• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 12:29

Қасым-Жомарт Тоқаев: Каспий теңізінің тағдыры – бүкіл аймаққа ортақ мәселе

50 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында су ресурстарын сақтау және Каспий теңізінің тартылуына байланысты алаңдаушылықты атап өтті. Президенттің айтуынша, су тапшылығы мәселесін кешенді шешу – ұлттық қауіпсіздікпен қатар, өңірлік тұрақтылықтың да кепілі, деп жазады Egemen.kz.

Президент су үнемдейтін технологияларды енгізу жұмысының баяу жүріп жатқанын сынға алды.

«Бұл жұмысқа белгілі шетелдік компанияларды тартқан жөн. Сондай-ақ Қытайда жасалған әлемдегі ең озық технологияларды сатып алуға болады. Ал диқандар суды көп қажет ететін дақылдарды азайтпай отыр. Тіпті егін суаруға қажетті суды еш рұқсатсыз бұрып алу жайттары жиі кездеседі. Сонымен бірге “қара нарықтағы” суды заңсыз сату мәселесін құқық қорғау органдары жіті бақылауы қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Арал теңізінің мысалын келтіріп, жүйелі жұмыс жүргізілген жағдайда оң нәтиже болатынын атап өтті.

«Солтүстік Аралды сақтап қалдық. Айдыны 36 пайызға ұлғайып, су көлемі екі есе өсті. Тұз мөлшері екі есе азайды. Бірақ Аралды толтыру жұмыстары жалғаса беруі тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Каспий теңізінің тартылуы халықты алаңдатқанын айтқан Мемлекет басшысы тиісті шара қолданбаса, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін екенін ескертті.

«Жақында Қытайда өткен ШЫҰ саммитінде осы мәселеге арнайы тоқталып, Ұйым аясында Су мәселелері жөніндегі кеңес құруды ұсындым. Каспий – бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе. Сондықтан жұмылып әрекет ету қажет. Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуі тиіс. Бұл құжат Каспий маңындағы елдердің үйлесімді әрі жедел қимылдауына арқау болады», – деді Президент.

Мемлекет басшысы су үнемдеу мәдениетін қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті.

«Бүгін дұрыс шешім қабылдай алсақ, ертең оның игілігін кейінгі ұрпақ көреді. Балаларымыз бен немерелеріміздің тағдыры біздің іс-әрекетімізге тікелей байланысты. Біз – өз болашағымызға өзіміз жауаптымыз. Суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру институционалдық немесе технологиялық шешімдерден де маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.