• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 10:10

Талдықорғанда «BIKEN» халықаралық театр фестивалі өтеді

40 рет
көрсетілді

12 қыркүйек күні Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры 50 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мерейтой аясында қазақ театр өнерінің дара тұлғасы, Халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бикен Ырымқызы Римова атындағы «BIKEN» ІІІ Халықаралық театр фестивалі ұйымдастырылады, деп жазады Egemen.kz.

Фестиваль театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланысты арттырып, кәсіби ынтымақтастықты дамыту және халықаралық театр кеңістігіне интеграциялануды көздейді.Сонымен қатар фестиваль қазақ мәдениетінде өшпес із қалдырған Бикен Римованың есімін мәңгі есте қалдыруға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шара жас режиссерлер мен актерлердің, драматургтер мен суретшілердің жаңа буынын қолдап, олардың кәсіби дамуына серпін береді. Халықаралық деңгейде өтетін фестиваль 12–17 қыркүйек аралығында Талдықорғанда сахналанады. Үшінші рет жалауын көтергелі отырған өнер додасына Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген тоғыз театр ұжымы қатысады. Бұл қатысушылар шығармашылық ізденістері мен тың қойылымдарын көпшілік назарына ұсынады. Фестивальдің сыншылар алқасында елге танымал өнер қайраткерлері театртанушы, өнертану докторы, профессор, «Құрмет» орденің иегері Нұрпейіс Бақыт Кәкиқызы, Өнертану кандидаты, Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтының доценті  Копадзе Айбек Вейсал оглу, белгілі театртанушы, Татарстан Республикасы Мәдениет министрінің кеңесшісі Нияз Игламов және Шота Руставели атындағы Тбилиси мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры, өнертану докторы Гиорги Цкитишвили бар. Мерейтой аясында өтетін фестиваль Қазақстан театр өнерінің дамуына жаңа серпін беріп, халықаралық деңгейдегі шығармашылық байланысты нығайтуға ықпал етеді.