• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 13:00

Депутат Павлодар әуежайын жөндеуге қосымша қаржы бөлуді сұрады

30 рет
көрсетілді

«AMANAT» фракциясының депутаты Жарқынбек Амантайұлы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Павлодар әуежайындағы ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстарына қосымша қаржы бөлу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутаттың сөзінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздегі әуежайлардың әлеуетін толық пайдалануды тапсырған болатын. Бұған қоса, Мемлекет басшысы 2022 жылы Павлодар облысына сапары барысында Павлодар әуежайындағы ұшу-қону жолағын жөндеуді нақты міндеттеген еді.

«Павлодар облысы – еліміздің ірі индустриялық аймағының бірі. Мұнда ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді, туризмнің әлеуеті де жоғары. Өңірге келіп-кететін азаматтар саны жылдан жылға артып келеді. Соның ішінде іскерлік мақсатта сапарлайтын отандық және шетелдік инвесторлардың үлесі де көбеюде. Әсіресе, қысқы мезгілде көлік қатнасы қиындаған тұста жұртшылыққа ұшақпен қатынауға қажеттілік арта түседі. Осындай жағдайда әуе қатынасының қолжетімділігі мен қауіпсіздігі айрықша маңызға ие екені анық», деді Жарқынбек Амантайұлы.

Оның айтуынша, жобаның жалпы құны – 16,9 млрд теңге, аяқталу мерзімі 2024-2025 жылдарға белгіленген. Қазіргі таңда жұмыстардың 44 пайызы орындалды: ұшу-қону жолағы, перрон мен рулеждік жолақтардың жабындысы фрезерленді, жер жұмыстары жүргізілді, дренаждық жүйе орнатылып, бейнебақылау мен қоршау монтажы басталған. Сонымен қатар шамамен 5 млрд теңгеге материалдар мен жабдықтар сатып алынды.

Алайда жобаны толық аяқтау үшін қосымша 9,3 млрд теңге қажет. Депутаттың айтуынша, Павлодар облысының әкімдігі бұл мәселе бойынша Көлік министрлігіне ресми хат жолдағанымен, толық қаржыландыру әлі бөлінген жоқ.

«Павлодар әуежайындағы ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту – тек аймақ үшін ғана емес, бүкіл еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші үшін маңызды жоба. Бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, экспорттық әлеуетін кеңейтеді, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіреді және ең бастысы халықтың қауіпсіз әрі қолайлы әуе қатынасына қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Осыған байланысты жобаны аяқтауға қажетті қосымша қаржы бөлінуі тиіс», деді Жарқынбек Амантайұлы.