• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 19:03

Технологиялық серпіліс пен цифрлық трансформация

200 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауы – жаһандық тұрақсыздық жағдайында ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды құжат. Президент бұл жолы экономикалық реформалардан бөлек, технологиялық серпіліс, инвестициялық әлеуетті арттыру және цифрлық егемендікті қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берді.

Осы тұрғыдан алғанда Жолдауда көтерілген бастамалар білім мен ғылым саласына, әсіресе, жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекет басшысы Жолдауда «Қазақстан үш жылдың ішінде цифрлық елге айналуы керек» деп нақты мақсат қойды. Бұл бағыттағы алғашқы және нақты қадамдардың бірі – Жасанды интеллект министрлігін құру. Мұндай құрылым университеттерге ұлттық цифрлық жобаларға тікелей қатысуға жол ашады.

Бұл ретте Абай облысындағы Шәкәрім университеті қазір «AI-Sana» ұлттық жобасы аясында бірнеше ЖИ агенттерін оқу процесіне енгізіп үлгерді. Оның ішінде «AI-Check» деп аталатын өздік жүйеміз  Ғылым және жоғары білім министрлігінің «AI-Sana» бағдарламасының үздік 6 жобасының қатарына енді. Жүйе студенттік жұмыстарды қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сапа, құрылым және түпнұсқалық критерийлері бойынша автоматты түрде талдайды. Университет өңірдің цифрлық хабына айналуды, яғни мектептер мен колледждерге өзіміздің тәжірибемізді таратуды және жаңа буын EdTech педагоготарын даярлауды көздейді. Жалпы, жоғары оқу орындары елдің цифрлық болашағының зертханасы болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Жолдауда айтылған жаңа министрліктің құрылуы университеттердің ұлттық жобаларға тікелей қатысуына мүмкіндік береді. 

Президент Жолдауында атап өтілген маңызды мәселелердің бірі – инвестиция тарту, оны ұлттық қауіпсіздік пен елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы ретінде қарастырды. Бұл ретте Шәкәрім университеті осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізуде.

Естеріңізде болса, 2025 жылдың маусым айында университет Қытайдың Сиань Цзяотун университетімен инвестициялық келісімге қол қойған болатын. Келісім бойынша Абай облысындағы өңірлік жоғары оқу орны – Shakarim University базасында «Халықаралық электрлік автоматика зертханасы»  құрылады. Жоба Қытайдың алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Xi’an Jiaotong University-пен бірлесіп іске асады. Зертхана электрлік автоматика, «жасыл» логистика, ақылды көлік жүйелері, цифрлық шешімдер мен интеллектуалды өндіріс салаларындағы қолданбалы зерттеулермен айналысады. Бұған Қытай елі тарапынан инвестиция бөлінеді. Бұл қаржы құрылғылар, бағдарламалық қамтамасыз ету, кадрларды оқыту және зертханаларды жаңғыртуға жұмсалады. Осылайша Shakarim University өңірлік оқу орындарының ішінде алғашқы болып халықаралық білім мен ғылым трансфері бойынша нақты жобаларды іске асыруда. Бұл келісім – тек қаржылық инвестиция емес, сонымен қатар технологиялар, тәжірибе, кадрлар даярлау мен ғылыми зерттеулер саласындағы терең әріптестіктің көрінісі.

Бұл бастамалар университеттің жаһандық білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, өңірлік және ұлттық дамуға қосқан үлесін көрсетеді.

Жалпы, Президенттің биылғы Жолдауы – тек бағыт-бағдар емес, ел болашағын қалыптастырудағы интеллектуалдық серпілістің бастауы. Shakarim University бұл үдеріске белсенді қатысып, инновациялық білім беру, ғылым мен технологияны ұштастыру, өңірлік даму және инвестициялық серпіліс арқылы ел дамуына өз үлесін қосып келеді. Университет ректоры ретінде мен Жолдаудан туындайтын міндеттерді терең түсіне отырып, ұжымымызбен бірге білім мен ғылымды дамытудың жаңа сатысына көтерілуге дайын екенімізді сеніммен айта аламын.

Думан ОРЫНБЕКОВ,

Шәкәрім университетінің ректоры