгі жылдары елде экологиялық мәселелер күрделене түскені жиі айтылып келеді. Жаһандану дәуірінде экологиялық қауіпсіздік мәселесі тек бір елдің ғана емес, бүкіл әлемнің басты назарында тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Жолдауында бес жыл ішінде, яғни 2025 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд түп ағаш егуді тапсырған еді. Содан бері елімізде 1,383 миллиард ағаш отырғызылды. 743 миллионы биіктігі 20-25 см-ден аспайтын кішкентай ағаштар, 640 миллионы – тікелей жерге себілген тұқымдар.
«Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орманды қорғау, молайту, қалпына келтіру бөлімінің басшысы Райхан Мұхамеджанованың айтуынша, паркте орманды қалпына келтіру, молықтыру аясында 42 гектар аумақта 140,1 мың дана ағаш көшеті отырғызылыпты. Тұқымбақтарда 0,62 гектар жерге орман тұқымдары себілді. Орманды күтіп-баптау жұмыстары 256 гектар аумақта жүргізілді. Қазір орманды қорғау, сауықтыру жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Парк әкімшілігінің қадағалауымен әр кесілген 1 ағаштың орнына 10 көшет егіліп, ұзақ жыл күтіп бапталады. Өрттің алдын алу, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. «Өсімдікті бала тәрізді аяламасаң, жемісін бермейді. Тұқымнан бой көтерген өскін 3-4 жылға дейін бағбандардың күтімінде болады. Буыны бекіген соң ғана тұрақты мекеніне жайғасады», дейді ол.
Ұлттық парк аумағында 74 қонақүй, 29 қоғамдық тамақтану орны, 23 кемпинг жұмыс істейді. Жер пайдаланушыларға шарттық міндеттемелерді орындау міндеті ескертіледі. 97 жер пайдалану шарты өзекті (78 – ұзақмерзімді, 19 – қысқамерзімді), жалпы көлемі – 567,578 га. 169 шарттың 71-і міндеттемелер орындалмауына байланысты бұзылды.
Ұлттық паркке қарасты Қаскелең аңғары, Қасымбек сайында орналасқан «Алатау маралы» ЖШС-ның жұмысымен таныстық. 2003 жылы Алтайдан Алатауға 60 бас марал әкеліп, жерсіндіріп, 150-ге жеткізіп отырған кәсіпкер Кеңес Қайырханұлының айтуынша, осы беткейде Алтай тауларында өскен өсімдіктің бәрі өскендіктен, шығыстан алып келген маралдар тез жерсініп кетіпті. Әрбір маралдың еркін жайылымына кемі 1 гектар жер керек. Егер инфрақұрылым реттелсе, біраз шаруаға септескелі тұр. Маралдың нарықтық құны 700-800 мың теңге, жылқы малымен бірдей бағаланады.
Кәсіпкердің айтуынша, марал шаруашылығына субсидия бөлінбеген. Кешендегі инфрақұрылымның жоқтығы оның инвестициялық тартымдылығына кері әсер етіп отыр. «Үкімет осы кәсіпке көңіл бөлсе екен. Шошқаға да субсидия бөледі, сол сияқты емдік қасиеті басым маралға да қаржы бөлінсе», деді кәсіпкер Кеңес Қайырханұлы.
«Алатау маралында» дайындалатын сұйық пантогематоген маралдың мүйіз қанынан жасалады. Мүйіз қанының өнімдеріне шет елдерден сұраныс бар. Демек маралға қолдау табиғи емге, ұлттық шаруашылыққа қолдау деп қабылданатын кез келді. Себебі 2019 жылға дейін кербұғы өсіретіндерге мемлекеттен субсидия берілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен ереже бойынша бір аналық маралға 5 мың теңгеден демеу қаржы бөлінді. Таудағы жүздеген гектарды қоршап, саты жасау екінің бірінің қолынан келмейді. Биіктігі 2 метрден асатын бағаналарды орнатып, темір тор тартуға талай уақыт пен күш, ең бастысы қыруар қаражат керек.
«Ойқарағай» тау-шаңғы курортындағы жаңадан ашылған «Ақтас» аспалы жолының жол кабиналары 10 адамға арналған. Қазір жол салу, экосоқпақтарды кеңейту жұмыстары жүріп жатыр.
Кейінгі екі жылда парк түрлі мекемелермен бірлесіп 8 бағытта зерттеу жүргізіп келеді. Мысалы, «Helios» компаниясымен бірлесіп Сиверс алмасын сақтау мен насихаттау бағытында ғылыми-туристік жобаны бастады. Сонымен қатар сирек өсімдіктерді in vitro әдісімен көбейтуге арналған зертхана іске қосылды.
Келесі жылы құрылғанына 30 жыл толатын «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне жыл басынан бері 510 мыңға жуық турист келіп, бюджетке 298 млн теңге қаржы түскен. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға артық.
АЛМАТЫ