• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бокс Бүгін, 08:13

Байрақты бәсеке жарты жолдан асты

20 рет
көрсетілді

Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты орта тұсынан ауды. Іріктеу кезеңінде іркілмеген саңлақтар медальға жақындай түсті.

Алдымен қыздарымыздың қарқыны жөнінде. Ұлттық құ­ра­маның бас бапкері Елдос Сай­далин үкілеп қосқан бұрымды боксшыларға да зор сенім артыл­ған. Үш дүркін әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай (48 кг) алғашқы жекпе-жегінде мажарлық Лилла Селецкиді 3-раундта техникалық нокаутпен айқын жеңді. Енді жартылай финалға шығар жолда украин қызы Анна Охотамен айқасады. Анна Украинаның қыздар командасында ширек финалға жеткен жалғыз спортшы. Қалған тоғыз салмақтағы үміт артқан саңлақтары алғашқы айналымнан аса алған жоқ. 51 кг салмақта әлем чемпионы Алуа Балқыбекова ширек финалдық сайыста тайпейлік И-Сюань Гуоны айқын жеңіп, жартылай финалға өтті.

54 салмақта сынға түскен Элина Базарова бірінші жек­пе-жегінде өзбекстандық Ниги­на Уктамоваға есе жіберді. Карина Ибрагимова (57 кг) алдымен грек қызы Панагиота Кузилуды, екінші жекпе-жегінде британдық Элиза Глинді  жеңген еді. Бірақ ширек финалда Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері поляк Юлия Ше­реметадан айласын асыра алмады.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Виктория Графеева (60 кг) өзбек боксшысы Ситора Тұрдыбекованы жеңіп, жартылай финалға шықты. 1-раундта төрешілер тең ұпай жазған, қал­ған екі раундта Виктория қар­қы­нын үдетіп, жеңісті жұлып алды.

Әлем чемпионы Аида Әбікеева (65 кг) бірінші жекпе-жегінде мажар қызы Луиса Хамориді, екінші айқасында кәріс Суёнг Кангты еркін еңсеріп, ширек финалда Токио Олимпиадасының чемпио­ны, Түркия елінің үміті Бусеназ Сүрменелімен қолғап түйістірді. Аида тәжірибелі боксшының беделінен ыққан жоқ, керісінше, түре қуып жүріп ұрып, таза жеңіске жетті. Бусеназ жекпе-жектен кейін біздің боксшының маңдайынан сүйіп, шеберлігіне тәнті екенін аңғартты. Аиданың да еншісінде кемінде қола медаль бар.

70 кг салмақта Наталья Богда­нова да ширек финалдық са­йыста түрік боксшысы Сема Чалышканнан басым түсті. 75 кг салмақта сынға түскен Надежда Ребяцтің Ливерпульге сапары сәтсіз болды. Ол алғашқы айналымда қытайлық Лина Вангке есе жіберді. Гүлсая Ержан (80 кг) да жартылай финалға жетпей тоқтады. Аустралиялық Есета Флинт біздің қыздан басым түсті. Аса ауыр салмақта (80 килодан жоғары) рингке шыққан Елдана Тәліпова жаңазеландиялық Элин  Ли Лоны жеңіп, жартылай финалға шықты.

Қайрат Сәтжанов бастаған бапкерлер құрамы үкілеп қосқан жігіттерге өзбек боксшылары алынбас қамалға айналғандай. Бірнеше саңлағымыз құдайы көршіміздің оғландарынан ұтылды. Жеңіл салмақта (50 кг) сынға түскен әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай алғашқы айналымда иорданиялық Хутайфа Эшишті жеңді.  Жартылай финалға шығу үшін бүгін үндістандық Жадумани Манденгванга қарсы айқасады. Әлем чемпионы Махмұд Сабырхан (55 кг) алдымен косовалық Башким Байокуді нокаутқа түсіріп, ширек финалда жапон Руи Ямагучиді жеңіп, жартылай финалға өтті. Енді поляк Агата Кацмарсканы еңсерсе, алтын медаль үшін айқасқа түседі.

Ересектер арасындағы әлем­дік додаға тұңғыш рет қатысқан Бейбарыс Жексен (60 кг) өзбек боксшысына есе жіберді. Алғаш­қы бәсекеде үндістандық Сачин­ді жеңген ол ширек финалда Өзбекстан мақтанышы әлем чемпионы, Париж Олимпиа­дасының жеңімпазы Абдумалик Халоковтен аса алмады. 65 кг салмақ дәрежесінде Ертуған Зейнуллинов те өзбекстандық саңлақ, Париж Олимпиадасының чемпионы Асадхуджа Муйдин­хужаевқа есе жіберді. 70 кг сал­мақта Төрехан Сабырхан ширек финалда француз Макан Траорені айқын басымдықпен жеңді. Енді ертең жартылай финалда британдық Одел Камараға қарсы айқасқа түседі. 75 кг салмақта Сабыржан Аққалықов украиналық Павел Ильюшадан ұтылды. 80 кг салмақ дәрежесінде Нұрбек Оралбай өзбек Жавохир Умматалиевтен аса алмай, жүл­деден қол үзді.

Әлем чемпионы тәжірибелі боксшы  Бекзат Нұрдәулетов (85 кг) Ливерпуль рингіне бір-ақ рет шықты. Алғашқы айқасында грузин Георгий Кушиташвилиден жеңілді. 90 салмақта Сағындық Тоғамбайды ширек финалда өзбек Тұрарбек Хабибуллаев тоқтатты. 90 кг-дан жоғары салмақта Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Айбек Оралбай хорват Лука Пратльячты жеңді. Ұлттық құраманың капитаны жартылай финалда екі дүркін Олимпиада чемпионы, әлем чемпионаттарында 5 мәрте жеңіске жеткен кубалық Хулио Сезар Ла Крузге қарсы айқасады. 36 жастағы куба­лықты 2019 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының жартылай финалында Бекзад Нұрдәулетов есеңгірете ұтқан еді.