Бізге мамандық таңдауда әкеміз оңбай қателесіпті. Оны өзі де мойындап: «Қайдан білейін, мына аласапыран заманда өремнің жеткені – қуырдақтың көкесі – экономисте, табыстың кілті – соттың сығымында, келешектің берекесі – кеден керуенінде деп, баламның бірін сот, бірін экономист, кенжемді кеденнің оқуына орғытып, кеуде керіп кейкиіп жүрсем...
Қайдан білейін, бүйтіп білгішсінген бір мен емес екенімді... Енді міне, таяқ лақтыр – соттың, кеденнің, экономистің бақыр басына тақ ете қалады. Е, бүйтіп жұмыссыз қалатынын кім білген!..» деген болатын.
Амал қанша, әке армандаған майшелпектердің шеті бұйырмайтынына көзім жеткен соң, неде болса ғылым-білімге тұмсық сұғайын деп енді міне, университеттің кадр бөлімінің бастығының алдында отырмын.
– Бала, бізде маман жетіп артылады, – деп ол керексіздігімді кесіп айтты.
– Қызыл дипломмен бітіріп едім, ең кіші қызметкер болсам да жарар, – деп міңгірлеген боламын.
– Әттең, айтыскер ақын болсаң ғой, бірден қызметке қонжитып, кандидаттық диссертацияңның тақырыбын да бекітіп берер едік, – деп турасынан тартты.
– Тақырыбым бар, тарау-тараулары да дайын, тек түйер түйіні ғана қалып еді, – деген болдым.
– Е, казір оқу орнының атын айтыскер ақын шығаратын болды ғой. Бетке ұстар Бекіре баламыз жалғызсырап жүр. Жақында ғана жалпақ жұрт қатысқан дүйім дүрмектен жүлделі орын алып, университет беделі бір көтеріліп қалды. Еңбегін бағалап, келгеніне жыл толмаса да жатақханадан бөлек бөлме бердік. Келесі жолы бас жүлде алып, университет атын аспандатып жіберсе, ректордың өзі оған доценттік қызметті бірден береміз деп отыр.
– Оқу орындарының қазіргі жағдайын айтып, бірнеше мақала жазып, оным орынды бағасын да алып еді, – деп қалдым.
– Болар баланы дөп басу қиын-ау! Шіркін, егер одан спорттан алдағы уақытта әлем чемпионы шығатынын алдын ала білетін болсақ, «жөргөгінен-ақ» университеттің түлегі етіп, чемпион болған күні қызмет түгіл, кандидаттық құжатын қолына ұстатар едік.
– Ғылыми кеңес алдыда өтетін конференцияда тақырыбымды күн тәртібіне енгізіпті...
– Еліміздің беделді университеті болған соң, біздерде екі күннің бірінде әртүрлі жиын өтіп тұрады. Соның шырайын шырқ үйіріп, жымдастыра білетін, ең ақыры дастарқан мәзірін мәз етер асаба қат бізде... – деп бұған қалайсың дегендей сынай қарады да, менің сөзімнен мезі болған болуы керек:
– Е, бала, академик ағамыздан келіп отырсың, амал жоқ, жарты штатқа өзіме қызметке алайын. Айналысатын жұмысың – жоғарыда айтқандай, бізге қат майтабан мамандарды табу. Солардың бірін тауып, абыройымызды аспандатқан күні мамандығың бойынша қызметке кірісесің, – деді.
...Амал жоқ, майтабан мамандар табуға бел шешіп кірісіп кеп кеттім.
Берік САДЫР