Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауына байланысты депутаттық сауал жолдап, қоғамды жаңа реформаларды мемлекетшілдікпен қабылдауға шақырды, деп жазады Egemen.kz.
Депутаттың пікірінше, партиялық сайлау жүйесіне көшу – уақыт талабы.
«Біз халықаралық қоғамның бір бөлшегі ретінде әлемде қалыптасқан жалпыға ортақ партиялық сайлау жүйесіне біртіндеп көшуіміз керек. АҚШ-та екі партиялық жүйе орныққан, Еуроодақ елдерінің барлығы дерлік партиялық негіздегі Парламенті мен Үкіметін сайлайды», деді Ермұрат Бәпи.
Сондай-ақ ол халықаралық ұйымдар тарапынан Қазақстандағы саяси өзгерістерге қызығушылықтың артқанын жеткізді.
«Біз Азия континентіндегі қоғамдық-саяси дамуы терең стагнацияға ұшыраған мемлекеттердің қоршауындағы елміз. Авторитарлық формадан аттап өтуге бет алған біздің өзгерістерге ол мемлекеттер үрке қарайды», деді депутат.
Бұған қоса ол парламенттік реформаны халықтық талқылауға салу – демократиялық қадам екенін ерекше атап өтті.
«Ендеше, екі жылға жуық аралықта қоғамдық талқыға түсетін бұл парламенттік реформаға конструктивті ыждаһатпен белсене араласуымыз керек», деді Ермұрат Бәпи.