«Қарасора – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 9 есірткі зертханасы жойылды, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылдың маусым айынан бастап «Қарасора – 2025» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр. Оның мақсаты – есірткі тектес өсімдіктердің табиғи ошақтары мен плантацияларын анықтап жою, есірткі зертханалары мен арналарын, сондай-ақ есірткі таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекетін тоқтату.
Міндеттерді нәтижелі орындау үшін ІІМ-нің арнайы бөлімшелері мен Ұлттық ұлан күштері жұмылдырылды, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен тікұшақтар қолданылып жатыр.
Бар-жоғы үш ай ішінде 40 әуе рейді жасалып, нәтижесінде 20 есірткі егістігі анықталды. 5 мыңнан астам есірткі тектес өсімдік түбімен жойылып, жалпы салмағы 1 тоннадан асатын өнім тәркіленді.
Ұлытау облысында оңтүстік өңірлерден орталық және солтүстік Қазақстанға есірткі жеткізу арнасы тоқтатылды. Қылмыстық топтың 4 мүшесі ұсталды. Олардан жол талғамайтын көліктер, оқ-дәрілері бар ойық ұңғылы қару және 103 кг марихуана тәркіленді.
Жамбыл облысында марихуана дайындап, сатумен айналысқан екі азамат ұсталды. Олардан 206 кг-нан астам есірткі зат алынды.
Батыс Қазақстан облысындағы жекеменшік сектордан жоғары концентрациялы қарасора өсірілген жылыжай табылды. 47 түп, жалпы салмағы шамамен 135 кг өнім тәркіленді.
Түркістан облысының қиын таулы аймақтарында Ұлттық ұланның қатысуымен құрылған арнайы топ үш азаматты қолға түсірді. Олардың қолынан ойық ұңғылы қару, 650 кг-нан астам қарасора және 48 кг-ға жуық көкнәр тәркіленді.
Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында заңды тауар түрінде бүркемеленген есірткі өнімі жеткізіліп жүргені әшкереленді. Заңсыз айналымнан 43 тоннадан астам көкнәр алынды.
Операция қорытындысы бойынша:
677 есірткі қылмысы анықталды, соның ішінде 242 сату және 220 заңсыз өсіру дерегі;
2 тонна марихуана, 47 кг гашиш, 3 тонна қарасора өсімдігі, 155 кг синтетикалық есірткі және 8,5 тонна прекурсор тәркіленді;
27 мыңнан астам есірткі өсімдігі жойылды;
9 есірткі зертханасы жойылып, 3 ұйымдасқан қылмыстық топтың, соның ішінде бір трансұлттық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Айта кетсек, операция кезінде ерекше назар есірткі өсімдіктерінің шикізат көзі орналасқан елдің оңтүстік аймақтарына аударылып отыр.