• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жұмысшы мамандықтар жылы Бүгін, 08:30

Жұмысшы маман ұстаханасы

70 рет
көрсетілді

Қарағанды тех­никалық-құры­лыс колледжі түлек­терінің табыс­ты мансап бас­тауына нәти­желі мүмкіндік ұсынып отыр. Биыл Жұмысшы мамандықтары жылы қарсаңында оқу орны жаңа белестерге қадам басты.

Мұнда түскен студенттер техник-құры­лыс­шы, кең бейінді құрылыс шебері, бейін жоба­лаушы-сәулетші және интерьер-дизай­нер, лан­дшафт-дизайнер, техник-дизай­нер секіл­ді мамандықтарда білім алады. Кол­­ледж басшысы Әсел Сапарованың ай­туын­­ша, биыл студенттеріне 50 грант қо­сып отыр. Ал бұған дейін 300-340 шамасын­да мем­­лекеттік тапсырыс негізінде бала қабылдаған.

Бастысы, мұндағы оқу үдерісі көбіне тәжірибеге бағытталған. Алғашқы курстан бастап білім алушылар заманауи жаб­дық­тармен қол жаттықтырып, жұмыс істей бас­тайды. Оқу орнында BIM-жобалау, зергерлік іс, дәнекерлеу, жиһаз өндірісі, құрылыс саласы, дизайн бағыттары бо­йынша 20-ның үстінде шеберхана мен зертхана бар.

Колледж жаңа оқу жылына сақадай сай. Оқуға енді түсетін студенттер білім ошақтарын жаңғыртуға арналған «Жас маман» мемлекеттік жобасы бо­йынша алынған заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеп үйренеді. Бір қызығы, сатып алынған кейбір жабдықтар тіпті кәсіпорындардың өзінен таптырмайды екен. Мысалы, «Жас маман» жобасы негізінде 360 млн теңгеге құ­рал-жаб­дықтар алынып, 2 зертхана, 8 шеберхана жабдықталған.

– Оқушыларды міндетті түр­де әуелі қауіпсіздік техника­сы­мен таныстырып аламыз. Зама­науи құрылғылардың игілігі мол. Мысалы, студенттер виртуал­ды дәнекерлеу аппа­ратының маскасын киіп, түрлі режімде жұмыс істейді. Сондай-ақ өндіріс саласына арналған үлкен диаметрлі құ­быр­ларды жалғауға арналған кәсі­би дәнекерлеу құрылғысы да колледж базасында бар. Яғни студенттер колледжге қа­жет­ті жи­һаздарды өздері құрас­тырып, дәнекерлеу жұмыс­та­рын да жасайды, – дейді өнді­ріс­тік оқыту шебері Дархан Біләлов.

Мұнымен қоса, оқу үдері­сінде BIM-технологиялары, автоматтандырылған жоба­лау жүйелері және жаңа бағдар­ламалық кешендер енгізілген.

Айдын Аяғанов аталған кол­ледждің белсенді студен­ті. Биыл өткен өңірлік «WorldSkills-2025» чемпионатында І орын алған ол болашақ техник-құрылысшы.

– Қыш тақтайшалар әр үйде, әр ғимараттарда бар. Мұнымен жұмыс істеп үйрену де – өнер. Құрылыс – өлмейтін мамандық. Осы салада жұмыс қашанда табылады. Бала кезімнен құры­лыс саласы қызықтыратын. Бұл мамандықты таңдауым да содан. Колледжде біз үшін бар­лық жағдай бар, шеберханадан көп дүние үйрендік, – дейді Айдын.

Айтпақшы, Айдын өзінің тобындағы жігіттермен бір­ге Жұмысшы мамандықтар жылы логотипін қыш тақтай­­ша­ға салыпты. Ол туындылары колледждің төрінде сән беріп тұр.

Колледж студенттері өңір­лік, республикалық, халық­аралық, тіпті еуропалық чем­пионат­тардан олжалы оралып жүр. Оқу орны мұндай түлек­терді шебер мен оқыту­шы ре­тінде жұмыс істеуге қалдырады.

Колледж BIM – жобалау атты жаңа мамандықты да оқытады. Мұны оқып алған маман салынатын ғимаратты алдын ала мо­дельдейді. Құры­лысқа қатысты барлық детальды қам­тиды. Ин­женериясы, дизайны, құрылыс материалы, кәріз жүйесі, яғни ғимараттың сызбасы секілді 3D форматқа түсіреді. Оқытушылар мұндай мамандықтың қазір сұранысқа ие екенін айтады. Сәйкесінше, студенттер де қызығып келіп жатқан көрінеді.

Дәнекерлеу ісі маманды­ғын тәмамдаған түлектер жүз пайыз жұмыспен қамтылады екен. Жылда бұл топқа 25 сту­дент қабылданады. Колледж жанындағы «Центрэнерго­ме­ханизация» компаниясымен ын­тымақ орнатып отыр. Кол­ледж­дің көп түлегі осы компания­да жұмыс істеп, шамамен бір мил­лион­ға жуық жалақы алады.

Оқу орны облыстағы жетекші кәсіпорындармен әріптестік байланыста. Мысалы, «Аспап» ПК, «Стройка и К» ЖШС, «Alina Group», «КТК Строй» ЖШС, «ЖАККО Караганда» ЖШС, «Сантехпласт» ЖШС секілді серіктестіктер студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізіп, қабілетіне қарай жұмысқа да қабылдап отыр.

Мұнымен қоса, колледж 2019 жылдан бері қаламыздағы ең ірі құрылыс «Жилой фонд» құрылыс компаниясымен тығыз байланыста. Осы уақыт ішінде шамамен 400 студент  өндірістік іс-тәжіри­бе­ден өткен. Солардың 30-ға жуы­ғы осы компанияда еңбек етіп жүр. Олардың қатарында «Құрылыс шебері» мамандығы бойынша бітірген түлек Артур Бекметов бар. Ол «Жилой фонд» компаниясына тиесілі «Метрополь» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңын­да жұмыс істейді. Алғашқыда ше­бер-тағылымгер болып жұ­мысқа қабылданған ол қазір құрылыс учаскесінің шебері.

Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орнында дуалды оқыту жүйесі үлкен маңыз­­­ға ие. Дуалды оқытудың бәсеке­ге қабілетті білікті кадр­ларды қалыптастыруда өз ықпалы бар. Бүгінде дуалды оқыту алты мамандық бойын­ша жүзеге асырылады. Бұл жүйеге Қараған­ды қаласының 20-дан астам кәсіп­орын базасында тәжірибелік дайын­дықтан өтетін 289 студент қаты­сады. Олардың қатарында «Жи­лой фонд» ЖШС, «Prof Invest» компаниясы, «Центр­энергомеханизация» ЖШС, №1 эксперименттік зауыт және кадр ресурстарының сапалы пулын құруға мүдделі қаланың басқа да негізгі кәсіпорындары бар. Жүйе аясында білім алушылар серік­тес кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп, өз саласында жетістікке жеткен түлектермен кездеседі.

Мәселен, техник-құрылыс мамандығы бойынша колледж түлегі Асанәлі Батыршынов қазір құрылыс саласында.

– Оқуды ойдағыдай аяқта­ған соң, құрылысқа жұмысқа тұрдым. Кейін өз бригадамды құрып, жеке коммерциялық және мемлекеттік нысандарға құрылыс жұмыстарын жүргізіп келеміз. Шамамен, жылына 35-40 мың шаршы метр тапсырысты ойдағыдай орындайды, – дейді Асанәлі Батыршынов.

Бүгінде колледжде ерекше қажеттіліктегі 82 студент инклюзивті білім беру тобында оқиды. Алайда олардың то­лық­қанды білім алуы үшін мүмкіндіктер жасалған. Ерек­ше қажеттіліктегі студенттер дә­некерлеуші, жиһаз ісі, ланд­шаф­тық-дизайн маман­дығын да меңгеруде.

Есту қабілеті төмен студент­тер жиһаз өндірісін жедел меңге­реді екен. Ал ақыл-ой кемістігі бар студерттер сәндік-қолданбалы өнер­ді үйрене алады. Сонымен қоса оқытушы­лар былғары, киізден жасалған бұйымдарын сатып, қаражат табуға бағыт-бағдар береді.

Мұндай санаттағы студенттер қосымша біліммен де қам­тылады. Олар, әсіресе, қол мото­ри­касын дамытатын жұ­мысқа бе­­йімделеді. Мәсе­лен, колледж­де керамикалық бұйым­­­дардың жасалуын үйре­те­тін шеберхана бар. Бұл жер­де студенттер қазақтың ою-өр­нектерімен бедерленген қыш құмыра, ыдыс-аяқ, әше­кей бұйымдар жасайды. Ерек­ше қажеттіліктері бар студент­терді Түркияда 7 жыл білімін же­тілдіріп келген шебер Гүл­жан Абдикашева үйретеді. Бұл топта 30 студент білім алып жатыр.

Өкінішке қарай, ерекше сту­денттерді жұмысқа орналас­тыру мәселесі өткір екенін кол­ледж басшысы жасырмады. Деген­мен түлектерінің еңбекке араласуына барынша көмек қолын созады екен.

Қазір оқу орнындағы қабыл­дау комиссиясының жұмысы қызу. «Ландшафт дизайнері» мамандығын таңдаған талап­кердің анасы колледжде шебер­лікпен қатар, шығар­машылықты да шыңдауға мүм­кіндік барын естіп келіпті.

– Балам – шығармашыл. Осы колледжді таңдауы да содан. Заманауи шеберханалар студенттерге мол мүмкіндік береді. Тағы бір айта кетерлігі, студенттер теориямен ғана шектелмей, тәжірибені қатар алып жүретіндігі. Бұл – өте жақсы мүмкіндік. Ал «Ландшафт дизай­нері» сұранысқа ие маман­дық. Себебі қаламызда көгал­данды­ру жұмыстары күшейіп келеді, – дейді анасы Наталья Беспалова.

 

Қарағанды облысы