• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:27

«Аврорадағы» бір күн

60 рет
көрсетілді

«Аврора» холдингі бірнеше бағытта – телеком, энергетика, дезинфек­ция­лық құралдар өндірісі, тұрмыс­­тық химия және косметикалық өнімд­ер шығару, өнеркәсіптік және аза­мат­тық құрылыс, күзет қызметі саласында табысты еңбек етіп ке­­леді. Компания нарық сұранысына ие 40 өнім шығарады. Тауардың 80–85%-ы мем­лекеттік мекемелерге, 15–20%-ы жекеменшік ме­ди­­циналық меке­мелерге, басқа да ком­панияларға жөнелтіледі.

Ірі компаниялардың жеткізушісіне айналды

«Аврора Холдинг» трансформаторлық қосалқы стансаларды, майлы және құрғақ күштік трансформаторларды ұсынса, «Avrora Electric» ЖШС құрғақ күштік трансформаторлар мен электр пештері трансформаторларын өндіруге маманданған. Компания электротехникалық жабдықтар, сондай-ақ жиынтық трансформаторлық қосалқы стансалар (КТП) өндіреді. Блокті-модульді, тұтас металды, ішкі қондырғыларды, кернеуі 6, 10, 20 және 27,5 кВ таратушы құрылғыларды шығарады. Бүгінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорны, басқа да ірі мұнай-газ компанияларының әлеуетті жеткізушісі болып отыр.

Жұмыс толық автоматтан­дырыл­маған. Шаруаның 80%-ы әлі де қол күшімен атқарылады. Ғ. Жексембинов мұның себебін тапсырыс көлемінің біркелкі болмауымен түсіндірді. Трансформаторлардың бірі көлемі 6 шаршы метр болса, енді бірі 0,5 м кө­лемінде дайындалады. Сыртқы қаңқасы – отандық өнім, ал ішкі микрочиптер Қытай, Ресей немесе Еуропа елдерінен жеткізіледі. Бірақ трансформаторлардың қасбеттері арнайы автоматтандырылған бағдарлама бойынша кесіліп, пішіледі. Сол себепті, мұндағы үдеріс қалдықсыз атқарылады.

 

Тәулігіне – 40 тонна

«Микрочиптерді өзімізде өндіруге мүмкіндік бар. Ол алдағы күннің еншісінде», дейді Ғ.Жексембинов. 2009 жылдан бастап холдинг медици­налық мекемелерге арналған дезин­фек­циялық құралдар мен тамақ ішуге арналған өндірісті іске қосты. Дезинфекциялық құралдарды меди­циналық мекемелердің барлық қызметкері пайдаланады, олар операция жасау алдында қолын зарарсыздандыратын хирургтерден бастап, еден жууға арналған арнайы заттарды суға қосатын тазалаушыларға дейінгі тізбекті қамтиды. Мұнда тәулігіне 175 атаудан тұратын 40 тонна өнім өндіріледі.

«Жууға арналған сұйық және гель тәрізді құралдардың жаңа желісін іске қостық. Сондай-ақ балалар өнімдері­нің сериясын ұсындық. 2024 жылдың соңында ассортимент ыдыс-аяққа арналған гельдермен, балалар ыдыстарын жууға арналған заттармен, сұйық сабынмен және шампуньмен толтырылды», дейді «Аврора» өндірістік кешені ЖШС бас директоры Максим Яскель.

Компанияның жеке зертханасында өнім мұқият тестілеуден өтеді, ал технологтер тұтынушылардың қажет­тіліктерін ескере отырып, жаңа рецептуралар әзірлейді.

«2010 жылдардың ортасына дейін косметикалық өнімдер мен тұр­мыстық химияның 90–95%-ы сырттан келетін. Бұл шамамен алғанда 500–800 млн доллардың өнімі. Жергілікті өнді­ру­шілер бар болғаны 30–40 млн өнімін ғана өз күшімен шығарып отырды. Зарарсыздандырғыш заттарды өндіру негізінде тұрмыстық химияны дайындай бастадық. Бұл – ыдыстарды, әйнектерді, сантехниканы, акрил ванналарын, себезгі кабиналарын жууға арналған, ағызу құбырларын тазартуға арналған құралдар. Өнімнің экологиялық тазалығына ерекше назар аударылады, бұл тұрғыда ресми сертификаттарымыз бар», дейді Максим Яскель.

 

Жылдық қаржы айналымы – 3–4 млрд теңге

Біз табан тіреген үшінші компания – «Аврора77» ЖШС кәсіпорны. Мұнда блокті-модульді ғимараттар мен металл құрылымдарына арнал­ған тауарлар өндіріледі. Заманауи және техникалық жағынан жарақтан­дырылған жеке өндірістік базасы бар. Компания қызметінің негізгі бағыттары мыналар:

Бақылау мұнараларын қоса алғанда, оның ішінде броньды орын­даудағы күш құрылымдары мен қауіпсіздік қызметтері үшін металл құрылымдарын жобалау және өндіру; Телекоммуникациялық компаниялар үшін металл конструкция­ларын дайындау: антенна-діңгекті құрылыстар, технологиялық контейнерлер және байланыс аппаратурасын орналастыруға арналған өзге де жабдықтар; Түрлі салалар үшін блокті-модульді ғимараттарды жобалау және өндіру; Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс нысандары үшін металл конс­трукцияларын жасау.

Компания басшысы Алитет Ахметовтің айтуынша, компанияның бір жылдық қаржы айналымы – 3-4 млрд теңге. Өнім негізінен ішкі нарыққа бағдарланған.

«Нарықтың осы сегментінде кадр арасындағы байланыстың үзіліп қал­мауы маңызды. Жастар жағы темірді инедей майыстыратын қол жұмысына келе бермейді. Сол үшін зейнет жасына толса да тәжірибелі мамандардың жұмысын жалғастыруына мүмкіндік береміз», дейді Алитет Ахметов.

 

АЛМАТЫ