Президент тапсырмасына орай елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы іске асып жатыр. Жоба аясында биыл жаңа пішіндегі 57 мектептің табалдырығын 100 мыңға жуық оқушы аттады.
Сарапшылар «Жайлы мектеп» жобасының «Келешек мектептері» болып аталуы жоба атауының өзгерісімен ғана шектелмек емес. Ол мазмұнына сай заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған инновациялық білім ордалары болмақ. Бұл бағыттағы мектептер білімнің жаңа мүмкіндігін игеріп, сапасын арттыруға ықпал етеді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында апатты және үш ауысымды білім ошақтары мәселесі шешіліп, орын тапшылығы да жойылады. Бүгінде мұндай заманауи мектептер Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарымен қатар Шымкент, Алматы қаласындағы үш ауысымда оқуды толығымен шешуге мүмкіндік беріп отыр.
«Келешек мектептері» – бұл сапа стандарты. Өзгермелі кезеңде тұлғаны дамытуға бағытталған мектептердің тағы бір мақсаты қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою. Ұлттық жоба аясында барлығы 217 мектеп салу көзделген болса, биыл 112 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Оның типтік мектептерден айырмашылығы көлемділігі мен заманауи жабдықталуында. Кең аулалары, спорт залдар, жайлы сыныптар, IT, Stem зертханалары, еңбекке баулу шеберханалары балалардың кәсіби мүмкіндігіне жол ашады. Мектептердің сыйымдылығы 2 мың балаға арналған.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев атап өткендей, жоба элиталы мектептер желісін дамытуды көздемейді. Әр баланың сапалы білім стандарттарына қол жеткізуіне, өзін толықтай дамытуға, қабілетін шыңдауға бағытталған кәсіби әрі заманауи кеңістік.
«Келешек мектептерінде» білім балалардың барлығына дерлік қолжетімді. Заманауи мектептерде ерекше балалардың қолайлы білім алуына толыққанды жағдай қарастырылған. Олардың қажеттілігіне орай арнайы санитарлық бөлмелер, жеделсаты, пандустармен жабдықталуы олардың емін-еркін қозғалысын қамтамасыз етеді. Ресурсты кабинеттер, арнайы қолдау сыныптары бар. Аутизм спектрлі бұзылысы бар балаларға еліміздегі 121 мектепте арнайы кабинеттер жабдықталыпты.
Мемлекет басшысы ұлттық жоба аясында салынған жаңа мектептердің өзіндік басқару жүйесі мен кадр мәселесіне ерекше көңіл бөлуді тапсырып отыр. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының дерегіне сүйенсек, бүгінде 100-ден астам мектептің базасы құрылып, мектеп директорлары туралы толық мәліметтер жинақталды. 2024–2025 оқу жылынан бастап «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығымен бірлесіп, жыл бойына әдістемелік қолдау көрсетіліп жатыр. Жаңа ашылған мектептерде оқу жоспарын құру, ұйымдастыру жұмысы үйлестірілуде. Жеке басқару жүйесіне ерекше мән беріліп отыр. Осыған орай мұғалімдерді іріктеу, мектеп басшыларын тағайындау тетіктері, мектептерді стратегиялық дамыту жоспары әзірленді. Педагог мәртебесі туралы заңда көрсетілгендей қалалық, ауылдық мектеп, гимназия болғанына қарамастан, әр педагог 3 жылда бір рет біліктілігін арттыра алады. «Келешек мектептерінің» педагогтері де, қарапайым мектеп мұғалімдері де бір негізде оқытылады.
Биылғы оқу жылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасын іске асыру аясында Алматы қаласында мыңдаған жас өрен үшін жаңа оқу жылын ең жоғары білім сапасы стандартына сай келетін заманауи 7 жаңа мектепте қарсы алды. Жаңа мектептер Наурызбай, Бостандық, Алмалы, Алатау аудандарында ашылды. Сапалы білім беру бағытталған бұл мектептер озық технологиялармен жабдықталған. Кең кабинеттер мен тәжірибелік сабақтарға арналған зертханалар, интерактивті жабдықтары бар цифрлық сыныптар, заманауи спорт кешендері, акт залдарымен жабдықталған мектептерді көрген өрендердің қуанышында шек болған жоқ.
Барлық «Келешек мектепте» қауіпсіздікті тәулік бойы қамтамасыз ету үшін бейнебақылау, дабыл жүйелерімен жабдықталған, күзет қызметі тұрақты. Оқушыларға арнайы автобустар қарастырылған, ал мектеп аумақтары бағдаршамдармен, жаяу жүргіншілер өткелімен және «жол бөгеттерімен» жабдықталған. Ендігі кезекте қалада 30 мыңнан астам оқушы орнын қамтамасыз ету мақсатында 20-дан аса мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Жобаның ең ұтымды тұсы – еліміздегі мемлекеттік және жекеменшік мектептерге таяу келекшекте осы заманауи мектептердің тәжірибесін үлгі ету. Білім сарапшысы, шебер педагог Мейрамгүл Нүсүпбек «Келешек мектептері» ұзақ мерзімді жоба болуымен ерекшеленуге тиіс деген пікірде. Ал жоба аясында ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жойып, барлық баланың заманауи білім кеңістігінде оқуына қолайлы жағдай қарастырылып отырғаны қуантады.
– «Келешек мектептері» еліміздегі білім сапасының артуына ғана емес, ішкі көші-қон жүйесінің де тұрақтануына, аймақ тұрғындары тіршілігінің жақсаруына мүмкіндік беруге тиіс. Елдегі урбанизация үдерісін тоқтату үшін ең алдымен ауылдарға жаңа мектептер салу қажет. Жаңа оқу жылында әлеуметтік желілерден еліміздің бірқатар аудандарында балалардың тозығы жеткен мектептерге барғанын көріп көңіліміз құлазыды. Неліктен, еліміздің болашағы балалар осындай ескі білім ошақтарына баруға мәжбүр болып жүр? Бүгінде түрлі жобаның жүзеге асып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Алайда елімізде жайлы мектепке қолы жетпей отырған балалардың бар екені жасырын жағдай емес, – дейді сарапшы.
Осы орайда «Шағын кешенді мектептері бар ауылдарға шағын ғана жайлы мектеп салуымызға не кедергі болып отыр?» деп алаңдаушылық білдірген сарапшы өз үйіне жақын маңда оқыған баланың сапалы білім алуымен қатар қауіпсіздігі де тұрақты болатынын айтты. Ондай жағдайда бала ойынға, қосымша сабаққа, спортқа да үлгереді. «Сондықтан әсіресе, шекаралы аймақтарда жайлы мектептерді көбейту, шағын кешенді мектептер мәселесіне үлкен бетбұрыс жасау уақыт күттірмейді. Бүгінде ауылдардың иесіз қалуының бірден-бір себебі де бірқатар өңірлерде жайлы мектептердің жоқтығынан орын алып отыр», деген пікірімен бөлісті сарапшы.
Атап өткендей, «Келешек мектептерінің» өркендеуімен еліміз өңірлерінде жаңа жұмыс орындары ашылып, балалардың заманауи мектептерде білім алуына мүмкіндік туады деген сенім мол. Бүгінде интернет жетпей отырған ауылдар да бар. Интернетке қолжетімділік балалардың электронды кітапханалар желісін тиімді пайдалануға, халықаралық білім платформаларымен танысуға жол ашады. Білімді бала болашақтың білікті маманы дейтін болсақ, көптеген университет білім беру стратегиясын қайта қарап, халықаралық кеңістікте бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеуге тырысып жатыр. Елімізде шетелдердің үздік университеттерінің филиалдары ашылуда. Ал талабы күшті жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін оқушының алған білімі де сол үдеден шығуға тиіс. Болашақта «Келешек мектептерінің» көкжиегін кеңейту өзекті болып отыр. Өйткені заманауи білім кеңістігі аясында жоспарланып отырғандай, жаңа технологияларды, роботтехникасы, жасанды интеллекті меңгеруге жасалған жағдай орталықтан қашық тұратын балаларға да қолжетімді болуға тиіс. «Келешек мектептерін» заманауи мамандармен қамтамасыз ету де уақыт талабынан туындайды. Бүгінде шалғай ауылдарда білікті кадрлар жетіспейді. Ендігі кезекте заманауи мектептер жанынан жас мамандарға әлеуметтік бағыттағы жобалар қолға алынғаны абзал.
АЛМАТЫ