• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:30

Ғылымды қаржыландыру деңгейі неге төмен?

20 рет
көрсетілді

Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, 2024–2026 жылдарға ғылыми жобалар мен зерттеулерді қаржылай қолдау үшін бюджеттен 703,6 млрд теңге бөлінген. Оқырманға мұндай сома көлемді көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, Қазақстан дүниежүзілік дереккөздерде ғылымды қаржы­ландырудан соңғы орындарға жайғасқан. Себебін сараптап көрелік.

Бәрі де салыстырмалы

Ақиқатында ғылым саласының дамуы қаржылай қолдауға тікелей тәуелді. Мұны сонау кеңес кезіндегі елімізде дамыған және іргетасы мықты қалыптасқан ғы­лыми зерттеу институттарының тарихынан көре аламыз. Мысалы, Ұлттық мем­лекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының дерегіне сүйенсек, 1990 жылдары Қазақстандағы жалпы саны 279 ғылыми мекемеде 50,6 мың ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын ғалым болыпты. Ал 2000 жылдары 14,7 мың ғылыми қызметкер қалған. Басты себептердің бірі экономикалық дағда­рыс­қа байланысты мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржының қысқаруы болды. Ал қазір, яғни егемен ел болғанымызға ­30 жылдан аса уақыт өткенде, дәлірек айтсақ, 2024 жылғы деректе ғылымдағы кадрлар саны 25,4 мың адамға жеткен. Осы сандардан көз жеткізгеніміздей, республикамызда ғалымдар саны көбейгенімен, бәрібір 90 жылдардағы көрсеткіштің жартысына әзер жетіп отырмыз. Бұл өз кезегінде жан-жақты қолдаудың әлі де қажет екенін айғақтайды.

Иә, сол дәуірде ғалымдардың да, ғы­лымның да дәуірлеген шағы болды, бірақ одақ тараған соң сала да құлдырай бас­тады. Өйткені ғылымға тиісті мөлшерде қаражат бөлінбей қалды. Жоғарыда бұл бағыт қаржылай қолдауға тәуелді дегеніміз осыдан. Бұл теорияның дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома екенін ертеден білетін елдер зерттеу жұмыстарына қашаннан көп ақша қарастырады. Айталық, ашық дереккөздерде Қытай Халық Респуб­лика­сында 2024 жылы ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды қаржыландыру көлемі 8,3 пайызға артып, 3,6 трлн юань, яғни 500 млрд долларды, көп елге ортақ ұғыммен айтсақ, бұл ішкі жалпы өнімінің 2,68 пайызын құрайды. ЮНЕСКО-ның Статистика институты жариялаған «2024 жылғы зерттеулер мен әзірлемелерге бөлінген шығындар» (UNESCO Institute for Statistics: Research and Develop­ment Expenditure 2024) атты деректер тізбегінде Қазақстан 151 мемлекеттің ішінде 120-орында тұр. Себебі еліміз­де ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге ішкі жалпы өнімнің 0,13 пайызын ғана бөледі. Бұл соманың аз екенін оқырман Қазақстанның жоғарыдағы рейтингінде алдыңғы қатарларда емес, соңына жа­қын тұрғанынан-ақ түсінер. Ал нақты санмен жеткізер болсақ, Ғылым және жо­ғары білім министрлігі жариялаған­дай, 2024–2026 жылдарға көзделген ғылым бюджеті – 703,6 млрд теңгені құрады. Өткен жылы ғылымды дамытуға 177,3 млрд теңге бөлінді. Осыдан қалғанын екі жылға бөліп тастасақ, 263,15 млрд тең­геден келеді. Енді мұны Қытайдың бөл­генімен салыстыру үшін әлемдік валю­та­ға айналдырсақ, 500 млн доллар бола­ды. Қытай ғылымды қаржыландыруға жылына 500 млрд, Қазақстан 500 млн дол­лар шығын шығарады, арасы – жер мен көк­тей. Осыған сәйкес, көрші тұрғанымен, екі елдің экономикасы да – әлеуеті жағы­нан алшақ. Десек те Қытай жоғарыда­ғы халықаралық ұйымның тізімінде көш бастап тұрған мемлекет емес, 14-орынға жайғасқан. Бірінші орында Израиль (ішкі жалпы өнімнің 5,56 пайызы), екінші орында Оңтүстік Корея (ІЖӨ 4,90%), үшінші орында Америка (ІЖӨ 4,90%) тұр. Ғылымға қаржылай қолдауды көп көрсететін елдердің үшеуі де дамудың алдыңғы шебінде екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар.

 

Арман болған 1 пайыз

2024 жылы Қазақстанда ғылыми қыз­меткерлер саны шамамен 25,4 мың адамға жетті, бұл өткен жылмен салыстырған­да 13%-ға өскенін көрсетеді. Министр­лік мәлімдегендей, мұндай өсім мемлекет тарапынан ғылым саласына бө­лінетін қаржының ұлғаюына және ғы­лыми-зерттеу инфрақұрылымының дамуына байланысты. Үкімет ғылымға қарастырылған қаражаттың көлемі жыл сайын артып отырғанын хабарлады. Соған қарамастан, әлемдегі көрсеткіштерде көш бастамаса да бел ортасынан орын ала алмай отыр. Себебі неде? 2019–2025 жылдары білім мен ғылымды дамыту­ға арналған мемлекеттік бағдарламада 2019 жылы 0,13 пайыздан бастап сатылай, 1 па­йызға дейін көбейту көзделген. Бі­рақ бұл бағдарламаның күші жойылды. ­Қазір қолданыстағы құжатта мәселенің ше­шімі мүлдем кейінге шегеріліп кеткен.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылдың 1 қаңтарын­да бізге берген сұхбатында аталған түйткіл­ге қатысты: «Экономикалық даму және ын­тымақтастық ұйымының ұсынымы бойын­ша ғылымға жылына бөлінетін қаржы көлемі ішкі жалпы өнімнің 1 па­йызы­нан кем болмауға тиіс. Егемендік алғалы 30 жыл өтсе де біз 1 пайыздық межеге жете алмадық. 1990 жылы 0,82 па­йыз, яғни ең жоғары көрсеткіш осы болды. 2021 жылы 0,12 пайызға, 2022 жылы 0,13 пайызға, биыл бірден 0,26 пайызға көтердік. Мы­салы, Оңтүстік Корея жылына ішкі жалпы өнімнің 4,3 пайызын ғылымға, 4,7 па­йы­зын жоғары білімге бөледі. Соның нәтиже­сін­де роботтар, көліктер, техникалар, жал­пы айтқанда, жаңа технологиялар еліне ­айналып отыр. Ал отандық ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына қашан, қалай жеткіземіз? Бұл межеге тек мемлекеттік бюджетпен жету мүмкін емес, бұны мойын­дау керек. Мұндағы негізгі мәселе жеке сектордан инвестиция­ның тартылмауында болып тұр. Мәселен, сол Оңтүстік Кореяда ғылымға бағыттал­ған қаржының 72 па­йызы жеке сектордан түседі. Америка­да бұл көрсеткіш одан да жоғары, 84 пайыз­ға тең. Елімізде, керісінше, 70 пайызға жуық қаржыны мемлекет береді. Сондықтан заңнама­лық өзгеріс болуы қажет. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Мәжіліске енгізілді. Биыл талқылау басталады, бұйырса алдағы сәуір айында қабылданады. Сол заң сәтті қабылдан­са, жүйелі шараларымыз заңды күшіне енсе, салық жеңілдіктері қарастырылып, жеке секторды, ірі компанияларды ғылым­ға қаржы салуға көптеп тарта аламыз. Жоспарымыз бойынша бұл межеге 2025 жылдың соңында қол жеткіземіз», деп пікір білдірген болатын.

Бірақ биыл осы уәдесінің орындалуы туралы сұрағымызға С.Нұрбек 18-қаңтар­да шыққан сұхбатында: «Иә, жаңа заңға былтыр қол қойылды. Алайда сол құжат қолданысқа енгізілсе де кедергілер болып тұр. Соның бірі ретінде Бюджет кодексі мен Салық кодексінің былтыр қабылданып үлгермегенін атап өтер едім. Ғылымға тартылатын қаржы көлемін жеке секторлар мен ірі компанияларға көрсетілетін салық жеңіл­діктері арқылы арттыру туралы тетігіміз әлі заңды күшіне енбей жатыр. 300 пайыздық жеңілдіктерден бастап, осы уақытқа дейін айтылып келген түрлі салықтық шегерімдер Салық кодексінде жазылған. Осы кодекс биыл қабылданса, жоғарыдағы тиімді жүйе жұмыс істей бастайды. Негізі біз басшылыққа алатын, 2023 жылы бекітілген Ғылым және жоғары білімді дамыту тұжырымдамасында зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жеткізу межесі 2029 жылға белгіленген», деп жауап берді. Міне, осы жауаптан жоғарыда жазғанымыздың дәл уақытын, яғни мәселені шешуді енді қанша жылға шегерілгенін ұғуға болады. Әлбетте, салық шегерімдерін енгізу тиімді жұмыс істеп кетсе, біршама арттыруға болар, десе де бірден 1 пайызға биыл жету қиын-ау...

 

Түйткілдің түйіні

Ақиқатында түйткілдің әрқилы қыры бар, түйінін тарқатудың да түрлі тәсі­лін табуға болар, әрине ой жетсе, іскер­лік қабілет көтерсе. Өткенде академик, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаевты әңгімеге тартқанымызда өзекті мәселеге өз шешімін: «Елімізге шетелден келген компаниялардың бәрі шикізат алады. Мысалы, темірді тас түрінде сыртқа жібере береміз, осыдан еліміз ұтылып отыр. Темірден шеге жасап шетелге шығарса, әуелгі бағасынан 10 есе өседі. Бірақ бұған шикізат сатып отырғандар басын ауыртқысы келмейді, өйткені өңдейтін технология жасау, маман табу, зауыт ашу, өңдеуге шығын шығару қажет. Осы пиғылды өзгерткен жөн. Шындығында ішкі жалпы өнімнің 1 пайызын біздегі жер қойнауын игеруші компаниялардың табысынан бөлетін ақшамен-ақ жауып тастауға болады. Олар өз табысының бір пайызын ғылымға құйып отырмыз дейді. Соған бақылау болмай тұр ғой. Қандай ғылымға, қай бағытқа, қайсы тақырыпқа бөлді? Осыны өзіміз қадағалауымыз керек. Содан соң қазір университет бір бөлек, өндіріс өзінше, академия басқаша өмір сүріп жатыр. Сол үштіктің бір қазанда қайнағаны қажет», деп ұсынған болатын.

Енді осы қаржыландыру мәселесіне тағы бір жағынан келіп көрейік. Аз ба, көп пе, ғылымға қаржы көлемі ұлғайтылып жатыр. Ал сол дәл қажет жұмысқа жұм­са­лып жатыр ма? Бұл сұраққа академик А.Жұмаділдаев: «Кейінгі жылдары ІЖӨ-нің ғылымға бөлінетіні 1 пайызға жеткізбесе де бұрынғыдан көбейді. Енді соны аз бөлінсе де саз болатындай жұмысқа жұмсау керек. Сонда нәтиже көрінеді. Бізде ұсақ тақырыптар көп, кейбіреулер маңызын жойған 40 жыл бұрынғы жұмысын өңін айналдырып бере береді. Қазір ғылым бір жерде тоқтап тұрған жоқ қой. Компьютерлік математика деген шықты, содан елімізде бір адам таппайсың. Кванттық компьютер жасап жатыр басқа елдер. Одан кім бар? Сон­дай сұраныстағы тақырыптарды, страте­гия­лық маңызды ғалымдарды анық­тап, соған қаржыны басқасы ортақтаспай­тын­дай бөлек беру керек», деп жауап берген-ді.

 

Демеу ме, тежеу ме?

Ғылымды қаржыландыру керек еке­нін түсініп отырмыз. Ал енді сол қар­­жы қайдан түседі? Жалпы, бұл жұ­мыс­ты жүргізудің, яғни ғылыми жұмыс­тар­ды, зерттеулер мен жобаларды қаржылан­дырудың әлемде қалыптасқан бірнеше тетігі бар. Соның ішінде Қазақстанда қолданылатын түрлерін тізе кетейік. Біріншісі – мемлекеттік қаржыландыру. Мұның өзі бірнеше түрде беріледі. Атап айтқанда, базалық қаржыландыру – ғылыми ұйымдар мен зерттеушілердің тұрақты қызметін қамтамасыз ету үшін бөлінеді (жалақы, зертханалық жаб­дықтар, инфрақұрылым); гранттық қар­жы­ландыру – жеке ғылыми жобаларға конкурс арқылы беріледі. Қазақстанда бұл қаржыны Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық ғылыми кеңес­тер арқылы бөледі; бағдарламалық-ныса­налы қаржыландыру – Ұлттық және стра­тегиялық маңызы бар зерттеулерге бөлінетін ұзақмерзімді қаржы (5 жылға дейін). Екіншісі – халықаралық гранттар мен бағдарламалар. Қазақстандық ғалымдар шетелдік ұйымдардан гранттар ала алады. Мысалы: Еуропалық Одақ­тың Horizon бағдарламасы, ЮНЕСКО, НАТО, БҰҰ гранттары, әлемдік ғылыми қорлардың мүмкіндіктерін пайдалану­ға болады. Үшіншісі – жеке инвестициялар мен өндірістік серіктестік. Ірі кәсіпорындар мен ұлттық компаниялар (мысалы, «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Қазына») ғылыми зерттеулерге қаржы бөлуі мүмкін. Кәсіпкерлер мен жеке қорлар технологиялық стартаптарды немесе қолданбалы ғылымды қаржыланды­рады. Төртіншісі – университеттік қар­жыландыру. Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары өз бюджеттерінен ғылымға қаржылай қолдау көрсетеді. Назарбаев университетіндегі Әлеуметтік даму қорының қолдауымен аталған оқу орнының студенттері мен ізденушілерінің жобаларына берілетін гранттары осыған мысал бола алады.

Өздеріңіз түсініп отырғандай, Қазақ­станда ғылымды қаржыландырудың не­гізгі көзі – мемлекет, бірақ жеке сектор мен халықаралық гранттарды тарту­дың маңызы артып келеді. Енді осы негіз­гі көзден түсетін қаржының өзі қалай келеді, қандай кедергілер бар, еліміз­дегі қаржыландыру тәсілдері ғылымға демеу ме, әлде тежеу ме? Бұл сұрақтар мазалағанда, әлбетте, ғылымның өз ішін­де жүргендердің пікіріне құлақ асқан жөн. Ұлттық кеңестің және академия жанындағы Жас ғалымдар кеңесі төралқасының мүшесі, «Young researchers alliance» төрағасы Әсия Ермұхамбетова ашық отырыстардың бірінде гранттық қаржыландырудың қаншама жыл бойы шешілмеген шаруалары дендеген дертке айналғанын айтты.

«Қаңтардың басында сол жылға Жас ғалымдарға арналған грантқа құжат тапсырамыз. Өтінім формалды тексерісте болады. Әрине, біз құжатта гранттық жобаның қаңтарда басталғанын көрсетеміз, бірақ сараптама өткізілмеді, осыншама жұмыс жүргізіліп біткенше жаз болады. Біздің альянсқа мүше зерттеушілердің тәжірибесінен білемін, кейбір университеттерде былтыр қазан, тіпті қараша айын­да алғандар болған. Сонда бұл жоба бізде үшжылдық емес, екіжылдық қана болады. Өйткені грантқа жобаны өткіземін, тексертемін, бәрінен өтіп, қаржы аламын дегенше осы болады. Өткен жылы жалпы конкурста грант жеңіп алған жоба жетекшісі, яғни ғалым үшжылдық грант аясында докторант даярлауға міндетті болатыны хабарланды. PhD даярлауға кемі үшжылдық оқу керек. Ал грант пен докторанттың оқу мерзімі бір-бірімен сәйкеспейді. Түптеп келгенде, 3 жылға берілетін бір гранттың аясында докторант­ты даярлау мүмкін емес», деді спикер.

Ә.Ермұхамбетованың айтуынша, «Ғылым туралы» заңның редакциясына ғылыми жобалардың уақытын 5 жылға созу туралы өзгеріс енгізілген. Бірақ іс жүзінде жұмыс істемейді. Мұның себебін министрлік қанша мәрте түсіндірді, алайда қайткенде де мәселенің нүктесін қою керек. Ғалым өзінің жұмысына, қосымша жеңіп алған гранттық жобасына, жылдар жұмсалатын ғылыми мақаланы жазу, шығаруға жауап берумен қатар, енді док­торанттың диссертациясын жазбақ па? Талап осыған әкеліп отыр, өйткені докто­рант ертең қорғамай қалса, тағы сол грант алған ғалым кінәлі. Дәл осы тиімсіз жүйе докторанттардың ғылыми жетекшісіне қалағанын жасатып, ойындағы жалақысын қойғызуына жеткізуі мүмкін. Себебі докторант болмаса, грант болмайтынын біледі. Осы түйткілді қазір қолданыстағы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңына өзгеріс енгізу арқылы түбегейлі шешу керек. Тым болмаса жобаның уақытын созу қажет.