• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 08:35

Есірткіге қарсы ымырасыз күрес

50 рет
көрсетілді

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, биыл жазда шаһарда есірткіге қарсы республикалық «Қарасора-2025» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Ауқымды операция барысында ай ішінде есірткінің заңсыз айналымымен байланысты жалпы 61 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды.

Тіркелген істердің 12-сі – есірткі заттарын өткізу, 13-і – есірт­кі өсімдіктерін егіп-өсіру және екеуі есірткіні жарнамалауға қатысты қылмыстар. Сондай-ақ 34 іс есірткіге қатысты қыл­­мыстық теріс қылыққа жат­­­қызылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде өткен жазда заңсыз айналымнан 29 килодан аса есірткі заттары тәркіленіп алынды. Оның 17 килоға жуығы сора есірткі өсімдігі болса, 8 килодайы – синтетикалық есіркілер, ал 5 килосы марихуана есірткісі. Мәселен, жаз мезгілінің басында полиция қызметкерлерімен аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткілерді «жасырып кету» әдісімен айналысқан Түркістан облысының 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Тексеру барысында оның Бозарық шағын ауданындағы көшелердің бірінен 100 метр са­йын қатар-қатар 6 дана синтети­калық есірткі орамаларын жасыр­ғаны белгілі болды. Ол орамаларды өткізу үшін алдын ала бөлшектеп дайындап қойған екен. Жалпы 842 грамм есірткі тәркіленіп, күдік­ті қамауға алынды. По­лиция қызметкерлері осы секілді тағы бір күдіктіні ұстады. Күдік­ті 21 жастағы бойжеткен боп шықты. Тек­серу барысында оның бес жерден жасырған синтетикалық есірткі орамалары анықталды. Жалпы, 50 грамм есірткі тәр­кіленіп, азаматша қамау­ға алынды.

Жедел-профилактикалық іс-шара­сы барысында полицей­лер­мен операцияның белсенді кезеңінде, яғни есірткі өсімдік­те­рі­нің өсіп-жетілген мерзімінде ерекше қимыл-әрекетке көшті. Бұл кезде есірткі жинау мен дайындау қаупі арта түседі дейді тәртіп сақшылары. Нәтижесінде, жедел есірткі өсіретін аумақтарға мониторинг жүргізіп, арнайы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Рейд­тік іс-шара басталғалы бері тұр­ғын­дардың есірткі өсімдіктерін өз үйінде, бау-бақшасында және саяжай жағдайында баптап өсірудің, оларды кептірілген түрінде сақтаудың бірнеше дерегі анықталып, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мәсе­лен, жуырда полицейлер Сайрам тұрғынүй алабының 39 жастағы тұрғынының үйін қарау барысында заңсыз егіп-өсірген 15 түп «сора» есірткі өсімдігіне тап болды. Сонымен қатар одан жалпы салмағы 1 кило 733 грамм «көкнәр» есірткі өсімдігінің кеп­тіріл­ген басы табылды. Қазіргі таңда оған қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотқа дейін­гі тергеп-тексеру амалдары басталды.

– Осы орайда полиция депар­таменті қолданыстағы заң­намаға сәйкес, құрамында есірткі заттары бар, тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қаралғанын жұрт­тың есіне салады. Сонымен қатар есірт­кі құралдары мен жабайы өсетін сораның тізбесіне ен­гі­зіл­ген өсімдіктерді жоюға шаралар қабылдамағаны үшін әкім­шілік жауапкершілік қарас­ты­рылғанын да ескертеді. Қалалық полиция департаменті өңірде «Заң мен тәртіп» қағидасын қамта­масыз ету, есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды үздіксіз әрі белсенді түрде жалғастыра бермек, – деді департамент жа­нын­дағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нариман Қайсар.

Биыл елімізде Президент бас­тамасымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» қағидаты іске асырылып жатыр. Оның басты міндеті – қоғамда тәртіп пен тыныштық орнату. Ал есірткі секілді қауіпті психотропты заттар адамдарды есінен айырып, қоғамда түрлі келеңсіздік тудыратыны анық. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде еліміздің әр аймағында ескірті айналымы мен бизнесіне қарсы күрес шаралары күшейтілген тәртіпте жүріп жатыр. Соның ішінде Шымкент қаласының полиция департаменті де есірткімен күресте «ымырасыз соғыс» ашты. Өз кезегінде тәртіп сақшыларына қалалық әкімдіктің тиісті сала өкілдері де қол ұшын беріп жатыр. Мәселен, олардың қатарында Жастар ресурстық орталығының белсенді мүшелері бар. Сонымен қатар медицина мекемесінің қызметкерлері де күрес шарасының бел ортасында жүр. Айталық, жергілікті әкім­діктің қолдауымен қала­лық психи­калық денсаулық орта­лы­ғын­да нашақорлыққа тәуел­­ді науқастарды жасырын емдейтін арнайы қызмет орталығы іске қо­сылған еді. Бұл қызметтің қолға алынуы бекер емес. Өйтке­ні нашақорлық шынымен де осы күнде қоғамға үлкен қауіп төндіре бастады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында сөз қозғап, есірткінің адамзатқа қаншалықты қауіпті екенін айтып, онымен күресу үшін мемлекет қатаң шаралар қабылдайтынын мәлімдеген еді.

«Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақор­лық­қа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақ­ты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құры­лым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәсе­лесі ушығып барады», деген еді Мемлекет басшысы.

Президент айтқандай, осы күнде есірткі саудасы мен оны тұты­ну дабыл қағарлық жағдайға жетті. Мамандардың айтуынша, қазір ине ұстаған нашақорлардан гөрі синтетикалық арзан есірткінің түрі өте қауіпті затқа айналып барады. Себебі жасанды есірткі арзан тұрады әрі қолжетімді. Бірақ оның денсаулыққа тигізер зардабы өте ауыр боп келеді. Бұл психотропты затты бір рет тұтынып көрген адам одан қайтіп бас тарта алмай қалуы мүмкін. Нәтижесінде, оған тәуелділікке ұшырап, соңында қайғылы жағ­даймен аяқталуы мүмкін. Наша­­қор­лықтың кесірінен бірін­ші қоғамдық институт бұзы­лады. Есірткіге тәуелді адам ортада өзін жоғалтып, ешкімге керек­­сіз болып қалады. Тіпті отбасынан айы­рылып, денсаулығын құртып, ақыры аяғында бір доза үшін қылмысқа барып, өмірінің соңын темір торда өткізуі ғажап емес. Әсіресе синтетикалық есірткіге еліткендер қатарында жастар көп деп дабыл қағады мамандар. Тіпті одан да зоры жоғары сыныпта оқитын мектеп оқушылары да жасанды есірткінің тұрақты клиенті болуы мүмкін. Осындай адамзат өмірі мен денсау­лығына қауіп төндіретін құбылыстан арылу үшін елімізде оның ішінде үшінші мегаполисте қарқынды күрес шаралары атқарылып жатыр. Оған синтетикалық есірт­­кілер дайын­­­дайтын жасырын цехтарды анықтап көзін жою­мен қатар жол-жөнекей түйін­шекке тығып кете­тіндердің қабыр­ғаға жазылған адрестерін құрту да кіреді.

Есірткімен қоса бүгінгі таңда интернет-алаяқтық та қоғамға үлкен зиянын тигізіп отыр. Осы орайда Шымкент қалалық полиция департаменті интернет алаяқтарға қарсы жаңа тәсіл ойлап тапты. Жүргізілген талдау нәтижесінде интернет-алаяқтық құрбаны болу ең алдымен егде жастағы азаматтар арасында жо­ғары дейді полицейлер. Осыған орай, полиция департаментінің қызметкерлері арнайы профи­­­лактикалық шара ұйым­дастырды. Соған байланыс­ты қала әкімдігінен егде жастағы тұрғындардың ресми тізімі алынып, қазіргі таңда полицейлер олардың үйіне барып, түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді. Тәртіп сақшылары әр зейнеткермен жеке кездесіп, интернет немесе телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері, олардың тәсілдері, сақтану жолдары туралы нақты мысалдармен түсіндіре отырып, қауіпсіздік ережелерін, яғни бейтаныс нөмірлерден түскен қоңырауларға сенбеу, жеке деректерді ешкімге жария етпеу жөнінде ақпарат береді. Сондай-ақ олар тұрғындарға өз байланыс нөмірлерін қалдырып, күмәнді жағ­дай орын алған кезде бірден хабар­ласуын ескертті.

Бүгінгі таңда түсіндіру жұмыс­тары өз нәтижесін беріп жатыр. Мәсе­лен, жақында бір зейнеткер күмән тудырған қоңырау шалын­ғаннан кейін дереу түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізген полицейге хабарласып, шотындағы қара­жатын алаяқтардан сақтап қалды. Осы тұста айта кеткен жөн, Шымкент қаласында жыл басынан бері 300-ге жуық интернет-алаяқ­тық жайты тіркеліп, келтірілген шығын көлемі 900 млн теңгені құраған. Сондықтан тәртіп сақшы­лары бейтаныс жандарға тіпті ол банк қызметкерлері болса да жеке деректерді айтпау керектігін ескертеді.